Елімізде бала туу бойынша рекордтық көрсеткіш жаңарды. 2019 жылы 403 064 сәби дүние есігін ашса, алдын ала деректер бойынша 2020 жылы Қазақстанда 425,6 мың бала туған. Бұған дейін ең көп бала туу жағдайы 1987 жылы тіркелген. Сол жылы 417 мың нәресте дүниеге келіпті. Демек, демографиялық дүмпу бұл жолы 8,5 мың адамға артық болып отыр. Көрсеткіштердің күрт артуына не себеп болды?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша елімізде 425,6 мың сәбидің туғаны тіркелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,6 мың адамға немесе 5,6%-ға көп және 1987 жылмен салыстырғанда 8,5 мың адамға немесе 2%-ға артық.
Әдетте ауылдағы аналар көп балалы болады дейміз. Бірақ бір қызығы, аталған бюроның ақпаратында қалалық жерде дүниеге келгендер саны ауылдықтарға қарағанда басым болып тұр. 2020 жылдың көрсетілген кезеңінде қалалық жерлерде туғандар саны – 248,7 мың адам (58,4%), ауылдық жерлерде дүниеге келгендер – 176,9 мың адам (41,6%). Ал өңірлер бойынша деректерге келсек, барлық туғандардың жартысынан көбі елдің 6 облысында тіркелген: Түркістан (14,4%), Алматы облыстарында (12,7%), Алматы (8,3%), Шымкент (7,4%), Нұр-Сұлтан (7%) қалаларында және Жамбыл облысында (6,9%) тіркелген.
Дегенмен халық санының өсімін 50 жылдан бері зерттеп келе жатқан тәжірибелі демограф-ғалым Ерболат Мұсабек нақты болжам мен салмақты сөз айтуға ерте екенін жеткізді. Себебі бұл – алдын ала әзірленген деректер.
«Демографиялық дүмпу болды деп сүйіншілеп жатырмыз ғой. Жөн. Десек те бұл – әлі нақтыланбаған, жоғарыда айтылғандай, алдын ала деректер. Демек, көрсеткіштер алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Өйткені кейбірі белгілі бір себептермен баласының туу туралы куәлігін 1-2 айға кешігіп алады, шалғай ауылда тұратын адамдардың уақытында тіркелуге мүмкіндіктері болмай қалуы да мүмкін. Сондықтан сәуірдегі жылдық қорытындыны күту керек. 2020 жылы туғандар саны 1987 жылы туғандар санымен (417139) теңескені рас. Ал қаншалықты артқаны сәуірдегі көрсеткіштерден кейін белгілі болады. Бұл теңесудің өзі де – үлкен жетістік», дейді Е.Мұсабек.
Иә, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан Қазақстанда халық санын арттыру мәселесі бүгінде мемлекеттік мүддеге айналған. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық санын 2020 жылы 20 млн-ға жеткізу керегін айтқан болатын. Осы межеге қашан жететінімізді болжау былтырғы демографиялық дүмпудің себебін анықтаудан басталатын секілді.
Былтырғы «бэби бумға» ең алдымен 80-жылдардағы жағдайдың әсері бар. Бұл туралы бізге «Болашақ» бағдарламасының түлегі, демография магистрі, қазір де осы мамандық бойынша Прагада докторантурада оқитын демограф Аяулым Зарлықанқызы айтты.
«Халықтың саны мен құрамына үнемі талдау жасап отырамын. 2020 жылғы жоғары көрсеткішке негізінен 80-жылдардағы жағдай ықпал етті. Бұдан бұрынғы рекорд 1987 жылы болған еді. Ал енді сол жылдары туғандарда босануды кейінге шегеру шешімі көп қабылданады. Яғни 80-жылдарда туған бүгінгі аналар 40 жасқа жеткенше 3-ші немесе 4-ші баланы туып алуға асығады. Бұрын әйелдер көбіне 30 жасқа дейін босанып алуды құп көретін, қазір бұл жоспарлау уақыты 10 жылдай уақытқа кешікті. Ақиқатында мұндай жағдай Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдерде де орын алып отыр», дейді.
Қоғам арасында «Былтырғы «бэби бумның» болуына көп балалы аналарға мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалып, әлеуметтік көмек көрсетілгені де септігін тигізуі мүмкін» деген болжам бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Демограф маман А.Зарлықанқызының ойынша, мұндай болжам жасауға болмайды. Өйткені әлеуметтік зерттеу жүргізілген жоқ. Олай болған күннің өзінде мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек халық санының күрт артуына жанама түрде ғана әсер ете алады. Өйткені егер отбасында баланы өмірге әкелу жоспарланса, адамдар сыртқы жағдайларға қарамастан жоспарды орындауға тырысады.
Бірақ «80-жылдарда туған бүгінгі аналар 40 жасқа жеткенше 3-ші немесе 4-ші баланы туып алуға асығады» деген оймен толық келісуге статистикалық деректер мойын бұрғызбайтын секілді. Себебі алдын ала мәліметтер бойынша туудың ең үлкен үлесі (31,4%) 25-29 жас аралығындағы әйелдерге тиесілі. Ал 35-39 жастағылар 13,5%-ды ғана құрайды. Алайда демограф А.Зарлықанқызының «мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек халық санының күрт артуына жанама түрде ғана әсер ете алады» дегенін деректер де растайтындай көрінді. Өйткені 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда әйелдердің бірінші босану үлесі – 26,8%, екінші баласын босанғандар – 24,7%. Ал үшіншісін дүниеге әкелгендер 22,2%, төртінші және одан да кейінгі сәбиін туған аналар 25,9%-ы құрады.