5 қаңтардан бастап «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлттық прокатқа шықты. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына тарту болған кинотуындының тұсаукесері мереке күндері Астана және Алматы қалаларында өтті. Алғашқы көрермендердің бұл фильмнен алған әсері әртүрлі болды. Көрген адамдардың арасында мақтағандар да, сынағандар да табылды. Анық-қанығына жету үшін біз осы кинодастанның түсіру тобында болып, диалогтарын жазған өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙМЕН сұхбаттастық. Өнертанушы кейінгі жылдары үлкен экранға жол тартқан «Аманат», «Анаға апарар жол» сынды фильмдердің жарық көруіне де сүбелі үлесін қосты. Бірақ бұл жолы «Алмас қылыштың» төңірегінде ғана әңгімелесуді жөн көрдік.
– Ерлан аға, «Алмас қылыш» сәтсіздеу болған «Көшпенділер» фильмінің олқы тұстарын толтыратын сияқты. «Алмас қылыштың» ұтымды тұстарын атап өтсеңіз. Көпшілікті ол несімен тартуы мүмкін?
– Әрине, көрерменнің «Алмас қылышты» «Көшпенділер» фильмімен салыстыратыны түсінікті жайт. Екеуі де көшпелілер тарихынан сыр шертеді, яғни тарихи драма жанрына жатады. Алайда, екі фильмнің түсірілу барысы жер мен көктей. Салыстыра айтсақ, «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалды. «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілді. «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер жетпес қаражатты қанағат тұтты. Оның өзі үздік-создық бөлініп тұрды. Әйтсе де режиссер Рүстем Әбдірашев осындай аз қаражатпен бұған дейін түсірілген тарихи фильмдерден ауқымдырақ, сапалы кино түсіре алды деп ойлаймын. Идеялық қуаты, идеологиялық мазмұны жағынан аталған фильм «Көшпенділер» сияқты тарихи фильмдерден көш ілгері. Бұл фильмде осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы көшпелі бабаларымыздың мемлекет құру тарихы ұлттық көзқарас тұрғысынан шынайы таспаланды. «Алмас қылыш» – қазақ көптен күткен фильм.
– Жалпы осы фильм режиссері Рүстем Әбдірашевтің жұмысы туралы не айтасыз? Сіздің ойыңызша ол өзіне жүктелген міндетті алып шыға алды ма?
– Рүстем Әбдіраш – қазақы ортада өскен, әлем һәм көшпелілер тарихын көп оқыған, көп тоқыған білімді азамат. Өмір жолын суретші болып бастаған. Бұл режиссерге аса қажет мамандық. Биылғы жылы Оңтүстік Кореяда, атақты Пусан фестивалінде Азияның 100 үздік режиссерінің есімдері аталып, арнайы кітап болып шықты. Осы беделді тізімге қазақтың төрт режиссерінің есімдері айшықталып жазылды. Олар: Шәкен Айманов, Дәрежан Өмірбаев, Рүстем Әбдірашев және Әділхан Ержанов.
Рүстемнің есімі әлемге танымал режиссерлер Ясудзиро Одзу, Акира Куросава, Хоу Хся-Хсиен, Сатьяджит Рей, Аббас Кияростами сияқты даңқты киногерлермен қатар аталғанына қуандық. Аталмыш тізімге киноиндустриясы дамыған Жапон мемлекетінен – 18, бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытайдан – 11, Индия мен Кореядан – 10, Иран мен Филипиннен – 9 режиссер кірді. Ал біздің туыстас Орта Азия мемлекеттерінен, Қырғызстаннан – 2, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан республикаларынан жалғыз режиссерден ғана аталмыш тізімге ілікті. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – қазақ киносына берілген үлкен баға.
Рүстем «Алмас қылыш» фильміне тұлға ретінде толысқан, режиссер ретінде пісіп жетілген дер шағында келді. Сосын Рүстемнің бойында режиссерге керекті табандылық, қажырлы қайрат мол. Ел алдындағы, көрермен алдындағы жауапкершілікті терең сезіне біледі. Нар тәуекелдің адамы. Фильмді түсіру кезінде адам айтқысыз қиындықтарға кезіктік.
Мәселен, түсірілімді 2015 жылдың шілде айында бастауымыз керек еді. Министрлік уәделі қаржыны көп кешіктіріп, тек қырқүйек айында ғана бере алды. Түсірілім жұмыстары Алатаудың 1800 – 2000 метрлік биік белдеуінде жүргізілді. Суық түсіп кетті, артынан қылышын сүйретіп қыс келді. Еріксіз етекке түстік. Осы қара суықта ақпан айына дейін далада бүрсеңдеп жүріп кино түсірдік. Фильмді көрген кезде байқаған боларсыз, салқар көш даланы дүбірлетіп кетіп барады, ал адамдардың үстінде жаздық киім, мұздай құрсанған сауытты әскер. Темір сауыт адамның денесін қарып жібереді ғой. Фильм – осындай экстремалды жағдайда түсірілді. Мұндай сәттерде Рүстем идеолог бола білді, түсірілім тобына жігер беріп, демеп қайрап отырды.
Әрине, түсірілім тобына, киногер қауымға мың алғыс. Қиындықтарға шыдас берді, қажымай төзді, бұл орайда бәрімізге Қазақ мемлекетінің іргесін қалаған данышпан хандарымыз бен сайыпқыран ерлеріміздің елдік мұрат жолындағы қиян-кескі күресін жас ұрпаққа паш етіп жатырмыз деген биік жауапкершілік, патриоттық сезім дем берді деп ойлаймын.
– Осының алдында тарихымызды әлемге танытады деген «Көшпенділердің» сәтсіздікке ұрынуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Өз басым «Көшпенділер» фильмін мансұқтаудан аулақпын. Оның көрермен көңілінен шықпай қалуының екі-үш қана себебі болды. Біріншіден, фильмді бірнеше режиссер түсірді, оларда бірауыздылық, ортақ мәміле, берік концепция болмады. Аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартқан жағдай орын алды. Масқара болғанда, фильмнің Америкадан аттай қалап алдырылған бас режиссері түсірілім алаңын тастап, еліне кетіп қалды. Сол кезде «Қазақфильмде» шетелдік мамандармен юрисдикциялық құжат жасай алатын білікті мамандар да болмаған сияқты. Келісімшарттағы олқылықты сезіп қалған америкалық ақшасын алып алған да, түсірілім алаңынан тайып тұрған.
Екінші кеткен бір ағаттық – кинодағы басты рөлдерді сомдауға тағы да сол америкалық актерлардың шақырылуы. Бұл – өрескел қателік болды. Абылайдай кемеңгер ханымызды қандай жағдай болғанда да ұлттық актеріміз сомдау керек еді. Осы факторлар көрерменнің наразылығын тудыруға себеп болды.
Десек те, «Көшпенділер» фильмінің жақсы жақтарын айтқан жөн. Біз тек сынауға, мінеуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Сын – әділ, кәсіби болуы керек. Мәселен, «Көшпенділермен» бірге қазақ киносына америкалық жүйе келді. Бұл – әлемдегі ең озық, ең жетілген жүйенің бірі. Қазір қазақ киносында бірнеше департамент жұмыс істейді. Әр департаменттің басшылары өз ісінің маманы болып алған. Қай жағынан болсын ұтымды. Сосын «Көшпенділермен» бірге қазақ киносына озық технология келді. Ол кезде ішімізде бұл технологияны меңгерген мамандар жоқтың қасы болатын. Фильм түсіріліп біткеннен кейін бұл техниканың бәрі «Қазақфильмде» қалды. Осының негізінде жаңа технологияның сырын білетін, оны тәуір меңгерген жас мамандар өсіп шықты.
Ал «Алмас қылыш» фильмінде жоғарыда аталған келеңсіздіктер орын алған жоқ. Фильмді ұлттық режиссер түсірді, ұлттық мамандар жұмыс істеді, өзіміздің актерлер ойнады. Тек бұл жолы қаржы жағы ғана қолбайлау болды. Еркін көсілуімізге мүмкіндік бермеді, адымымызды аштырмады.
Әрине, кинода қаржысыз еш мәселе шешілмейді. Барлығы да сол қаржыға келіп тіреледі. Бірде түсірілім алаңында жұмыс жүрмей торыққанда «Көшпенділерге» бөлінген 40 миллион долларды «Алмас қылышқа» бергенде ғой деп Рүстем екеуміздің армандағанымыз бар…
– Фильм сценарийінің авторлары Есенберлиннің романынан қаншалықты ауытқыды, жалпы олар жаңалық енгізе алды ма?
– Фильмнің сценарийін Тимур Жақсылықов пен Смағұл Елубай ағамыз және Рүстем Әдірашевтің өзі жазды. Кино драматургиясының өз заңдары бар. Ол өзіне бағындырмай қоймайды. Осы тұрғыда ауытқушылық болды.
Дегенмен аталмыш роман фильмге лейтмотив етіп алынды. Романдағы тарихи тұлғалар, үлкен оқиғалар түгелдей дерлік кино тіліне айналдырылды. Тіпті, мен кейбір диологтарды романнан сөзбе-сөз алуға тырыстым. Кейін одан бас тарттым. Өйткені, кітаби тілді киноға толық қолдана алмайсың. Бұл жерде сценаристер тек қана Ілияс Есенберлиннің деректеріне сүйеніп қойған жоқ, белгілі, беделді тарихшылардың жазған еңбектеріне де сүйенді.
Рүстем Әбдірашевтің алдында бұл кітаптар тау-тау болып үйіліп жатты. Оның ішінде Ақсақ Темірдің ғұмырнамалық кітабына дейін болды. Менің өзім Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Захир ад-дин Бабырдың «Бабыр-нама» тағы да басқа атақты тарихи еңбектерге жүгініп отырдым.
– Өзіңіз айтқан еңбектерден қандай деректерді пайдаландыңыздар? Енді фильмдегі тарихи шындық мәселесіне келсек…
– Негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, ол заман оқиғалары мен сырларын бір кісідей білемін. Бірақ, тарихи дәлдік үшін бәрін қайта қарауға тура келді. Мәселен, Моғолстан, оның билеушісі Есенбұға хан туралы деректерді сол заманның куәгері Мұхамед Хайдар Дулатидің еңбегінен алдық. Этникалық құрамы әркелкі Моғолстан мемлекетін Шағатай тұқымынан шыққан хандар билеген. Олар дулат әмірлерінің ықпалында болған. Ал, дулаттар – қазіргі қазақтар. Моғолстанның көп халқын қазіргі қазақ рулары құраған.
Күнгей жағын қырғыздар мекендеген, қалаларында отырықшы тараншылар көп болған, сарайларында кәнизәк күңдер ұсталған. Режиссер бұл кәнизәктарды билету арқылы – Моғолстан заманындағы хан сарайының атмосферасын беруге тырысты. Моғолдар ісләм дінін қатты ұстанған. Сәлдесі жоқтардың бірден басы шабылатын болған. Осы себепті біздің костюм суретшілері моғолдарға көкшіл сәлде кигізді. Бір қызығы, дін күшейіп тұрған шағында Моғолстан халқы ішкілікке салынады, хандары тіпті ішкіш болып, ішінде арақтан өлгендері болады.
Керей мен Жәнібек бастаған қазақтар жер сұрап келгенде Есенбұғаның халы мүшкіл еді. Мәуеренаһрдағы Ақсақ Темір тұқымдары Есенбұғаның ағасы Жүніске Моғолстанның тағын алып беруге әрекеттеніп жатқан болатын. Шығысында ойраттардың шабуылы күшейген сәт. Қырғыздар да бағынбай бара жатқан. Осы қысылтаяңда қазақтар келіп жер сұрайды. Есенбұғаның бермеске амалы қалмаған еді. Фильмді көрген біреулер қазақтар өзбектерден қорлық көріп бөлініпті деген сөз таратып жүрген көрінеді. Бұл – үстірт пікір. Ол кездегі өзбектердің бұл өзбектерге еш қатысы жоқ, олар көшпелі өзбектер, яғни біздің ата-бабаларымыз – қазақтар.
Түсінікті болуы үшін әуелі өзбек атауының қайдан шыққанына келейік. 1313 – 1342 жылдары Алтын Орданы Өзбек есімді хан билеген. Өзбек – ислам дінін алғаш қабылдаған Алтын Орданың алғашқы хандарының бірі. Өзбек хан билігінен бастап, Дешті Қыпшақ жұрты өзбек атала бастаған, қыпшақ-өзбек боп жүрген кездері де болған. 1428 жылы Әбілқайыр Шайбани билікке келгеннен кейін бұл көшпелі өзбектер мемлекеті, тарихи әдебиеттерде Әбілқайыр хандығы немесе Өзбек ұлысы аталды. Ақ Орда ұлысының орнында орнаған көшпелі өзбектер мемлекеті батысында Жайық өзенімен шектесті, оңтүстігі Арал теңізі мен Сырдың төменгі ағысына дейін, солтүстігі Тобыл мен Ертіс өзендерінің орта ағысына дейін созылып жатты. Хандықтың астанасы Сібірдің Төмен жазығындағы Тұра қаласы болды. Кейінірек Сығанақ шаһарына көшірілді. Әбілқайыр ханның «сартқа» яғни бүгінгі өзбекке қайырылуы осы кезден басталады. Өйткені қол астындағы көшпелі өзбектер біртіндеп, 1460 жылдардан бастап, Керей мен Жәнібек сұлтандарға еріп, Моғолстанға қазақ шығып кете бастайды. Бұл үрдіс бірнеше жылдарға созылады. Ақырында көшпелі өзбектер – қазақтардан айырылып халықсыз қалған Әбілқайыр қарамағындағы қалған-құтқан көшпелі өзбектерді Әмір Темір тұқымдарының ұлысы – Мәуеренаһрды жаулап алған соң, сол ұлыстың отырықшы сарт, соғды, тәжіктерімен араластырып Шайбани мемлекетінің негізін салады. Кейін бұл ұлыс Бұқар хандығына айналады.
Бұқар хандығы негізінде Қоқан, Хиуа, Хорезм хандықтарын біріктірген Совет үкіметі 1920 жылы оған Өзбекстан республикасы деген атау берді. Ал Әбілқайыр билеген Көшпелі өзбектер мемлекеті 1469 жылы Әбілқайыр өлген соң, Қазақ хандығының құрамына қосылды. Сондықтан бұл жерде «өзбектерден қорлық көру» деген мәселе атымен жоқ. Мәселе көшпелі өзбектерді әділ билей алмаған, сөйтіп қол астындағы халықтан айырылып қалған Әбілқайыр Шайбанида. Ол Ақ Орда билеушісі Барақ ханды өлтіртіп, тағын тартып алған адам. Билікке келген соң, Жошының Орда Еженнен тарайтын тұқымдарына күн көрсетпеген. Өйткені Әбілқайыр Жошыдан тарайтын Шайбан тұқымы, ал Барақ хан, оның ұлы Жәнібек сұлтан, Болат сұлтанның ұлы Керей сұлтан – барлығы Жошының үлкен ұлы Орда Ежен тұқымдары, Ақ Орданың заңды мұрагерлері. Тақ үшін күресте бұлар Ақ Орданы құлатқан Әбілқайырға ата жау.
Ақ Орда тағын заңсыз иеленген Әбілқайыр өз заманының озбыр билеушісі болған адам. Әбілқайыр заманында соғыс көп болып, халық жаугершіліктен қажыған. Осындай аласапыранда Әбілқайырдың айдап салуымен қарақыпшақ Қобыландының арғын Ақжол биді өлтіру жағдайды одан әрмен ушықтырып жібереді. Сөйтіп, бұл оқиға көшпелі өзбектердің қазақ шығып, Әбілқайырдан бөлініп кетуімен аяқталады. Ол заманда ұлыс құрамынан шығып, орданы, ханды тастап, еркіндікке кетіп қалуды «қазақ шығып кету» деп атаған. Көшпелі өзбектер де Әбілқайыр ханмен ат кекілін кесісіп, Моғолстанға қазақ шығып кетеді. Осы оқиғаны «Ақ Орда» ұлысын қайта жаңғыртуға тырысып жүрген Керей мен Жәнібек сұлтандар ұтымды пайдаланады. Сөйтіп Шу бойына келіп, Қазақ хандығының шаңырағын көтереді. Былай қарасаңыз, барлығы қазақтың тарихы, мемлекет құру, ұлт болу жолындағы жанкешті күрес тарихы. Сол кездің оқиғаларына бажайлап қарасақ, Әбілқайырдың қол астындағы халықтың дені қазақтар, Моғолстанды жайлайтын елдің де көбі қазақтың ру тайпалары, Керей мен Жәнібектің соңына ерген ел де – қазақтар. Тек әр ұлыстың құрамында тарыдай шашырап, ұлт болып ұйыса алмай жүрген шағы. Бұған Ноғайлыдан ірге айырған ру-тайпаларды қосыңыз. Барлығының бір-ақ мұраты бар, ол – көшпелілік дәстүрмен халық сайлаған қамқор ханы бар еркін ел болу. Осы мұратты арман бір арнаға тоғыса келе, Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне негіз болады. Бұрынғы «қазақ шығып кету» – енді киіз туырлықты алаш ұранды көшпелі жұрттың ортақ атауына айналып, нәтижесінде қазақ ұлты, қазақ мемлекеті тарих сахнасына шығады.
Кейін Моғолстан да күйреді, Көк Орда да құлады. Ноғайлы заманы да тарих сахнасынан кетті. Олардың қарға тамырлы халқы, тілі бір, діні бір, арман-мүддесі ортақ жұрты Қазақ хандығына қосылды. Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасындағы көшпелілердің алтын бесігі қазақ халқына мәңгілікке мирас болып қалды. Фильмде осы оқиғалар кино тілімен баяндалды. Әрине, кей жерлерде көркем шындыққа кезек бердік. Онсыз кино болмайды. Бірақ, тарихи шындықтар, хронологиялар сақталып отырды. Өйткені жас ұрпақты қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалаған ата-баба тарихынан адастырғымыз келмеді.
ТЫҢ АКТЕРЛЕРГЕ ТАҢДАУ ЖАСАЛДЫ
– «Алмас қылыш» фильміне көбінесе театр актерлері тартылған сияқты. Жалпы «Қазақ елі» сериалының түсірілімі басталғанда кастинг жарияланып, қарапайым жұрт арасынан шыққандар да фильмге түсіпті. Актерлік құрам туралы не айтасыз?
– «Алмас қылышпен» бірге қазақ киносына жаңа актерлер легі келгендей. Режиссер Рүстем Әбдірашев басты рөлдерді сомдау үшін бұрын қазақ киносында көріне қоймаған тың актерлерге таңдау жасады. Атап айтсақ, басты рөл – Керей ханды сомдаған Қайрат Кемалов, Қасым сұлтан – Мейірғат Амангелдин, Шаһмұхамед – Ниязбек Шайсұлтанов, Жаһанбике – Мәдина Есманова, Зеңгі – Әшім Ахметов, тағы басқалар.
Меніңше, аталған актерлер өз рөлдерін тамаша алып шықты. Керей (Қайрат Кемалов) – өмір көрген, тәжірибелі, халықшыл сұлтан. Жаугершілікте қайтпас ер, мосқал тартқан жасына қарамастан қан майданда жауына жаннан кешіп қылыш сермейді. Билік үшін күресте – әбжіл дипломат, әр сөзін алыстан орағытып, шақтап сөйлейді. Үстірттікке салынбайды. Мұны біз Әбілқайыр ханмен сөз ырғасқанда байқаймыз. Бірақ, керек кезінде айтар ойын салмақтап, батыл айтып салады. Мұнысы – Моғолстан ханы Есенбұғаға талап қойғанда анық көрінеді. Жүзінде Шайбан тұқымдарының тізесі батқаннан қалған ауыр өмірдің ізі, биліктен қағажу көргендік табы бар.
Ал Жәнібек керісінше, албырт, қызу қанды, хан алдында да, қара алдында да айтар сөзін ірікпей айтып салатын тәуекелшіл жас сұлтан. Осы орайда Қайрат Кемалов пен Еркебұлан Дайыровтың (Жәнібек сұлтан) тандемі сәтті шықты деп ойлаймын. Екеуі де ел қамын жеген арманы биік ерлер, билік үшін күресте халық күшіне сүйенеді. Әрине, тақ үшін тартыста не болмайды дейсіз. Әсіресе, киноөнерінде – аярлық, қатыгездік, сатқындық, екіжүзділік, бетсіздік – бәрі әсіреленіп көрсетіледі. Бірақ, біз тұңғыш хандарымызға мұндай жамандықтар таңудан, арсыздықтар арқалатудан сақтандық.
Мәшһүр Жүсіптің «Бұрынғының бәрі әулие болған» деген тамаша сөзі бар. Біз де баһадүр хандарымызға осы тұрғыдан келдік. Алғашқы хандарымызды аталған қасиетсіздіктерден ада, мемлекетшіл, халықшыл, кемеңгер тұлғалар ретінде көрсетуге тырыстық. Жас ұрпаққа, келешек ел басшыларына үлгі болсын дедік.
Заманымыздың тамаша актері Досхан Жолжақсынов та бұл жолы өз биігінен көрінді. Нағыз ханға тән кесек мінездер көрсете алды. Қобыланды батырмен сахнасын есіңізге алыңыз. Әбілқайыр Шайбани – (Досхан Жолжақсынов) өз заманының ұлы патшасы. Бірақ «Арыстан қартайса тышқаншы болады…» Қартайып, қолынан күш кете бастағанда ол билікті уысынан шығармау үшін бәріне барады. Бірақ қанша зұлым болса да патшаның бойынан кеңдік, мәрттік, бекзаттық, жомарттық сияқты қасиеттер жоғалмақ емес. Ерте заман патшалары осылай болған. Міне, осындай сан қилы күрделі мінез иесі, тұлғасы қайшылыққа толы билеушіні Досхан Жолжақсынов сәтті сомдай білді. Оның үміт артқан немересі Шаһмұхамед – (Нияз Шайсұлтанов) өзінің сүйікті атасына ұқсағысы келеді. «Бесіктен белі шықпай жатып» қанға құмартады. Айналасына өлім уын себемін деп жәнігеді. Кейін өзі хан болғанда, ол бұл арманына жетеді. Шаһмұхамедтің тұсында қан көп төгілген еді.
– Осы жерде бір сұрақ, сыншылар Әбілқайыр Шайбаншаһ пен Шаһмұхамедтің аузынан «Төреде бауыр болмайды» деген сөз жиі қайталанады деп жатыр. Бұған не дейсіз?
– Жиі шықса несі бар! Бұл – Шайбан әулетінің девизі. Билік үшін күресте туғанын аямаған атасы бұл сөзді болашақ тақ иесі – сүйікті немересіне өсиет ретінде бір мәрте айтады. Немересі Шаһмұхамед атасының аманат сөзін екі эпизодта қайталайды. Фильмнің өн бойында бұл сөзді небәрі үш рет қана естиміз. Ұран сөз үшін бұл көп емес.
«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ» ЖАЛҒАСЫ ТҮСІРІЛЕДІ
– Ал, енді өзіңізге келсек, аталмыш фильмнің диалогтарын жазыпсыз. Сізге жеке рөл де берілген екен, осы жөнінде айтсаңыз.
– Мүмкін сіз «Құнанбай» фильмімен шатастырып отырған шығарсыз. «Құнанбайда» Жанақ ақынның бейнесін сомдадым. Ал бұл фильмде маған шағын ғана рөл берілді. Фильм сценарийінде Қазтуғанмен сөз қағыстыратын жауынгер ақынның рөлі бар. Тіпті екеуінің «айтысын» қағазға түсіріп те қойған едім. Алайда қаражаттың түгесілуіне байланысты бұл эпизод келесі маусымға қалды.
Келесі маусым демекші, Алла жазса, «Қазақ елінің» жалғасын түсіреміз. Алғашқыда Рүстем Әбдірашев фильмнің 20 сериясын бірден түсіргісі келді. Қаржы жетпеуіне байланысты қалған 10 сериясы кейінгіге қалдырылды. Әйтсе де, ол он серияның біразы түсіріліп үлгерілді. Қазір ол қоржынымызда жатыр. Тиісті қаражат бөлініп, қосымша түсірілімге екі айдай уақыт берсе, бұл мәселе оңынан шешіледі деп ойлаймын. Сонда бұл толық аяқталған 20 сериялы тарихи сериал болмақ. Үкіметіміз, жанашыр ел ағалары «Қазақ хандығы» жобасын аяғына дейін қолдайды деп үміттенемін.
Фильмнің диалогтарына келетін болсақ, мен бұл қызметке «Қазақфильм» басшылығының ұйғаруымен тағайындалдым. Рүстем Әбдірашевке мені атақты режиссер, қазіргі қазақ киногерлерінің ағасы Сатыбалды Нарымбетов ұсынды. Сатыбалды ағаның қолқа салуымен мен ол кісіге «Аманат» фильмінің қазақша нұсқасын жасап берген едім. Аға бұл еңбегіме дән риза болған еді.
Мұның алдында ғана көрермен жылы қабылдаған режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінің де қазақша нұсқасын жасаған болатынмын. Өйткені, аталмыш фильмнің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов орыс тілді азамат. «Анаға апарар жолды» осылайша қазақы ұғымға жақындатуға тырыстық. Кейін Рүстем Әбдірашев та «Алмас қылыштың» диалогтарын жазыңыз дегенде бірден келістім. Әрине, ілкідегі қазақтың бай тілін киноға қолдану оңай болған жоқ.
Жалпы, киногерлер арасында киноның тілі қарапайым, көрерменге түсінікті болуы керек деген қасаң түсінік бар. Егер бұл қазіргі заманғы кино болса, құба-құп. Кейбір режиссерлер, тіпті, орыс тілді қазақтар түсінетін деңгейде болуы керек деп шыр-пыры шығады. Өйтіп тілімізді кино өнеріне құрбандыққа шалуға болмайды. Әсіресе тарихи фильмдерде қазақтың бай тілі қолданылуы қажет, ескі сөз саптау қалпы сақталу керек. Әйтпесе, фильмде дәуір атмосферасы болмайды. Сондықтан аталмыш фильмде хандарды ханша, батырларды батырша сөйлетуге тырыстым. Режиссер мұныма қарсы болған жоқ, қайта қолдап, қуаттап отырды. Дегенмен киноның өз тілі бар. Оны да ескердім. Кинонұсқасында сөздің аз болуы ескерілді. Ал сериал нұсқасында айшықты, астарлы сөзге, толғаулы диалогтарға ерік бердік. Өйткені сериалдың табиғаты солай. Көрерменге бәрін түсінікті етіп, жайып тастауың керек. Арасына астарлап болса да, осы заманның да көкейкесті мәселелерін сыналап кіргізіп отырдым. Зейін салып көрген адам түсінеді деп ойлаймын… Өз басым семіз айтып, арық шығудан аулақпын. Бағасын патша көңілді көрермен берсін.
ЖАЛҒАН НАМЫСҚА ТІЗГІН БЕРМЕУ КЕРЕК
– Енді әлеуметтік желілерде айтылып жатқан аз-кем сындарға келсек. Әбілқайыр Шайбаниді тұқым-тұяғымен өзбекше киіндірген, ал Моғолстан Ұйғырстан сияқты әсер қалдырады деген пікірлер айтылды…
– Мен бұл жерде фильмнің диалогтарын жазушымын. Мәселе диалогтарға тірелсе, кез-келген сауалға жауабым дайын. Жалпы фильмге – режиссердің, сценарий авторларының, суретшілердің, операторлардың атынан жауап беру – менің құзырыма жатпайды. Әйтсе де фильмнің редакторы ретінде идеологиялық жағына жауапты адам болғандықтан жеке пікірімді білдірейін.
Алдымен костюм мәселесін айтайын. Фильмдегі костюмдер қалай болса солай тігіле салған жоқ. Дайындық кезеңінде фильм суретшілері сол заманның осы дәуірге жеткен қаншама гравюра, миниатюраларын ыждаһаттылықпен зерттеп, зерделеді. Көптеген ғылыми еңбектерді, сол заманда хатқа түскен жазбаларды ақтарды. Вексиллология, геральдика мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Шайбанилерді тегіс өзбекше киіндіріпті дегенге келісу қиын. Фильмді көрсеңіз, Әбілқайыр хан сарайдың ішінде киіз үй тігіп отырады. Бұл оның көшпелі жұрттың өкілі екендігінің белгісі. Әбілқайыр отырықшы болғысы келеді, сәулетті шаһардың төрінде, еңселі патша сарайында, алтын тақта отырып, шығыстың тәкаппар патшаларындай елді салтанатпен билеймін дейді. Бірақ патша сарайына қазақтың киіз үйін тіктіртіп қоюы – қырдың еркін өмірін көксейтінін аңғартқандай… Ол үнемі басына сәлде орап жүрмейді. Кейде кәдімгі хандар киген төре қалпақ та киеді.
Ауырып жатқан Аққозының үстіндегі де қазақ әйелінің киімі. Сәлде мәселесі туралы берер сөз айтсам, сол заманда Орта Азияда, жалпы Тұран даласында Ислам діні қатты күшейді. Билеушілер де, қара халық та басына сәлде орайтын болды. Моғолстанда сәлде байламағандардың өлім жазасына кесілгенін жоғарыда айттым. Тіпті, мына түрік патшалары да басына сәлде байлады. Атақты «Сүлеймен сұлтанның» миниатюрасын көріңіз, басына дағарадай сәлде орап алған. Сәлде кию – климаты қатал Ұлы Далаға ғана таралмады. Бұған қазақтардың әу бастан діни фанатизмге жоқ халық екенін қосыңыз.
Тарихи фильмдерде алдыңғы орынға костюм мен қару-жарақ шығады. Егер тарихи фильмнің костюмі мен қару-жарағы заманына сай келмесе, бұл – фальш. Костюмнің екінші жағы бар, костюм – көрермендерге фильмдегі қарсылас лагерлерді ажырату үшін де керек. Бір сәт бала кезімізде көп көрген соғыс киноларын еске алыңыз. «Көктемнің он жеті сәті» фильміндегі немістердің үстеріне құйып қойғандай жарасатын әскери формасына тәнті болып қараушы едік қой. Тарихи фильмдерде костюмдер үлкен рөл атқарады. Бейнелеп айтсақ, олар да бір-бірімен «соғысады». Фильмге ғажайып көрік, атмосфера береді. Егер барлық актерлерді жалаң патриотизмге салынып, қазақша киіндіріп қойсақ не болар еді?
Ертең «Алмас қылыш» шетелге шығарылады деп күтілуде. Егер барлығына біркелкі, бір түсті қазақтың ұлттық киімін кигізіп қойсақ, мыналардың қайсы «ақ» қайсы «қызыл» деп шетелдіктер түгілі өз көрерменіміздің басы қатпай ма және біреуді біреу айырып болмайтын ондай қойыртпақ фильмді кім көреді? Бұл кино түсіру «салтына» да қайшы болар еді.
Осындайда еріксіз айтуға тура келеді: біз бүгінгі қазақ пен тәуелсіз Қазақстанды осы қалпында қазіргі Қазақстан территориясында оп-оңай ғайыптан пайда бола салғандай көреміз. Жоқ, олай емес. Қазақ – ежелден мың өліп, мың тірілген халық. Тіпті жер бетінен жоғалып, өшіп кете жаздаған замандар болған. Тек бабаларыздың жанкешті ерлігінің арқасында ғана аман қалған. Мәселен, Мұхамед Хайдар Дулати «Қасым хан Қыпшақ даласын түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты, Жошы ханнан кейін ешкім ондай билікке қол жеткізген емес. Әскерінің саны мың мыңнан (миллион) асатын еді» – деп жазады.
1518 жылы Қасым хан өледі. Арада 20 жыл өткенде тағы да сол Дулати: «Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне, төртінші жыл болып барады, ешбір жерде із қалмапты. 1524 жылы қазақ саны миллион болатын. 1537 жылы сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» – деп жазады өкінішпен. Тарих бос мақтанды сүймейді. Тарихта ұлттық мақтаныш сезімін тудыратын шындық та көп, ұлт жанына ауыр тиетін ақиқат та мол. Біріншісіне – мақтанып мастанбаған абзал, екіншісінде –жалған намысқа тізгін бермеу керек. Ұлы философ Шопенгауэрдің «Мақтаныштың ең жаманы – ұлттық мақтаныш» дегені бар. Абай айтқан «құр мақтан» ұлтты өсірмейді. Сондықтан «бізде бәрі керемет болған, әлі де кереметпіз» деген иллюзиядан арылу керек. Енді Моғолстанды «Ұйғырстан» қылып жіберіпті дегенге келейік. Ол заманда Ұйғырстан деген мемлекет атымен жоқ. VIII ғасырда дүниеге келген Ұйғыр қағандығы IX ғасырда ыдырап кеткендігі тарихтан белгілі. Беделді ғалымдардың пайымдауынша, сол ұйғырлардан аман қалған ондаған мың ұйғыр қазір Қытайдың Ганьсу провинциясында Суньан ауданында «сарыұйғыр» деген атаумен қалт-құлт тіршілік етіп жатыр. Кешегі IX ғасырда жойылған Ұйғыр қағандығының ұйғырлары міне, осы – сарыұйғырлар.
Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Моғолстан ханы Сайдтың Қытай мен Хотан арасын мекендейтін «кәпір ұйғырларға» қарсы «Алланың ризашылығы үшін» ғазауат жорығын жасағанын баяндайды. Алайда қалың әскер із суытып үлгерген ұйғырларды таба алмай, екі ай бойы босқа сандалып, арып-ашып олжасыз қайтады. Егер Моғолстанды ұйғыр жайлап отырса, «ғазауатшы хан» Моғолстанды мекендейтін ұйғырларды қыра берер еді ғой. Сол заманның тарихшыларының да, осы дәуір ғалымдарының еңбектерінде де Моғолстанды ұйғырлар мекендейді деген дерек кездеспейді. Барлығы бір ауыздан: Моғолстанды дулат, қаңлы, керейіт, барын, барлас, арлат, қырғыз, тараншы қауымы және түркіленген монғол тайпаларының мекендегенін айтады. Тараншы қауымы деген осы күнгі ұйғыр этнонимін иеленген халықтың атауы. Тараншылар жиырмасыншы ғасырға дейін өздері мекендеген шаһарлардың атауына байланысты «хотандық», «қашғарлық», «тұрфандық» сарттар деп аталды. «Ұйғыр» этнонимі тек XX ғасырда жаңғырды. «Ұйғыр» атауын 1930 жылдары сарттарға таңып берген Шыңжан өлкесінің билеушісі болған Шың-Шы-Сай екенін айтуға тиіспіз. Бұған дейін тараншы қауымының «ұйғыр» аталатындығы туралы бір ауыз дерек жоқ. Меніңше мұндай әңгімелерді тарихтан хабары жоқ адамдар немесе түсірілген фильмнен мін табу үшін тырнақ астынан кір іздейтіндер шығаратын сияқты.
ҚАЛТАЛЫЛАР БІР ТИЫН БЕРУГЕ ЖАРАМАДЫ
– Әлеуметтік желіде дала жолдары көрініп қалған деп жазылды…
– Жолдар көрінсе несі бар? Ол қазіргі асфальт жолдар немесе грейдерлер емес қой. Кәдімгі қара жолдар. Ол заманда Ұлы далада сауда керуендері жүретін күре жолдар болған. Ерте заман тарихшылары ірі шаһарлардан шығатын сансыз жолдардың шартарапқа тарап жататынын әсерлі етіп жазып қалдырған. Мәселен, Римде 35 мың халық тұрған уақытта Тұран жерінде жүз мыңнан бес жүз мыңға дейін тұрғыны бар ірі қалалар болған. Сонда олардың сан мың халқы жолмен жүрмегенде әуемен ұша ма?
Қазақ хандығы заманында да мыңдаған арбалы көшті көрген жиһанкездердің жазбалары бар. Еуропа жиһанкездері көшпелі сақтардың үстінде киіз үйлер тігілген алып арбалармен көшетінін жазып қалдырған. Бір арбаның өзіне 32 өгізден жегіледі, бір көште мұндай жүздеген арба болады деп баян қылады жатжұрттық жиһанкездер. Әдетте, мұндай қалың арбаның соңынан сайраған жол қалып отырған. Егер тұтқиылдан жау тиген жағдайда көшпелілер мал жанын ортаға алып, әлгі арбалармен айналдыра қоршап тастап, кез келген жаумен соғыса беретін болған. Арбалармен қоршалған мұндай қорған қабырғасы берік қамалдан кем болмаған. Соғысудың мұндай тәсілі «Алмас қылыш» фильмінің бір эпизодында көрініс тапқан.
– Әлеуметтік желі қолданушылары «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесерінде режиссер Рүстем Әбдірашевтің аузынан шықты деген «Фильмге жүз миллион доллар бөлінді» деген ақпаратты сөз етті. Бұл жақсы фильм түсіруге жетерліктей мол қаржы емес пе?
Жоға! Сұхбатымыздың басында айттым ғой, үш миллион долларға жетер жетпес қаржы бөлінді деп. Егер жүз миллион долларымыз болса, Голливуд деңгейіне шығып кетпейміз бе? Рүстемнің айтқаны «Базис-А» корпорациясының демеушілігі жайлы ғой.
Фильмді аяқтау жұмыстары тығырыққа тірелген кезде бізге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көмекке келді. Бауыржан мырзаның қолдауымен «Базис-А» корпорациясы доллар емес, жүз миллион теңге көлемінде демеушілік қылды.
Жалпы, «Қазақ хандығы – Алмас қылыш» жобасына қазақтың екі азаматы өлшеусіз көмек көрсетті. Бірі – қазіргі Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. Осы екі тұлғаның көмегі болмаса, «Алмас қылыш» жарыққа шықпай қалуы да мүмкін еді. Бұл азаматтарға түсірушілер тобының атынан алғыс айтамын. Абыройлары биіктей берсін!
Осы фильмді түсіру барысында қазақта ұлттық буржуазияның жоқтығына көзіміз жетті. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, өткен жылы түсірілім жұмыстары тоқтауға айналғанда «Қазақ елі» крауфандинг платформасын құрып, жан-жақтан көмек сұрадық, қазақша айтқанда жылу жинадық. Сенесіз бе, сонда қазақтың бірде-бір қалталысы, олигархы бір тиын беруге жарамады. Тек ресейлік «Freedom finance» компаниясынның басшысы Тимур Турлов деген азамат қана көмек қолын созды. Халыққа рақмет, екі жүздей адам қолдап, бір миллион теңгедей қаржы жинап берді. Бұл шамамен бір актердің қаламақысы.
– Жалпы жақсы фильм түсіруге шамамен алғанда қанша қаржы кетеді?
– Жазармандар бізді ақшаға бөлеп қойғандай сөйлейді. Мен сізге айтайын, өткен жылдары ағылшындар «Марко Поло» атты 10 сериялы тарихи сериалды 150 миллион долларға түсірді. Демек, әр сериясына жұмсалған қаржы – 15 миллион доллар! Біздің 10 серия небәрі 3 миллион долларға түсірілді. Салыстыра беріңіз енді. Біреулер осы азғантай ақшаның өзін көпсініп, қайда жіберді деп жатыр.
Қарапайым есебін шығарар болсам, бұл жоба сценарий жазылып жатқан дайындық кезеңін есептегенде екі жылға созылды. Фильмге алты жүздей адам қатысты. Түсірілімнің өзі бес ай жүрді. Енді осы бес айға жаңағы 600 адамның үш мезгіл тамағын, қонақ үйін, жалақысын, іссапар шығынын қосыңыз. Актерлер, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылды. Олардың ұшып келу, ұшып кету шығындары, қаламақылары бар. Түсірілім жұмыстарына қаншама техникалық қондырғылар (камералар, жарық беру құралдары, әуе түсірілімдері, жылжымалы түсіру қондырғылары, дыбыс жазу аппараттары, компьютерлік графика т.б.) тартылды. Құрылыс бригадалары хан сарайларын салды, Түркістан қамалын қалпына келтірді. Құрылысшыларды былай қойғанда, қаншама құрылыс материалдары жұмсалды. Бір шеті Қырғызстаннан бір шеті Жамбыл облысынан жүздеген киіз үйлер жалға алынды. Бұған әр жерге апарып үй тігу машақатын қосыңыз. Адам мен техниканы алып жүретін 60-қа жуық түрлі автокөліктер, олардың жанар-жағар майын есептеңіз. Әр көлік күніне орта есеппен 200 км жол жүреді.
«Тірі реквизит» деген болады. Арыстаннан бастап, ат, түйе, сиыр, қой, түлкі, қырғауыл, үйрек, тауыс, қыран құстар, тазы, төбетке дейін жалға алдық. Хан, сұлтандарды, батырларды жарбитып жаман атқа мінгізіп қоя алмайсың. Аттардың дені асылтұқымды жылқылар, жалдау құны да аспандап тұр. Осы аттарды актерлеріміз бірнеше айлап мініп жүрді. Сосын шетелдерде қаншама қымбат костюмдер тігілді. Қайқы қылыштар, найзалар, қалқандар, темір сауыттар соғылды. Мыңдаған жебелер әзірленді. Нағыз соғыс садақтары Венгриядан алдырылды. Осының бәріне 3 миллион доллар не болады? Ал жұрттың бәрі тамашалап көрген түріктің «Таңғажайып Сүлеймен патша» сериалының тек костюмі мен әшекей сән-салтанатының өзіне бес миллион доллар жұмсалған екен. Сондықтан болашақта «Қазақ хандығы – Алмас қылыш» фильмі бюджеті ең аз тарихи фильм ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кіріп жатса, таңғалмаймын.
КИНО – АҚША ТАБУДЫҢ КӨЗІНЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ
– Көпшілік көріністер аз, жұтаңдау болғандай әсер қалдырады. Осыған не дейсіз?
– Көпшілік көріністер – бұл қазақ киносының ежелгі проблемаларының бірі. Себебі, кино бюджетінде мыңдаған массовка тартуға қаржы қарастырылмайды. Компьютерлік графика – өте қымбат. Егер графиканы шетелде жасатар болсаңыз, фильм бюджетінің жартысын сұрайды. Бізше ол көп ақша, олар үшін түк те емес. Оның өзінде сапалы қылып жасаса жақсы. Бұрын киноға өнер деп қарайтын, қазір кино ақша табудың көзіне айналып кетті. Кино индустриясының айналысында алаяқтар көп. Мәселен, «Жаужүрек мың бала» фильмін түсіргенде, қасымызда мәскеулік компьютерлік графика маманы болды. Бірде одан: «Қалай, графиканы Голливуд деңгейінде жасап бере аласың ба?» деп сұрадым. «Алаң болмаңыз, қатырамын» деді. Бірақ қатырған түгі жоқ, арзанқол, бұлдыраған бірдеңе жасап әкеп берді. Голливудта бір фильмді жасауға жүздеген компьютерлік графика мамандары жұмылдырады.
Көргендердің айтуынша, мына Қытайдың бір ғана графика студиясында 500 компьютер жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал біздің Алматыдағы графика студияларының аядай бөлмелерінде бес-алты маман отырады мұрнынан шаншылып. Бұл түрімізбен Голливуд деңгейіндегі графикаға жуық арада жете алмаймыз. Әйтсе де үмітсіз – шайтан.
Ал енді режиссерлер көпшілік көрініске көбірек адам тартайын десе, «массовкаға» бөлінетін қаржы мүлдем мардымсыз. Тіпті, көпшілікті молдау жинағанның өзінде оларды жаппай киіндіретін «Қазақфильмде» тарихи костюмдер өте аз және олардың тозығы жеткені сондай – өртеп жіберсе артық емес. Тарихи фильмде көпшілікке джинсы мен футболка кигізіп қоя алмайсың ғой.
Елден ат жинау да үлкен проблема. Ақшасын төлеген күннің өзінде ешкім малын қайырып жүрген жалғыз атын екі-үш ай мініске беріп жібере алмайды. Ел ішінде ат жоқ. Дегенмен «Алмас қылыш» фильмінде Ұлы көш өз мәнінде түсірілді. Мұндай салқар көшті қазақтың ешбір режиссері, тіпті түркі халықтарының бірде-бір режиссері түсіре алған жоқ. Ал майдан сахналарына келетін болсақ, мұнда тек шолақ соғыстар көрсетілді. Шеп құрып соғысатын үлкен соғыстар келесі маусымға қалдырылды. Оның өзінде бұл қазақ қолы мен шайбан әскерінің бетпе-бет келіп, соғыспай тарасатын шағы. Жер қайысқан қалың қолды сонда көресіздер, бұйырса. Әрине, «біткен іске сыншы» көп. Жарыққа шыққан әр жаңа өнер туындысының, оның ішінде кино өнерінің сыналуы қалыпты жағдай. Бірақ, сыншылар көп жағдайда мәселенің байыбына бармай, үстірттікке ұрынып жатады. Кәсіби сыншылар қолына қалам аларда еліміздегі кино проблемасын іштен бір шолып шыққаны абзал.
Осы уақытқа дейін Мәдениет министрлігі мен «Қазақфильмнің» арақатынасына, «Кино туралы заңға», жалпы қазақ киносының проблемаларына кешенді көзқарас тұрғысынан үңіліп қараған ешкім жоқ. Дегенмен, қанша жамандасақ та, қанша жерден алып, жерге салсақ та қазақ киносында ілгерлеушілік бар. Көш жүре түзеледі.
Сыншылар көңілінен шығатын жақсы фильм түсіру үшін қазақ киносын қоғам болып күресе отырып, түрлі дерттерден арылтуымыз керек. Көріп, естіп отырсыздар, қазақ киносының айналасы жемқорлық туралы қолайсыз әңгімелерге толып кетті. Осы жемқорлықты жою қажет. Жемқорлық жойылмаса, кино өнеріне, оның ішінде идеологиялық маңызы бар фильмдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе жұрт көңілінен шығатын фильмдер түсіру қиын болмақ.
Сөзімнің соңында айтарым, кинофильм – сыншылар үшін түсірілмейді, көрермен үшін түсіріледі. Қандай болған жағдайда да «Алмас қылыш» қазақ халқының мемлекет құру, ұлт болу жолындағы жанқиярлық күресі жайлы тарихи фильм ретінде миллиондаған көрерменге сәулелі ой салары анық.
Сұхбаттасқан: Аманғали ҚАЛЖАНОВ