Зұлмат: «Сайрагүл оқиғасы» - үзілген үміт

2739
Adyrna.kz Telegram

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Қытайда тұратын қазақтардың жаппай саяси репрессияға ұшырап, лагерьге қамалып, адами құқы тапталып жатқанын  2017 жылдың  23 маусымында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында (ДҚҚ) Германия азаматы Өмірхан Алтын (өткен ғасырдың ортасында Қытайдан Тибет-Үндістан арқылы Түркияға қашқан босқын қазақтың ұрпағы) өзекті мәселе ретінде көтерді. Қазақстан Республикасының сол кездегі президенті әрі Құрылтай төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Шыңжаңда экстремизм мен терроризмге қарсы шаралар жүргізіп жатқанын білетінін айтты, бірақ қазақтарға қысым жөнінде алғаш рет естіген сыңай танытып, мән-жайды Сыртқы істер министрлігі арқылы анықтайтынын мәлімдеді.

Оның осы сөзі мемлекеттік құзырлы органдар мен шетелдегі қазақтардың мүддесін күйттеу үшін арнайы құрылған ҚДҚ сияқты қоғамдық ұйымдардың Шыңжаң проблемасына қатысты бұдан былайғы позициясын анықтап берді. Ол позиция «Шыңжаңдағы адам құқының тапталуы – Қытайдың ішкі ісі, оған ешкімнің араласуға қақы жоқ» дегенге саяды.

Дегенмен, мұндай ұстаным  Қазақстан билігінің шетелдегі қазақтарды елге шақыру, оларға жеңілдетілген түрде азаматтық беру үшін қабылдаған көші-қон заңына қайшы болатын. Сондықтан ресми Астана (Нұр-Сұлтан) «Шыңжаңда концлагерьлер жоқ», «кәсіпке қайта оқыту» орталықтарында этникалық қазақтар жоқ» немесе «Қытай билігі «оқыту орталықтарынан» қазақтарды түгел босатты» дегенге саятын алғашқы сөзі кейінгісіне қайшы құбылмалы позиция ұстанды және мұндай аяр саясатты әлі жалғастырып келеді. Бұлайша мүләйімсіп, именшектеп бүгілу Қазақстанның авторитарлық билігінің Қытайға әбден кіріптар болғанын, тығырыққа тірелгенін көрсетеді.

Қытайға барған Қазақстан азаматтарын концлагерьлер мен түрмелерге қамап тастағанда да наразылық нотасы жолданбады. БҰҰ-ның  жалпыға бірдей адам құқын сақтау, ана мен бала мүддесі, отбасын бөлмеу, босқындарға пана беру жөніндегі халықаралық конвенциялары Қытай-Қазақстан қатынасының құрбандығына шалынды, либерализм құндылықтары аяқасты етілді.

Ресми Астана Пекиннің ығына жығылғаны бір сәрі, бейтарап позиция ұстанып өз алдына тыныш жатпады: Шыңжаңдағы зұлматтың құрбандары жөнінде мемлекеттік және тәуелсіз ақпарат құралдарына жазуға, оралман ұйымдарына проблеманы ашық айтуға тиым салды. Осы тұста Қытайдың бұрынғы азаматтарынан құралған «Атажұрт еріктілері» Шыңжаңдағы зұлматтан қазақтарды құтқару үшін ауқымды жұмысты бастады.

Жұмыс екі бағытты қамтыды:  WhatsApp желісі арқылы құрылған топтар қаржы жинап, әке-шешесі, асыраушысы Шыңжаң лагерьлеріне қамалып, Қазақстанда қараусыз қалған бала-шағаны азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді бастады; Шыңжаңдағы зұлматқа назар аударып, ақпарат құралдарынан сөз жәрдемін алу үшін конференциялар ұйымдастырды, Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігіне және басқа да құзырлы органдарға арыз жазуды көбейтті. Бірақ бұл әрекеттен жоғарыда айтылған себепке байланысты нәтиже шыққан жоқ.

Осындай қиын кезеңде «Атажұрт еріктілеріне» Серікжан Біләшұлы келген болатын. Ішкі Қытайда білім алған соң, әлемді аралап қайтқан, бірнеше тілді (қазақ, қытай, ағылшын, ұйғыр, түрік) жетік білетін, геосаяси жағдайға қанық Серікжан Біләшұлы ұйымның стратегиясы мен тактикасына өзгеріс енгізді, Шыңжаңдағы қазақтардың қасіретін қытай-қазақ дискурсында емес, жалпыға бірдей адам құқы мәселесі ретінде қарастырып, оны әлемдік қауымдастықтың талқысына салуды көздеді.

Қытай коммунистерінің көп жылғы идеологиясымен уланған, бойын қорқыныш пен үрей билеген оралмандарды туыстары үшін сұрау салғызып, арыз жаздыру да қиын болатын. Сондықтан проблеманы тек қана ашыққа шығып жария түрде ғана, әлемдік қауымдастықтың қысымы арқылы шешуге болатыны жөнінде халық ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шыңжаңдағы репрессиядан жапа шегіп жатқан әрбір адамның тағдыры әлемнің бірнеше тілінде жазылып, оның қазақша нұсқасы Қазақстан билігіне жолданды, ал ағылшынша нұсқасы көбейтіліп, БҰҰ-ның Женевадағы офисіне және адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдарға жолданды.

Шыңжаңдағы адам құқын аяқасты етіп, түркі тілдес халықты жойып жіберуге бағытталған саясатқа Қазақстанның ресми ұстанымы «Сайрагүл оқиғасында» анықталды. Сайрагүл Сауытбайдың  күйеуі мен кәмелет жасына толмаған екі баласы – ҚР азаматы. Қытай тілі мұғалімі мамандығы бойынша білім алған Сайрагүл Шыңжаңда балабақша меңгерушісі қызметін атқарған себепті жұмысын тездетіп тапсырып өткізуге мүмкіндігі  болмаған. Жергілікті билік оны лагерьдегі тұтқындарға қытай тілін үйретуге мәжбүрлеп жекті. Оған Қазақстандағы күйеуі мен балаларын шақыртып алу жөнінде талап қойды, талап орындалмаған жағдайда өзі де лагерьге қамалатыны ескертілді.

Осындай қыспақта қалған Сайрагул Сауытбай Қорғас шекара бекеті арқылы Қытайдан тауар тасып жүрген әйелдерге араласып қашып келді. Алматы облысының  Есік қаласында тұратын отбасымен қауышқан күннің ертеңіне оны ҰҚК қызметкерлері қамауға алды. Тергеу изоляторында үш ай отырған Сайрагул Сауытбайға 2018 жылдың тамыз айында 6 ай шартты жаза кесіп, үйқамаққа жіберді. Ол бұған дейін көші-қон қызметінен Шыңжаңдағы саяси репрессиядан бассауғалап қашқан адам ретінде босқын мәртебесін сұраған. Бірақ оның өтінішін Қазақстан қабылдаған жоқ, босқын мәртебесін беруден бас тартты.

Қазақстанда қала алмай, амалсыздан отбасымен Швецияға қоныс аударған Сайрагүл Сауытбайдың тағдыры қазақ қоғамындағы екі түйткілді жайтты ашып көрсетті. Бала-шағасымен қосылу үшін бассауғалап келген анаға босқын мәртебесін бермеген Қазақстан да батыс әлемі алаңдап отырған Шыңжаңдағы қазақтарға қарсы жасалып жатқан зұлматқа бей-жай қарайтынын, БҰҰ-ның адам құқы конвенциясындағы отбасыны бөлмеу шартын өрескел түрде бұзып жатқан Қытайдың жағында екенін білдірді. Қазақстан билігінің босқын мәртебесін беру – саяси емес, гуманитарлық акт екенін мойындағысы келмейтіні әшкере болды.

Сайрагүл Сайтбайдың айтуынша, Қазақстанның арнаулы орган қызметкерлері одан Қытай концлагері жөнінде айтпауды қатаң талап еткен және соның бодауына «босқын мәртебесін аласың» деп ауызша уәде беріпті. Бірақ, уәде орындалмады... Бұл Шыңжаңдағы зұлматты жасыруға Қазақстан билігі аса мүдделі екенін, сол мүдде жолында қазақтарға, тіпті ҚР азаматтарына да аяушылық жасамайтынын көрсетті.

«Сайрагүл оқиғасы» Қазақстанның әлемдегі имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Батыс баспасөзіне берген сұхбатында Сайрагүл Сауытбай өзінің және отбасының соңғы сәтке дейін  Қазақстаннан үміт үзбегенін, амалы таусылған соң ғана Еуропа асып, «Швеция елінің азаматтығын алуды мақсат етіп отырғанын» айта келе, мұның бәрін «Қытайдың қаупінен толық құтылу» үшін жасалған әрекет ретінде түйіндеді. Басына күн туған төрт қазаққа (өзі, күйеуі және екі баласы) пана бола алмаған Қазақстан мен Швецияны салыстыруды да ұмыт қалдырған жоқ. «Швеция мемлекеті бізді өте жақсы қабылдады. Бұл жерде заң кемелденген, жұмыстың бәрі жүйелі, жақсы атқарылады екен. Біздің барлық жағдайымызды жасап берді, құжаттарды рәсімдеуге Швецияның мемлекеттік қызметкерлері көмектесіп жатыр»  деді ол.

Сайрагүлдің осы үш-төрт ауыз сөзінің астарында өкініш те, ішін кернеген ыза да бар. Ол тарихи отанына Қытайдан қашып келгенде, Қазақстаннан үй-жай, басқа да материалдық көмек сұраған емес. Оның бар арманы – екі баласын бағып, қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бір бұрышында күнелту еді. Мұны ол тағдыршешті соттың бәрінде мәлімдеген.

Бірақ Қазақстан өкіметі қол қойып, міндеттеме алған отбасыны айырмау, ана мен бала және кәмелет жасына толмаған балалар құқы жөніндегі халықаралық конвенцияларды аяқасты етіп, Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартты. Тіпті Қазақстан үкіметі шеттегі этникалық қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде арнайы қабылданған заңды да қаперіне алмады. Қазақ билігінің осы әділетсіз шешімін Сайрагүл де, Қазақстан азаматтығы бар оның балалары да, күйеуі де ешқашан ұмытпайды, олардың жүрегінің бір бұрышы тас болып қатып қалған шығар.

Сайрагүл Сауытбайдың отбасы Қазақстаннан ешқандай жақсылық көрген жоқ. Тірнектеп жинап-терген дүние-мүлкін Қытайға тастай қашқан отбасы Есік қаласында жаман бір үйді жалдап тұрды, жалғыз сиырдың айран-сүтін ішіп күнелтті... Ақырында сол сиырды сатып, жолкіре қылып, алыстағы Швециядан пана іздеп, қаңғып кетті.

Сайрагүлдің басынан өткен оқиға жалғыз емес. Жағдайы осыған ұқсас отбасы көп. Әкесі немесе шешесі Қытайдың «саяси үйрену» лагеріне қамалып, «тірі жетім» болып қалған балалардың жанайқайы әлі қазақ даласында жаңғырып тұр. Қытай-қазақ шекарасындағы тікенек сыммен бөлініп қалған қаншама отбасы бар?! Шетелден Қазақстанға көшіп келіп, кедейшіліктің қамытын киіп, ауыр тұрмыстан қажыған отбасылар да шаш-етектен. Ондай проблеманы батылы жеткендердің аузынан ғана естиміз. Ондай проблеманы Сайрагүл сияқты қайсар адамдардың әрекетінен ғана көреміз. Біз білмейтін, біз естімеген қаншама қиын тағдыр бар, қаншама қасіретті оқиға бар. Бұл – «мың өліп, мың тірілген қазақтың» басына түскен тағы бір нәубет, ұлттың тағдыршешті мәселесі.

Қазір Сайрагүл Сауытбайдан басқа шекарадан заңсыз өтіп келген 5 адам бар: Қайша Ақан (6 айға шартты жазаға кесілген), Тілек Тәбәрікұлы (6 айға сотталды), Бағашар Мәлікұлы (қылмыстық іс қозғалып, қысқарды) және Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы (екеуі де 1 жылға сотталды, қазір түрмеде отыр). Олардың үшеуінің (Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы) пана іздеуші куәлігі бар, бірақ «Сайрагүл оқиғасын» еске алсақ, оларға босқын мәртебесінің берілуі неғайбыл.

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ)  мүшесі

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер