Зұлмат: Шыңжаңда «көмір көп»

5121
Adyrna.kz Telegram
Uigher  women grieving for their men who they claim were taken away by the Chinese authorities after Sunday's protest in Urumqi, China, Tuesday, July 7 , 2009. (AP Photo/Ng Han Guan)
Uigher women grieving for their men who they claim were taken away by the Chinese authorities after Sunday's protest in Urumqi, China, Tuesday, July 7 , 2009. (AP Photo/Ng Han Guan)

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Концлагерьден босап шыққан Нұрлан Көктеубайдың қуанышы бір сәтте басылды. Оны Шапшал ауданындағы шағын қыстақта тұратын ағасының үйіне үйқамаққа орналастырды. Айтуынша, қыстақтағы үйлерді де үш санатқа – «аса қауіпті отбасы», «қауіпті отбасы», «қауіпті емес отбасы» деп бөліп тастапты. «Қауіпті еместердің» санатына ұлты қытай тұрғындар, жергілікті компартия функционерлері мен сақшылар кіреді. Ал Нұрлан Көктеубай «терроршыларға қатысы бар» деген долбармен «саяси үйренуге» қамалған соң, оның ағасының үйі «аса қауіпті отбасы» санатына енген екен.

Партия функционерлері  (кадрлар) белгілеген шарт бойынша, Нұрлан Көктеубай ағасынан үйінен үш жағдайда шыға алады: аптасына бір мәрте болатын «ту шығару» рәсіміне қатысады; әкімдік ғимаратына күніне екі мәрте барып, жұртпен (ұлты қытай еместер) бірге қытай тілін үйренуге және «саяси сабаққа» қатысады; полицияның шақыруымен барып, апта сайын не іс тындырғаны жөнінде есеп береді. Үйге күнара ұлты қытай партия кадры қонып кетеді. Ол Қытай билігінің тұрғындар үшін жасап жатқан жақсылығы жөнінде және т.б. саяси идеологиялық әңгіме айтып, түрлі тиымдарды қайталап отырады.

Нұрлан Көктеубай концлагерьде жатқанда оның әйелі полицияның және кадрлардың мәжбүрлеуімен ауыл-ауылды аралап, «Күйеуімнің пиғылы бұзылды, терроршылармен байланыс жасап, қылмыс өткеріпті,  қазір қамқоршы партиямыз бен үкіметіміз күйеуімнің уланған санасын түзеп, қайта тәрбиелеп жатыр. Осындай қылмысқа жол беріп, күйеуімді бақылай алмағаныма мен де кінәлімін, менің қателігімнен сіздер сабақ алыңыздар» деген өкіну сыңайдағы үгіт жүргізіпті. Бұл насихат өткен ғасырдың ортасындағы «Мәдени төңкерісте» жаппай қолданылған Мао Цзэдунның «Сын және өзіне өзі сын» әдістемесінің билік пен компартия алдында құлдық ұрып жығылудың жаңаша түрі болатын. Концлагерьден шыққан Нұрлан Көктеубай осы әдістеме бойынша «ту шығару» рәсімінде жергілікті кадрлардың мәжбүрлеуімен 4 рет арнайы баяндама жасағанын айтады.

Шыңжаңдағы «ту шығару» рәсімі концлагерьде  күн сайын болады. Ал елдімекендердің тұрғындары үшін «ту шығару» аптасына бір мәрте, дүйсенбі күні таңда өткізу міндеттелген. Ауыл немесе аудан тұрғындары орталыққа жиналып сапқа тұрған соң, бір сағаттай «саяси сабақ» өтеді: «компартия мен биліктің игі істері», «Ұлы Жұңго арманы», Қытайдың ішкі және сыртқы жаулары» және т.б. идеологиялық үгіт-насихат айтылады. Жиналған жұрт ҚРХ гимнін қосылып шырқаған кезде сырық бойымен мемлекеттік ту жоғары көтеріледі. Ту өз биігіне жеткен соң, жұрт алдына Нұрлан Көктеубай секілді түрмеде «жазасын өтеп» келгендер немесе оның әйелі сияқты «айыптылар» ақталып, өкінішін білдіреді, иіліп тұрып «түзетіп, дұрыс жолға салған компартияға» алғыс айтады.

«Ту шығару» рәсіміне ұлты қытай тұрғындардың қатысуы міндет емес. Қар жауып тұра ма, жаңбыр жауып тұра ма, бір жарым сағатқа созылатын рәсім кезінде тұрғындар екі қолын түсіріп, бас киімсіз тұруы тиіс. Бес-алты үйден  аспайтын алыстағы мал ауылдарда өтетін «ту шығару» рәсімі бейнелеген видео аудандық партия комитетіндегі жауапты қызметкерге жолданады. Ол видеода «ту шығаруға» қатысқан адамдар да көрініс табуы керек, өйткені, әлдебір тұрғынның «ту шығаруға»  қатыспауы «қоғамдық тәртіпті бұзу», тіпті «отанға сатқындық жасауы бейім, қауіпті адам» ретінде бағалануы мүмкін. Осыны  себеп қылып, кез-келген түркі тілдес ұлт өкілін  «саяси үйрену» лагеріне жіберуге болады.

«Ту шығару» рәсімінде жиі насихатталатын «Жұңго арманы» саяси-экономикалық-әскери-мәдени бағытты қамтиды: «Қытай 2030 жылға дейін айналадағы 8 мемлекетке толық үстемдігін орнатады, әлемнің түгелге жуық еліне саяси-экономикалық ықпал жасап отырады»; «2050 жылы Қытай қарулы күштері әлемнің барлық аймағында үстемдік жасайды»; 2050 жылдан бастап әлемдегі басты валюта юань болады, доллар мен еуро құриды»; «қытай тілі халықаралық, әлемдік тіл болады», «Жұңго арманын» «жұңго ұлты» жатқа білуі және оған ешқашан күмән келтірмеуі тиіс» және т.с.с.

«Кейде кенеттен ұйтқыған жел туды сырыққа орап тастайды. Бәрін қадағалап тұратын кадр әбігерге түсіп, «Сен әдейі істеп тұрсың ба?!» деп ту тартушыға зекіп, әбігерге түсіп, шала бүлініп, тызыңдап, жер тепкілеп ашуланады. Біз «Мұсылмандарды қорлаған Қытай компартиясына Құдай қаһарын төгіп жатыр» деген оймен іштей риза болып тұрамыз...»  дейді Тұрсынбек Қабиұлы.

Тұрсынбек Қабиұлының айтуынша, ауылдың іші-сыртына бақылау камералары қойылған. Оны полиция бекетінен бақылап тұрады. Көшеде бейсауыт адам болмайды. Ауылдың еркектері екі-үшеу болып «көше тәртібін» қадағалау үшін кезекшілікке шығады.

«Көше тәртібін қадағалаушылар қатарына мен сияқты «саяси үйренуде» болып, үйқамаққа шыққандарды да қосады. Әрқайсымыздың қолымызда 1 метрге жуық сойыл-таяқ. Таныс адамдар көшеде амандасып, өзара сөйлесіп сәл кідіріп қалса, сол жерге жүгіріп барып, қытай тілінде «Кет, тараңдар!» деп айқайлап, таяқпен нұқып-нұқып, қуып жіберуіміз керек. Қатаң сөйлеп, таяқпен қаттырақ ұрмасақ, мұны камерадан көріп қалса, ауыл полицейі сол мезетте немесе кезекшілік соңында шақырып алып ұрсады, «саяси үйренуге» жібереміз» деп қорқытады. Келесі күні бізді ауыстырған көше тәртібінің сақшылары таяқпен енді бізді нұқиды. Кішігірім ауыл ғой, тұрғындардың бәрі өзара жақсы таныс. Солай болса да, кезектесіп бір-бірімізге қоқаңдап қалу – міндет... Бұған не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің» дейді Тұрсынбек Қабиұлы.

«Көше тәртібін қадағалаушы сақшылар» ауыл басшыларына ахуалды хабарлап, ақпар беріп отыруы тиіс. Үнемі «эстремистік мәні бар» мәлімет беріп отыруы да оларға міндетті.

«Бірде «жасы үлкен бір қазақ үйінен шықпайды, тығылып намаз оқып жүрген секілді» деген мәлімет жетті. Содан коммунист кадр бас болып, төрт-бес адам бір бөтелке арақ пен шошқаның майын алып, әлгі кісінің үйіне жетіп бардық. Арақты ыдысқа құйып бір-бірден ұстадық. Мұндай кезде ешкім қарсыласа алмайды. Әлгі кісі де коммунистік партияға қытайша алғыс айтты, Си Цзиньпинді мақтады. Бұдан соң бәріміз бірге арақ іштік. Одан кейін «қызыл ән» шырқап, тағы іштік... Мұның бәрін бір кадр видеоға жазып тұрды» дейді Тұрсынбек Қабиұлы.

Ауылдағы оншақты үйді қадағалайтын компартияның қарапайым мүшесін «онбасы» деп атайды. Шыңжаңның Толы ауданындадағы «саяси үйрену» лагерінде 10 ай, одан кейін  8 ай үйқамақта болған Адалғазы Жақайұлының айтуынша, «онбасылар» ауыл тұрғындарының мінез-құлқына, жүріс-тұрысына жауапты. Ауылдағы барлық  іс-шараны онбасылар ұйымдастырады. Қазақ ауыл болған соң, ондағы «онбасылар» да, сақшылар да – қазақ. Адалғазы Жақайұлы үйқамақта «онбасы» қызметін атқаратын келінінің үйінде тұрыпты.

«Онбасылардың» қолында ешқандай билік жоқ. Ауылдық партия комитетінің жетекшісінің ұлты – қытай. Бәрі соған есеп беріп, содан нұсқау алып тұрады. «Мысалы, мұсылман зиратын қытай басшы аралап келген соң, «пәлен жердегі мүрде басында жарты ай бар екен, тасқа қашап араб әрпімен жазылған арнау сөз, аят өшірілмепті» дейді. «Онбасылар» марқұмның туыстарын іздеп тауып, соларға айды сындыртады, тасқа қашалған жазуды қырнап өшіртеді, қара бояумен сырлап тастайды. Оны суретке, видеоға түсіріп, қытай басшыға әкеп көрсетіп, есеп береді» дейді Адалғазы Жақайұлы.

2019 жылы Адалғазы Жақайұлы үйқамақта болған ауылдан 18 шақырым жерде тұратын ағасы Тілеуғазы Жақайұлы 56 жасында ауырып қайтыс болады. «Онбасы» келіні оған да қазаға қатысып қайтуға қытай басшыдан рұқсат алады. «Екі сағат уақыт берді, келінім екеуміз машина тауып, ағамның үйіне бардық... «Онбасы» келінім «кешігіп қалсақ, мені де «саяси үйренуге қамайды» деп, кідірмей, ауылымызға қайтып оралдық. Ағамды ертесіне жерлейтін болды. Қытай басшыдан жерлеуге қатысуға тағы рұқсат сұрап едік, «Кеше бардыңдар, жетеді сол, әлде «саяси үйренуге» кіргізейін бе?» деп қатты ашуланды... Тіпті  ағама топырақ та сала алмадым. Кейін естідім, партия кадрлары мен сақшылар марқұмға жаназа оқытпай, апыл-ғұпыл көміп тастапты...» деп жылайды Адалғазы Жақайұлы.

Концлагерьлердің шығыны Шыңжаң тұрғындарының есебінен, яғни түркі тілдес мұсылман халықтың есебінен өтеледі. Адалғазы Жақайұлы лагерьде дұрыс тамақ ішпеу мен психологиялық қатты қысымның салдарынан ауырған. Бір жағы жансызданып, аяқ-қолы істемей қалған оны бірнеше мәрте дәрігерге тексерткен, дәрі берген. Ол «саяси үйренудегі» уақытының көбін лагерьдің лазаретінде өткізген. Айтуынша, лагерьдегі дәрігерлік көмек ақылы, оны емдеуге 17 мың юань жұмсалған. Бұл қаржының бәрін Адалғазы Жақайұлының бостандықтағы туыстары төлеген.

Шыңжаңдағы үйқамақ – концлагерьден аштықтан әбден титықтап, арықтап, азаптан ауыру-сырқау болып шыққан тұтқынды  реабилитация жасаудың бір әдісі. Туыстарының көмегімен жақсы тамақ жеп, қоңданады, дәрігерге қаралып, денсаулығын түзейді. Өйткені, лагерьдегі қазақ тұтқындардың көбі Қазақстандағы туыстарының «Атажұрт еріктілері» арқылы халықаралық адам құқы жөніндегі ұйымдарға арызданудың арқасында шығып жатыр. Қытайға туыстарына қыдырып барғанда қамауға алынған Адалғазы Жақайұлы да Қазақстандағы әйелі мен ұлының тынбай арыздануы нәтижесінде шыққан. Қытай билігі аяғы ақсаңдап, бір қолы дірілдейтін кесел жабысқан Адалғазы Жақайұлы сияқты концлагерь тұтқындарын азған-тозған күйінше Қазақстанға қайтара салмайды. Оның үстіне лагерьде көрген қорлығын айтпауды қатаң ескертіп, олай істемесе, Шыңжаңдағы туыстарына қиындық туатынын түсіндіріп, коммунистік идеологиямен миын шайып шығарып салуы қажет.

Шыңжаңда сегіз ай үйқамақта болған Адалғазы Жақайұлын Қазақстандағы отбасымен телефон арқылы екі мәрте сөйлестірген. Сөйлесу биліктің қатаң қадағалауымен өтеді, не айту, не айтпауын түсіндірген партия кадрлары мен полиция қосалқы телефонмен тыңдап тұрады, әңгіме таспаға жазылады. «Екінші рет ұлыммен сөйлесерде, кадрлар «Балаң «Атажұртқа» берген арызын қайтарып алсын, арыздың ютубтағы видеосын өшірсін» деп айт» деді. Мен «Айта алмаймын, айтқаныммен, олар тыңдамайды» дедім. Осыдан кейін «мұнда көргенімді ешкімге айтпаймын» деген уәде беруге мәжбүрледі. Көндім. Келгенде тартып алған құжаттарымды қайтарып берді. Сөйтіп, Қытайға бір аптада қайтам деп барған мен Қазақстанға бір жарым жылдан кейін әзер жеттім» дейді Адалғазы Жақайұлы.

Концлагерьде , одан кейін үйқамақта болып, 2019 жылдың қаңтарында Қазақстанға әзер оралған Нұрлан Көктеубайға үлкен түрмеге айналып кеткен Шыңжаңнан шығуға ҚазҰУ-де оқитын қызы сеп болған. Қазақстан азаматтығын алған ол «Атажұрт еріктілері» арқылы арыздануын тоқтатпапты.

«Бір күні кадрлар аудан орталығына апарып, әкімшілік кеңседегі телефонмен Қазақстанға хабарластырды. Тұтқаны қызым емес, ұлым алды. Кадрлар төбемнен төніп тұр, солардың түсіндіргені бойынша, «менің жағдайым жақсы, шешеңнің де жағдайы жақсы, Қытай үкіметі қазақтарға қамқорлығын аяп жатқан жоқ» деп шұбыртып келдім де, «тұрып жатқан үйіміз жып-жылы, үкімет көп қылып көмір түсіріп берді, көмір көп, қызыма айт, бекерге арыздана бермесін» деп, «көмір» сөзін бірнеше рет қайталадым. Көмір қара ғой, қара түс – жаманшылықтың, түнектің белгісі. Ұлым мұнымды түсінді ме, түсінбеді ме, білмеймін. Шыңжаңдағы жағдайды Қазақстанға алғаш рет осылайша құпия сөзбен жеткіздім» дейді Нұрлан Көктеубай.

Оны Қазақстандағы балаларымен сөйлестіруге тағы бір мәрте мәжбүрлеген. Себеп – Нұрлан Көктеубайдың қызы арыздануын тоқтатпаған, оның шағымданған видеосы тағы да «Атажұрт еріктілерінің» ютуб желісіндегі аккаунтында жарияланған. Мұны Шыңжаң билігі қадағалап отырады екен. «Қызыңа тоқтау сал» дейді маған. Мен мұнда жатып қызымды арызданудан тыя алмайтынымды айттым. «Әйелім екеумізді Қазақстанға жіберіңдер, сонда қызымның арыз жазуын тоқтатамын» дедім. Содан кейін, «Аузыңды ашпа, мұндағы құпияны шашпа» деп өзімді жіберіп, әйелімді алып қалды... Мен Қазақстанға кеткен соң, бір айдан кейін әйелімнің де құжаттарын өзіне қайтарып беріп, Қазақстанға шығарып жіберді. Қазір мен де, әйелім де – аурумыз. Сол қорлықтан кейін әйелім төсегінен тұра алмай қалды» дейді ол.

(Жалғасы бар)

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ)  мүшесі

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер