Сабира Нұрпеисқызы: Қоғамдағы ажырасудың басты себебі – өзімшілдік

3286
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталының кезекті сұхбаты отбасылық психолог Сабира Нұрпеисқызымен болды.

- Сабира ханым, кәсіби психолог ретінде үлкен тәжірибеңіз бар. Жылдан жылға біліміңізді жетілдіріп келесіз. Отбасылық психолог болуға, бұл саланы таңдауға қандай жағдай түрткі болды? Мақсатыңыз қандай?

- Белгілі бір оқиғалар мен жағдайлардың әсерінен, психологиялық жарақат, қарым-қатынастағы  мәселелерге байланысты осы саланы таңдадым деп айта алмаймын. Бұл мамандықты таңдауыма түрткі болған жалғыз себеп - Дейл Карнегидің кітаптары. Менің мақсатым сіздер ойлағаннан да көп. Мен психологиядағы коммуникацияны, яғни  лингвистика арқылы адамның жан-дүниесіне, сана-сезіміне, ойларына, қоғаммен қарым-қатынасына әсер еткенді, жақсы жаққа өзгертуді жаным қалап тұрады. Білесіздер ме, біздің ең үлкен мәселелеміз – адамдармен тіл табыса алмауымызда, іштегі толассыз сезімдер мен эмоцияларды жақын адамдарымызға дұрыс жеткізе алмауымызда. Сол себепті арамызда үлкен түсініспеушіліктер орын алады. Дейл Карнегидің кітаптарын оқып болған соң, анаммен кері байланыс жүргізіп, ол кісіге көрген-білгенімді, оқығанымды айтып беретінмін. Әлі есімде, содан кейін анам "сенің кітаптарың саған менімен сөз таластырып, жеңуді, манипуляция жасауды үйретеді. Ол еңбектерді оқығаныңды қаламаймын" деп рұқсат бермейтін. Бірақ анамның қарсылығына қарамастан, психологияға деген қызығушылығымның оянғаны соншалық, жасырын оқитынмын.

- Қазіргі таңда қабылдауыңызда қандай отбасылық мәселерге жиі кезігесіз?

- Менің қабылдауымда әйелдер қауымы 3 мәселе бойынша келіп, ақыл-кеңес сұрайды. Біріншісі - ер азаматымен қарым-қатынасы суып кеткен, "уақыт бөлмейді" деп қапаланып, бұрынғы жылулық пен махаббатты сезіне алмай жүргендер. Бұл мәселемен келетін кісілер жұбайының мінез-құлқын өзгерткісі келеді. Екінші мәселе - енесімен қарым-қатынас. Әсіресе "қанша жыл келіндік қызметімді атқарып жүрсем де, жарымның анасы маған оң көзімен қарамайды. Меннен  абысынымды артық көреді" деп шағымданатындар көп. Ал соңғы мәселе бойынша өзін дамытуды қалайтын қыз-келіншектер көмек сұрайды. Нені, қайдан, қалай бастау керегін білмей, күйзеліске түсіп, ашушаңдықты жеңе алмай, үнемі көңілсіз жүретін кісілер жиікеледі.

- Сіз отбасылық психологсыз, алайда әңгімеңізден қабылдауыңызда тек әйелдер қауымы көп болатынын байқадым. Неге?

- Ес біліп, оң-солымызды танығалы біздің құлағымызға сіңіп қалған және ешқашан өзгермейтін қағидаттар бар. Мәселен, отбасының ұйытқысы әйел, оның бақыты отанасына тікелей байланысты. Егер әйел адам дана, ақылды болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді. Орынды сөйлеп, керек жерде үнсіз қалу да әйелге тән әрекет. Осындай ақыл-кеңестерге, ойларға таңылып қалғанбыз. Сондықтан бойжеткен ару өзге шаңырақтың отын жаққанда, болмашы мәселелер туындаса, өзін кінәлай бастайды. Уайым-қайғымен жанын жегідей жей береді. Ал ер адамдарға "отбасыңды сақта, сен оның қорғаны боласың, әйеліңмен жылы сөйлес, ол - өте нәзік жан, бала-шағаңның бақытты өмір сүруі, армансыз ойнап-күлуі сенің қолыңда" деп айтпайды. Санаулы отбасында ғана осындай тәрбие бар шығар. Сондықтан ер азаматтың санасына "қыз деген көп, бір жігітке сегіз қыздан келеді, шертіп жүріп қалағанымды тауып аламын" деген сияқты  шегеленіп қалған надан ойлар бар. Мүмкін сондықтан шығар, психологтардың көмегіне әйелдер қауымы көп жүгінеді.

- Біздің қоғам, отбасы мүшелері, ерлі зайыптылар психологтың көмегіне жүгінуге қаншалықты дайын?

- Менің тәжірибемде, ерлі-зайыптылар бірге келіп,  мәселелерін ортаға салып, талқылап, өз ойларымен ашық бөлісетін жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті, қазақ қоғамы бұл процесске толықтай дайын деп айта алмаймын. Бірақ 50%-ға жуығы психологтардың көмегіне жүгінеді. Ал әйел затының психологтың қабылдауына жалғыз келуі отбасындағы мәселе жартылай шешімін тапты деген сөз.  Қалғаны оның ер азаматына байланысты. Егер алдағы уақытта психологқа бірге келетін ерлі-зайыптылардың саны артатын болса, Қазақстандағы отбасылардың 80-90%-ның босағасы берік болады.

- Шаңырақтың шайқалуына не себеп? Ажырасудың басты себептері неде? Тәжірибеңіз не дейді?

- Шаңырақтың шайқалуына себеп болатын басты мәселе - әйел мен ер адамның өзімшілдігі. "Менің қалағаным болса, менің көңілімді табуға тырысса, менімен жақсы қарым-қатынаста болса екен. Әуелі енем өзгерсін, жұбайым өзгерсін, сосын мен де өзгеруге әрекет жасаймын" дейтін ойлардан көрініс табады. Бір-бірінің психологиясын түсіне алмаған адамдар таяз ойлай бастады. Әйел адам ашуланса да, бар өкпе-ренішін эмоциямен айтып тастайды. Ал ер адамдар - логиканың адамы, сондықтан  нақтылықты жақсы көреді. Олар қарым-қатынаста не керегін, не ұнамайтынын барлығын бір-біріне ашық айту керек. Іштей тынғаннан пайда жоқ. Кейде әйел адамдарда бір мәселелер туындайды. Соның барлығымен олар бөліскенді жақсы көреді. Ал ер азамат бұл мәселеге араласпаса да, бастысы жарының әңгімесін, сырын тыңдап, өз ойымен бөлісіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақылдасып тұрса болғаны. "Аналық инстинкт" деген ұғым барлық қиындыққа қасқайып қарсы тұруға мүмкіндік береді. Ал ер адамдар өздерін отбасының басшысы, үздік екенін сезінсе болды, басқа нәрсені қажет етпейді.

- Қазіргі таңда зорлық-зомбылық көп. Бірақ тоқпақтың астында жиі қалатын әйелдер қауымы құқық қорғау органдарына бара бермейді. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Бұл мүлдем дұрыс емес. Әйел адамдардың қатып қалған қағидалары бар. Себебі тәрбие солай. Мәселен, аналары тұрмыстағы қызға "сол үйдің отымен кіріп, күлімен шық. Сен жақсы болсаң, ер азаматың да жақсы болады. Егер саған қол көтерсе, онда тіліңнен тапқансың. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, жас кезінде қол көтереді, қартайғанда қайда барар дейсің, сеннен артығын таппайтынын түсінеді. Қайтып келген қыз жаман" дейді. Иә, дұрыс, әйел еркектен бір саты төмен тұруы керек. Бірақ ол оған құқығың жоқ, ұрса да, соқса да жұмған аузыңды ашпай көндіге бер деген сөз емес. Бұл - сыйласа білу деген түсінік. Мен үнемі "күйеуім қол көтерді" дейтін әйелдерге, "өзіңді қорғай біл, сен өзіңде жалғызсың, сондықтан бақытты болуға міндеттісің" деп жиі айтамын, жиі қайраттандырамын. Негізі осы жағдайға жеткізбей, мәселенің алдын алған дұрыс. Сондықтан ер адам мен әйелдің арасында бір шекара болуы керек. Еркектер барлық әйелге жұдырық ала жүгірмейді. Әуелі "мен жарыммен қандай қарым-қатынаста болғаным дұрыс? Ауыр немесе дөрекі сөздерді көтере ме? Үндемей көндігер ме екен әлде өзін қорғай ала ма?"  дейтін сауалдарға жауап іздейді. Егер қыз-келіншектер қара басын, өздерін, өмірін сақтай алмаса, бағалай алмаса, басқалардан оны күтпей-ақ қойсын.

- Жаңадан отау құрған жас жұбайларда қандай қиындықтар болуы мүмкін? Ұзақ бақытты өмір сүру үшін не істеу керек? Оларға қандай ақыл-кеңестер бере аласыз?

- Жас жұбайларда айтарлықтай қиындықтар немесе кедергілер болады деп айта алмаймын. Тек бір-бірінің тойға дейінгі байқалмаған жаңа қырлары ашылуы мүмкін. Сіз ол адамды сол қалпында қабылдай алсаңыз болғаны. Ал ол қолдан келмесе, тойға дейінгі және кейінгі болмыстарын салыстыра бастайды. Бір-бірін өзгертуге тырысады. Ер азаматтың жаман әдеттері пайда болуы, еріншектікке салынуы, бұрын-соңды өзін күтетін әйел енді мүлдем бояу қолданбауы, дұрыс ас әзірлей алмауы мүмкін. Сондай болмашы нәрселерді іліп алып, тырнақ астынан кір іздемеуге тырысу керек. Шынайы махаббатпен, сүйіп қосылды ма,  бір-біріне мін тақпағаны дұрыс.

- Сабира ханым, көп ер адамдар "өзім білем-діге" салынып, жарымен ақылдасуды жөн санамайды, түсінуге тырыспайды. Психология бұл тұрғыда не дейді?

- Психологиялық тұрғыдан мен сізге басқа көзқараспен түсіндіріп көрейін. Біріншіден "өзім білемін" деген сөзін өзімшілдікке баламаңыз. Ол мәселені "мен өзім шешемін, уайымдама" деген сөзбен пара-пар. Бұл уақытта ер адам өзгеге емес, өзінің мойнына жауапкершілік  алуды үйренеді, яғни әйел затын уайымдатпауға әрекет жасап жүргені. Оның балалары үшін, жары үшін жауап бере алатынын, оларды қорғай алатынын білдіреді. Ал кейбір мәселелер тым күрделі болса, "сен осылай жаса" деп бұйырмай, "сен осындай қадамдар жасап көрсең қайтеді, қалай ойлайсың" деп барынша жұмсақ әрі жылы жеткізуге тырысқан дұрыс.

- Психологиялық еңбектерде «қазіргі кезде некеде туындайтын мәселелер отбасындағы гендерлік рөлдердің өзгеруімен байланысты» деп жазылған. Бұл тұжырымның қазақ отбасыларына қатысы бар ма?

- Әйел затының да, ер адамның да отбасыда өз рөлі болу керек, ол әріден белгіленіп қойған. "Тепе-теңдік" деген ұғым отағасы өзінің жанұядағы жауапкершілігін, қорғау, асырау, басқару қызметін ұмытқан кезде қалыптасады. Бұл жағдайда ауыртпалықтың барлығы автоматты түрде әйелге өтеді. Сосын нәзік жанды жаратылысқа "менде ақша таба алам, мен де мансап құра алам, қолымнан көп нәрсе келеді" дейтін ойлар келе бастайды. Ал егер қырық, елу жасқа келгенше ер азамат ата-анасымен бірге тұрып, олардың есебінен күн көруге әбден үйреніп алса, бұл жағдайдың соңы тіпті жақсы болмайтыны анық.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Айжан СЫЛАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер