Ән. Әнші. Тыңдаушы

2463
Adyrna.kz Telegram

Тағы да үнсіздік. Алып аудиторияның шаң басқан көне парталарында сымға қонған қарлығаштай бірінен соңы бірі қаз-қатар тізілген студенттер жанарлары мөлдіреп, есік жаққа жалтақтай береді. Көздерінен бір кісіні күтетіні көрініп-ақ тұр.

Ұстанымы мықты ұстазымыздың ден қойып тыңдалатын дәріс уақыты. Керегедегі көнесағаттың тілін аңдып отырған біздер сықырлап ашылған есікке қарай жалт қарадық. Бір емес бірнеше адамның аяғының дыбысын аңғардық. Аң-таңбыз. Армандарымен қоса алтын домбырасын арқасына асынған қара мұртты кісі мен ұстаз аяңдай келіп, алдымыздағы қос үстелге жайғасты. Шуласып, сыбырласып бір-бірімізден сұрамасақ та, іштей "Бұл кім болды екен?" дейтін сауалмен әрқайсысымыз ойдың тұнығына сүңгіп кетіп, мидағы мол ақпараттың ішінен тауып алардай қазбалап жатқанымыз анық еді. Орнымыздан бір сәт тұрып, ілтипат білдіріп, хал-қадірімізше құрмет көрсетіп, мейірімге  толы жүзімізбен амандасқан соң, қайта жайғастық. Бірақ әлі де ой үстінде едік.

«Ал шәкірттерім, мына кісінің жүзі таныс па еді? Кім болды екен? Кім айтады?» Шыбынның ызыңа да естілмейтін аудиторияның ішіндегілерде үн жоқ. Әдетте қандай жағдай болмасын көкке көтеріп жүретін еңсемізді бәріміз бір-ақ сәтте төмен түсірдік. Қысылсақ үнемі шарасыздығымыздың белгісі ретінде осылай жасайтынбыз. Алайда арадағы үнсіздіктен кейін, артқы жақтан бір ару нәзік үнмен "Еркін Шүкімән емес пе, ағай?" деді де, басын қайта төмен салды. Шынымен, кемедегінің жаны бір. Ұялғаннан суға батқандай күйде тапжылмай отырған студенттерді мына ерекше жан ерлік жасап, жалғыз өзі құтқарып алғандай сезіндік. Тағы бір рет терең дем алдық.

Алдымыздағы қара мұртты, сұсты бейнелі, отты көзді оғлан ұлттық әншілік өнерді дамытушы Еркін ағай екен. Ұзақ қарадық. Таңдана да, тамсана да, қызыға да, қызғана да көз алмай қарадық. "Ұлылар әңгімесін өзінен емес, ұстаздарынан бастайды" дейтін ақ жаулықтыәжем. Ол кісі де жылтыраған маңдайдан төгілген шып-шып терді қолындағы орамалымен сүртіп қойды да, өзі пір тұтқан Жәнібек Кәрменовты, оның шығармашылығы туралы әңгімелей бастады.

Жуырда жетпіске толып, бір күндері Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде дәріс оқыған ұстазы жайлы Еркін ағай махаббатпен айтқан болуы керек, шаршағанымызды да естен шығарып, Шыңғыстаудың тәрбиесін көріп- жетілген жан жайлы ұйып тыңдап қалыппыз. Абай әлемінің есігін ашып, алға қарай қадам басқан Жәнібек Кәрменов небәрі 12 жасында алпыстағы шалдың, қырықта абыздардың сөзін сөйлеп, қазақ әндерінің тарихын зерттеуші, сал-серілердің жалғасы "кішкентай қария" атанған деседі. Біздің ұстаз Сағатбек Медеубекұлы өткеннің еншісіне қалдырған талай оқиғаларды санасындағы мұрағаттан шығарып алса керек, 1985 жылы Жәнібек ағамен қалай танысқанын айтып берді. «Ол кісі үнемі іштен күңкілдеп жүретін. Сөйтсек бұл ең жақсы әдеттерінің бірі екен. Әуелі айтар сөзін іштен жұптап алып, метафора, синекдоханың түр-түрін қосып, тілін асыл тастармен көмкеріп, көркем ететін зергер еді. Бірде Шырақбек Қабылбаев ансамбльге адам іздепті. Осыны естіген Жүсіпбек Елебеков оқудан қол үзген ауылдағы Жәнібекті Алматыдан тікұшақ жіберіп, алдырған екен» деді.

Әңгімемен құлақтың құрышын қандырған біздер ақылдың да, көмейдің де, жүректің де әншісіне айналған Ж.Кәрменовтың жай ғана шәкірт емес, "нағыз адам" тәрбиелегеніне көз алдымыздағы кейіпкерге қарап куә болдық.
Семейдегі университеттің тіл және әдебиет факультетін бітірген Еркін Шүкімән : "Мен жазғы демалысқа ауылға келгем. Теледидар бетінен Жәнібек ағамды көп көруші едім. Бірде үйге қайтып бара жатып, жол-жөнекей газет алдым. Ақтарып отырып, суық хабарды көзім шалғанда, үстімнен біреу келіп суық су құйып жібергендей күйде едім. Пір тұтатын ағамның өмірден өткенін көргенде, ағыл-тегіл поезд үстінде жанарымнан ғана жас төгілмеді, жүрегім қоса қан жылады. Үлгере алмадым..." деген сөзінен соң, бір өзекті лаулатып, жандыратын өкініштің бар екенін аңғардық. Ұстазымен кездесе, жүздесе алмағаны үшін екен ғой.

Алғашқы қорқыныш, қобалжу бірте-бірте сейілді. Оның орнын ыстық сезімдер басып, бойымызды билеп-төстей бастады. "Ақылбайдың әні", "Бабалар", "Ағалар-ай" туындыларының авторымен тереңірек таныс болған соң, жүректің қылын шертетін үстелде жатқан домбыраға назар салдық. Ол кісі де түсінген болуы керек , қолына қос ішекті аспапты алды да, Кәрменовтың "Тасбалағын" күмбірлете жөнелді. Дауыс деген аудиторияны ғана емес, кең даланы да қиындықсыз бағындыратындай. «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар». Тапжылмай тыңдадық, әр күйден соң қос қолымыз талғанша шапалақ ұрдық. Шаршағаннан емес, риза едік. Жүзіміздегі күлкіден-ақ көрінген. Сосын "Алаң да , алаң, алаң жұрт"...

2 сағат жанымызды беріп, ештеңе ойламастан, артық нәрсені ойға алмастан, зейін қойып, құлақ түріппіз. Сол сәт балалық батылдық бой берді ме екен, әйтеуір студенттер толассыз сұрақтарды жаудыра бастады. Міне, ән - бесік, тыңдаушы - нәресте, әнші – ана. Қанша ән, күй тыңдасақ та, оны түсіне де, құдіретін сезіне де алмайтын кездеріміз болушы еді. Ал сол сәтте көптен қозғалмаған бесікті әнші тербетіп, нәрестенің шырылдаған үнін тәтті ұйқыға алмастыра алғандай көрінді. Ғажап күйде едік...

 

Айжан Сыланова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер