Ердоған мен Илон Маск ғарышты бірлесе игеру бойынша келісім шарт жасаспақшы

4630
Adyrna.kz Telegram
Бүгін Ердоған Илон Маскпен телефон арқылы сөйлесті. Технократ пен президент арасында технология саласындағы әріптестікті дамыту туралы әңгіме болған. Әрі бүгін Ердоғанның туған күні. Бұл да бір себеп. Бірнеше жыл бұрын Илон Маск Түркияға да келіп кеткен. Президентпен жолыққан. Артынша Ердоған 2023 жылы электр көлігін шығарамыз, ғарышқа тұңғыш рет түрік ғарышкерін ұшырамыз деді. Ердоған билігі ғарышты игеру бойынша мемлекеттік бағдарламаны дайындап бекітті.
Қарап отырмай Илон Масктың сұхбаттарын да көріп шықтым. Ойлары өткір.
"Қазір ғарышқа ұшатын зымырандар жасау оңай. Бұл тақырыпта жазылған мыңдаған кітаптар бар. Ғылымның күші әлдеқашан ғарышқа ұшар зымырандарды жасап шығаруға жетті. Әлгі кітаптарды оқы да, технократтарды жинап, инфраструктураны жасап, ракета құрастыра бер. Бүгінгі адамзаттың мәселесі зымыранның келесі буынын жасау. Планеталарға ұша алатын жаңа технология ойлап табу. Кеңестің де зымыраны жаман емес. Тек бұл  зымырандар 1950 жылдары жасалған. Әлі ұшып жүр. Демек 70 жыл біз бұл салада бір орында тұрғанбыз. Егер Королев мұны естісе көрінде аунап түсер еді.
Ресейге 2000 жылдары зымыран сатып алу үшін 3 рет бардым. Қымбат бағаны айтты. Өзімнің жасағаным арзан болатынын түсіндім. Көп ұзамай компания құрып іске кірістім. Мен үшін 2008 жылдар өте қиын өтті. Жұмыс орнында ұйықтадым. Соңғы миллиондарым қалды. 2-3 аптада нәтиже шығармасақ, мамандарға төлейтін жалақы да қалмайтын еді. Соңғы сәтке дейін үміт үзбей күрестім.
"Біз ғарышқа ұшуды адамзат баласына арзан әрі қауіпсіз етуіміз керек. Адамзат баласы күнделікті ішіп-жеу, жұмысқа барудан да биік дүниелерге ұмтылуы тиіс. Бұл біздің миссиямыз. Ертең ақырет келеді. Бәрі құриды деп қарап отырмай адамзатты сақтап қалар жаңа жолдарды іздеуіміз керек"- деді.
P.S. Кейде ойлаймын. Илон Маск қару-жарақ шығаруға шындап кіріссе бұл салада төңкеріс жасайтын секілді. Ресейді 10-15 жылда ең артта қалған елдің деңгейіне түсіреді-ау. Әзірге тек ғарыш, электр көлігі, Марс, тегін интернет деген жобалармен жүр. Ал, АҚШ бұл генийдің басын қорғаныс саласына бұрса ше?.. ОДКБ көмекпейді-ау ол кезде.
Жалпы осы тектес дүниелерге қызыққан, талқылаған, қоғам болып ұмтылған дұрыс. Бұл бізді ел ретінде өсіреді. Ең қызығы Илон Маскті бір-екі жобасымен Өзбекстан өзіне тарта бастаса, бұл біз үшін өлімнен бетер ұят болады. Үкіметімізді жеп қоямыз ол кезде. Байқоңыры бола тұра бізден аттап өзекеңе кетсе, бұл біздің үкіметтің кемшілігі деген сөз. Бір адам бір мемлекеттің беделіне, дамуына әсер ете алар күште. Мықты тұлға!
Қазақ үкіметі қорытынды шығарар. Әлемдік деңгейдегі бірнеше технократтық компанияның иесі атанған талантты тұлғаны Ердоған секілді бір саламызға тарта білген дұрыс. Өзіміздің қолдан келмеді ғой енді. Ол түсінікті.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер