Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» тобында еліміздегі білім саласындағы ең өзекті мәселелер жиі талқыланып отырады. Сондай тақырыптың бірі мұғалім болып жұмысқа орналасуға байланысты болды деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.
Иә, тақырып өте маңызды және қызықты-ақ. Қазақстанның ккйбір өңірлерінде мектеп басшысына ақша бермей, мұғалім болу қиямет қайым. Бұл жағдайдың қалыпты құбылысқа айналғаны сондай, «тегін мұғалім болып жұмысқа тұрдым» деген адамға таңырқай, әрі күдікпен қарайтын халге де жеткеніміз шындық. Тіпті, кей мектеп директоры жұмысқа қабылдайтын мұғалімнің қанша көлемдегі ақша беретінін де белгілеп қойғаны да қоғамды селт еткізе қоймайды. Алайда, жоғарыда аты аталған топта осы тақырып талқыға түскенде... Бір жағынан расымен таңғалдық та.
«Құрметті ұстаздар! Кезінде осы мектепке жұмысқа қалай тұрдыңыздар? Ақшасыз парасыз мектепке тұру мүмкін бе? Хотя бы торт берген шығарсыз я мені алсын деп. Неге сондай қылып жібергенбіз біз сонда біз? Жәй резюмемен барып, өзін көрсетіп жұмысқа тұруға болмай ма сонда? Сонда ол директор оның біліміне қарап тұрған жоқ қой. Қарамайтынын білемін өйткені, бір ауыз орысша білмейтін, элементарно сөздерді білмейтін мұғалім сабақ беріп жүр кезінде менен сұрап дұрыстап алатын. Сонда ол оқытатын оқушы не болады? Бұл әділетсіздік, болашаққа балта шабу, соған "құрсынш ақшасымен тұрса тұра берсін" деп біле тұра көз жұму қашан бітеді? Директорде де ұят жоқ па, оған болашақ балалар не болатыны бәрібір ме? Лиж бы ақшаға қоқ етпейтін мұғалім алып, өзі отырған уақытты пайдаланып қалу ма мақсаты?» деген Айнұр Қабибулланың жазбасына (жазба қаз-қалпында алынды) жазылған 500 мыңға жуық пікірдің басым бөлігі бір тиын бермей мұғалім болып жұмысқа орналасқандардың жазбасы десек, сенесіз бе?
Мәселен, Альмира Найманбаева атты ұстазымыз: «Осыған дейін төрт мектепте істеппін. Бір зат, не ақша беріп көрмегем. Бір жерлерде бар шығар сондай жағдай, өз басымда болған жоқ»,- деп жазады. Гулнар Есенгалиева да: «40 жылдық ұстаздық өмірімде адал еңбегімнің арқасында 3 өңірде,3 мектепте жұмыс істеп жатырмын,кімнің жетістігі, баланың оқытамын деп құлшынып тұрған ұстаздан ,1тиын да алмайды.Қыркүйекте жанұя жағдайыма байланысты жұмыс ауыстырдым,алғысым шексіз өте жақсы ұжымға кездестім, мұнайлы ауданы 14 мектеп,басшысы қандай,ұжымы қандай, ауызбірлік бар жерде жұмыс та бар»,- деп ақжарма тілегін жеткізіпті. Осы сарындағы жазбалар өте көп. Мектеп басшылығына алғыс білдіріп, бір тиынсыз жұмысқа орналасқанын мақтанышпен жеткізген мұғалімдердің пікірінің арасында, әрине, парасыз мектептің маңына жолай алмайтын жағдайды жазғандар да бар.
Казына Асенова: «Мүмкін емес. Ішінде жүріп те сағат алу үшін, сыйлық бересің»,- деп күдігін жасырмайды. Ал Ербол Жамбы танысының 200 мың теңге беріп, мұғалім болып орналасқанын айтады. Лаззат Актанованың пікіріне сүйенсек: «Мен осы уақытқа дейін төрт мектепте жұмыс жасадым, директор да ештеңе талап еткен жоқ, мен де беруге ұмтылған жоқпын.Тек резюмемен жұмысқа қабылдандым. Пара берушілер өздеріне сенімсіз адамдар деп ойлаймын. Өз ісіңді жетік меңгеріп тұрсаң, неге пара бересің? Қазір мұғалімдер жетіспейді, сондықтан кез келген мектептен жұмыс тауып алуға болады», - дегенді алға тартады.
Кез келген дипломы бар мұғалім жұмыс «жасауға» емес, істеуге парасыз мектепке қабылданса, әрине бұл өте жақсы-ақ. Алайда, еліміздегі барлық мектеп басшысы жаңа мұғалімді сый-сияпатсыз, парасыз жұмысқа қабылдай ма? Өкінішке қарай, бұл сұраққа «иә» деп толық жауап беру қиын. Десек те, алдағы он жылда «мектеп, пара, директор» деген сөздер ақпарат құралдары беттерінде жазылмас деп үміттенеміз. Сіз қалай ойлайсыз?
Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.