Арон Атабек ақымақ емес
Зиялы қауым өкілдері 18 жылға сотталып, 15 жылдан бері түрмеде отырған, 68 жастағы Арон Атабекті денсаулығының нашарлауына байланысты бостандыққа шығаруды өтініп президент Қ.Тоқаевқа хат жазыпты. Хат жазғандардың ішінде Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Олжан Сүлейменов, Бақыт Беделхан, өнертанушы Мұрат Әуезов бар. Бір қарағанда, хат күрескер ақын Арон Атабектің тағдырына алаңдаған жанашырлық сипатында жазылған. Ақиқатында олай емес, Ақорданың нұсқауымен жазылған бұл хат - күрескерлік өмірінің қалған мерзімін түрмеде өткізуге бел буған Арон Атабектің құқығын аяқасты етуді, оған демократиялық таңдау бермеуді, жаза мерзімі бітпей жатып түрмеден шығарып жіберуді көздейді. Мен бұл тұжырымды байыппен түсіндіріп берейін.
Бұған дейінгі «Жігіттің жақсысы – түрмеде, аттың жақсысы – кермеде» ( https://adyrna.kz/post/60487 ) атты мақаламда Арон Атабектің түрмеден шыққысы келмейтінін жазғам. Түрмеге түскенге дейін, бостандықта жүргенде тұрақты жұмыс істемейтін, табыс таппайтын Аронның бала-шағасына да сүйкімсіз болғаны, үй-жайы тозып, отбасы кедейшіліктің шегіне жеткені айтылды. «Шаңырақ оқиғасына» байланысты Арон түрмеге қамалған соң, оппозиция және жанашыр азаматтар аяушылық танытып, Атабектің үйін күрделі жөндеуден өткізді, отбасына басқа да әлеуметтік жәрдем берді, қапастағы ақынның кітабын шығарды. Арон Атабектің саяси күрескерлігі үшін оған халықаралық сыйлықтар алып беруге күш салған да оппозиция қауымы еді. Сол кезде жанашыр азаматтардың ішінде бүгіндері президентке хат жазғыш Ұлықбек Есдәулет бастаған зиялы топ болған жоқ. Қатаң режимдегі түрмеде жатқан Аронға жылы киім, дәрі-дәрмек, газет-журнал, қағаз-қалам жіберіп тұрған жанашырлар президент Тоқаевқа хат жазғыш аталмыш зиялы топ емес. Олар бүгін ғана сайқал саясаттың ығына жығылып Аронды еске алып отыр.
Ақиқат сөз – әрқашан ащы. Ащы болса да, айтайын, Арон Атабектің қолынан екі іс қана келеді. Оның бірі – тәңіршіл рухта өлең жазу. Екіншісі – қайтпас күрескерлік. Аронның күрескерлігі - саяси партиялық жүйелі күрес емес, баррикадалық алыс-жұлыс әдісі. Аронның қолынан келетін екі іс те оның отбасының материалдық-әлеуметтік жағдайын жақсартқан емес, жақсартпайды да. Өзінің әлеуетін және отбасының жағдайын шынайы бағалайтын оған мүмкіндігінше түрмеде қалған анағұрлым тиімді. Ол түрмеден мерзімен бұрын шығып кетсе, онда ол «қайтпас батыр», «принципішіл күрескер» атағынан айырлып, саяси «мүсәпірге» айналады. Сондықтан ол жазаның қалған бөлігін шартты жазаға ауыстыруға немесе денсаулығының нашарлығына байланысты түрмеден босату жөнінде арыз жазғысы келмейді.
Арон Атабек 70 жасқа таяды, ауру-сырқау. Қазір ол баррикадалық күреске жарамсыз. Қалам ұстауға шамасы келетін Арон түрменің жалғыз кісілік камерасында өлең жазып жатыр. Бұл – оның таңдауы. Үкімде көрсетілген 18 жыл жаза мерзімі біткенше Аронды түрмеден шығарып жіберуге ешкімнің қақы жоқ. Еріксіз түрмеден шығарып жіберу Арон Атабектің құқын таптау, көпе-көрінеу заң бұзу болады.
Билік Арон Атабекті түрмеден шығарып жіберуге кемі 4-5 жылдан бері әуреленіп жатыр. Сотталушы жазаның үштен екі бөлігін өтеген соң, оны шартты жазамен босатуға болатын заң бар. Ол үшін сотталушы арыз-өтініш жазуы тиіс. Арон Атабек арыз жазудан бас тартты. Сонымен қатар, сотталушы бостандыққа шығу үшін денсаулығының нашарлауына байланысты арыздануына болады. Бұдан да Арон бас тартқан.
Бейресми мәлімет бойынша, өткен жылдың соңында президенттің арнайы істер жөніндегі кеңесшісі Мақсат Ысқақов Арон Атабекті түрмеден шығуға үгіттепті. Бірақ, әдеттегіше қасарысқан Арон ыңғай бермеген. Бұдан кейін бұл шаруаға танымал адвокат Шынқуат Байжановтың араласқаны жөнінде мәлімет кездеседі. Ол «өз еркімен» Аронның қызы Алмадан адвокаттық уәкілеттік алып, тиісті органдарға арыз-шағым жазуды күшейткен. Адвокаттың арыз-шағымындағы негізігі аргумент мынадай: соталушының қан қысымы жоғары, қант диабеті бар, бір қолы дұрыс істемейді, асқазаны, буыны ауырады, жүріп тұруы қиын және т.б. Мұндай жағдайы мүшкіл адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 75-бабына сәйкес, денсаулығына байланысты түрмеден мезгілінен бұрын босатуға болады. Мұндай талаппен тіпті түрме басшысы да сотқа арыздана алады.
Соталушылардың құқығын қорғаумен айналысатын Елена Семенова түрмеге кіріп, Аронмен кездескен. Телефон тұтқасын көтеруге шамасы келмей тұрса да, Арон құқық қорғаушыға өзінің денсаулығы «жақсы» екенін айтып шығарып салыпты. Бұдан кейін адвокат Шынқуат Байжанов Павлодар түрмесінің басшылығына екінші мәрте хат жолдап, Арон Атабектің денсаулығын бастан-аяқ тексеретін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы комисссия құрғызған. Мақсат – Аронның денсаулығының түрмеде отыруға жарамсыздығын құжатпен рәсімдеу болатын. Егер осы құжат дайын болса, оған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған зиялы қауымның президентке жазылған хатын қосып, Аронды босатып алуға болар еді. Десек те, билік, зиялы қауым және адвокаттың жоспары жүзеге аспай қалды. Арон Атабекті босатуға заңдық негіздеме жасамақ болған түрме басшылығы тағы да кедергіге тап болды. Арон Атабек облыстық ауруханадан келген комиссияны қабылдамай қойған. Ол өз қолымен «Денсаулығымды тексертуге қарсымын» деген үш сөзді тілдей қағазға жазып жіберіпті. Түрме басшылығы да «Арон Атабектің рұқсаты болмаса, біз оны медициналық тексерістен күштеп өткізе алмаймыз» деп мысы құрыған.
Қазір билік түрмеден шыққысы келмейтін Арон Атабекке қандай амал қыларын білмей дал болып отыр. Саяси күрескерлігі үшін халықаралық бірнеше сыйлықтың лауреаты атанған ақын түрмеде көз жұмса, бұл Қазақстан билігі үшін тарихта өшпейтін қара дақ болып қалмақ. Жетпісті алқымдаған Арон Атабектің қылығына қарағанда, ол түрмеде жан тапсыруға бейіл.
Ол Махатма Ганди немесе Нельсон Мандела күрескерлігінің жаңа форматын, қайғылы әрі қасіретті форматын жасамақ па? Қалай десек те, бұл оның демократиялық таңдауы екенін тағы да еске саламыз. Мүмкін, Арон Атабек қазақ қоғамының саяси-демократиялық дамуы жолында өзін осылайша құрбандыққа шалуға барып отырған шығар. Оның бұл әрекетінің заңдық негізі бар. Оның тәні қапаста жатса да, оның ойын ешкім қамауға ала алмайды. Оның үстіне, Қазақстан өзін демократиялық, құқықтық мемлекет деп жариялаған. Конституцияға сәйкес, сот төрелігі бәрінен биік тұр.Нұрбиліктің соты Арон Атабекті әділетсіз болса да 18 жылға түрме жазасына кесті, олай болса, оны мерзімінен бұрын түрмеден шығарып жіберуге зиялы қауым түгілі, Президенттің де қақысы жоқ.
"Демос"ҚБ төрағасы
Құсайынов Тұрарбек
(Автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді)