Жардың шетіндегі, желдің өтіндегі тіл

4697
Adyrna.kz Telegram

(Қазақ тілінің бүгінгі проблемаларының түп-төркіні осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрынғы қоғамдық ахуалда көрініс тапты) 

Қазақ Елінде ХІХ және ХХ ғасырлардың тоғысында Ағартушылық қозғалыс айқын аңғарылып, ол көбіне-көп ұлт азаттығына ұмтылу аңсарымен ұштасты. Мағжанның:  «Сезінбей өзінікін, өзгенікін, Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр?» – деген өзекжарды өкпесі, Сұлтанмахмұттың: «Пайда, зиян айырсақ,

Жүре бермей жегуге», – деген өтінішті талап-тілегі сол замандағы зиялы, зайырлы көңіл-күйдің контексіне дөппе-дөп келді.

Ұлт тіліндегі мерзімді басылымдардың пайда болуы, әр түрлі саладағы кітаптардың баспа жүзін көруі, оқулықтар мен хрестоматиялардың жарыққа шығуы ағартушылықтың ақпараттық кеңістігін айқындаса, орысша оқудың таралуы мен мұсылманша білім беру жүйесінде жәдидшілдіктің ірге тебуі оның идеологиялық түр-тұрпатына ықпалын тигізді. Қалың ұйқыға камалған қазақ сахарасының  қақпасы бір замат батысқа да, шығысқа да бірдей ашылған болатын; нәтижесінде Ұлы Далада төрткүл дүниені тоғыстырған мәдени полицентризм орын алды.

Ал осы жойқын аккультурациялық текетірес пен тайталастың барысында елдіктің, ерендіктің ұйытқысы –  қазақ тілінің тағдыры жардың шетінде, желдің өтінде тұрды.

 

«Русшаны харам дейміз біздің дінде...»

 

Жалпы жұрттың арасына жайылмағанымен, ұлттық элитаның бір бөлігінің ортасында үш тілділік (кейде одан да көп тілді игеру) құбылысының таралатыны — осы тұс.

Ауыз әдебиетіндегі айшықтарымен талайды тамсандырған ана тілімізбен катар, ресми қарым-қатынас қағаздарында және жазба жәдігерліктерде — байырғы санскрит, латын, ескі шіркеулік-славяндық тіл тәрізді, белсенді дәрежеде біріктірушілік міндет атқарған «шағатай», «түрки», «кітаби» деп аталатын ортаазиялық ортақ әдеби тіл де қолданыста болды. Ал Ресей империясы қазақ сахарасын тұтастай кұзырына қаратқан сәтте отаршылдықгың бір тірегі — орыс тілінің орнын тиянақтау мәселесі күн тәртібіне кіргізілді.

Ұлы Абай ұлт өміріндегі өзгерістерді терең түсініп, өзге екі тілдің бұдан былайғы уақытта тұрмыс-тіршілікте қаншалықты мән-маңызы болатындығын дәл болжап, байыптап берген еді. Ол «құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана» сауат ашқан қазақ балаларын араб-парсыны  біліп, бұған қоса орысша оқуға шақырғанда, мұны үстем елдің «зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болу» қажеттігімен тұспалдады және «қазаққа күзетші болайын, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік» деген ниетпен үйрену қажеттігіне ден қойды.

Абайдан соңғы ағартушы ақындардың да ой қорытындылары осы құралыптас. Мысалы, бір өлеңінде:

Пайғамбар, хақ құданы бір біліңіз,

Орысша мен мұсылманша тіл біліңіз, —

деп  таразы басын тең ұстауға тырысқан Әбубәкір Кердері келесі тармақтарда:

Пайдаға дүнияда жарамайды,

Орысша оқымаған бұл күніңіз, —

деген тұжырымға тоқтайды. Діндар ақынның басқа бір ретте:

Орысша ғылым білмесе,

Еш пайдаға аспады

Мұсылманша молдаңыз, —

деп қиыстырған  қатарлары да өмір шындығынан өрілгендігі шүбәсіз.

Сол сияқты иманы кәміл тағы бір шайыр, қажы Мақыш Қалтаев «Русша оқу керек» атты өлең жазып, онда былай дейді:

Русшаны харам дейміз біздің дінде,

Мұқтаж болып тұрсақ та осы күнде.

Тілмашқа  тағзым қылып жалынғанша,

Арызыңды ада қыл өзің біл де.

Переуодшикті көреміз әлдеқандай,

Соныкінен кем бе еді біздің таңдай?!

Ақынның анықтауынша, империялық жүйенің итаршысы, «ара ағайындықтан» табыс табатын тілмаштар, яғни «переуодшиктер — хитрый»; абзалы, өз басыңды өзің қорғап, есебіңнен жаңылмай, ешкімге есеңді жібермеуің үшін орыспен тікелей тілдесе әрі тайталаса алатындай тұғырға талпынғаның жөн.

Міне, «бисмілләсіз» сөз бастамайтын, дәретсіз жер баспайтын кұдайшылдардың өзін заманның шарттары осындай шарасыз, бірақ шалымы мол шегініске мәжбүр қылған.

Бұл ұлттық ұстанымды Міржақып Дулатұлы: «... дүниемізде кажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан қорлық көрмес үшін орысша оқып, һүнерлі болалық. Орысша білмегендіктің зарарын білу фарыз дәрежесінде қажет екендігін, міне, мұнан байқаңыз: Россия мемлекетінде жүз қырық миллионнан артығырақ халық бар; һәммәсі жүз тоғыз тілмен сөйлейді, соның ішінде үстін тіл — орыс тілі; күллі хүкімет мекемелеріндегі жұмыстар орыс тілінде болады, закондар һәм солайша», — деп мәністесе, Мұхамеджан Сералин өзі редакторлық еткен «Айқап» журналының бетінде мынадай сөздермен мазмұндады: «Үстімізден қарап тұрған үкіметіміз Россия болған соң, орыс тілін білу біздерге парыз деп айтсақ — күнәлі болмаспыз... Россия мемлекетінде бақытты болып тіршілік ету үшін ғылым, өнер керек, орысша тіл білу керек» (1912. №3, 54-6ет). Кезінде алаш жұртының тағдырына жаны тызылдағандықтан, ақылға салына айтылған мұндай түйін-тоқтамдардың кеңестік кезеңде бұрмалана байыпталып, «интернационализм» идеяларына иіп бағындырылғаны бүгін баршаға ұғынықты ғой дейміз. Әр әлеуметтік ойдың бітім-бағдарына тек қана тарихи тұрғыдан баға берудің орындылығы осындайда еске оралады.

Сөйтіп, қазақ қоғамында «не өмір, не өлім» мәселесі тезге түскен мезетте ұлттық интеллигенцияның діни де, дүнияуи де бағдардағы өкілдерінің тілге қатысты тілек-талаптары — қайсыбір адасуларға қарамастан — елдің мұрат-мақсат-мүддесіне лайықталды. Алаштың алдыңғы саптағы азаматтарының атаның қаны, ананың сүтімен дарыған рухани мұра-мирасты санамағанда, мағырыптың да, машырықтың да мәдениетін жете меңгеріп, олардың ішінен қайталанбас тұтас тұлғалардың шырқап шығуы ғажап жайтқа жатады.

Бұлай болуына зиялыларымыздың әлденеше тілді бірдей білуі де сүрлеу ашқаны сөзсіз.

Мысалы, Шәкәрім Қүдайбердіұлы:

Жасымнан жетік білдім түрік тілін,

Сол тілге аударылған барлық білім.

Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,

Жарқырап  қараңғыдан туып  күнім.

Оятқан мені ерте — Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен,

Надандықтың тазарып кетті кірі,

деп өзінің орасан білімдарлық пен бүтіндікке жетуі жайынан хабар жаяды.

Бұл — көп тілділіктің қазақ халқының қапастағы сезімін сергітіп, санасын саралап, өзін сақтауына, өзгенің үздігінен үйреніп, жаманынан жиренуіне, сөйтіп төл топырақта өсіп-өнген елден ерек, озат ойлы сұңғылаларды сұрыптауға тигізген септігі.

 

«Бір милләттің жаны һәм рухы-дүр...»

 

Алайда тілдер тоғыстығының пайдалы, позитивті сипатымен қоса, зиянды, зарарлы жақтары да біртіндеп байқала бастады; яки қазақ тіліне қауіп төнді. Соның, себебінен ана тілін ардақтау, қызғыштай қору қажеттігі  көзге көрінді. Задында, бұл проблема ертелі-кеш қай халыққа да соқпай кетпейтін сыңайлы. Белгілі этнолог Г.Шпет: «... ұлттың «оянуы» әрқашан туған тіл, оның тазалығы және тағы басқа тұстары турасындағы аса қамқор сүйіспеншілік сезіммен сабақтасып жататындығын тарих беттерінен тауып беру қиын емес. Мысалға ХҮІІІ ғасырда немістің оқымысты ортасында ана тілі үшін жүргізілген күресті немесе XIX жүзжылдықтың аяғында поляк халқының өз тіліне аялай назар аударуын айтсақ та жетіп жатыр...», — деп жазса, орыстың ағартушы-«архаистері» де ұлттың бірінші ұйтқысы деп тілді дәріптеген. Сондықтан Ф.Растопчиннің Цициановқа жазған  хатында: «Бірінші Петрдің сақал-мұртымызды күзеп тастағаны, ал Шуваловтың былғанышты француз тілінде сөйлеуге зорлап таңғаны бізді қандай бақытсыздыққа душар қылды десеңші!», — деуін жаңалыққа емес, жат жұрттық ықпалға қарсылық ретінде қабылдаймыз.

XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басында құлдық қамытындағы қазақ ұлтының тілі де тарих талқысына түсті.

Қазақ тілінің табиғаты мен тағдыры төңірегіндегі әңгіме Ыбырай Алтынсариннен кейін — «Дала уалаятының газетінде» жарияланған Дінмұхамед Сұлтанғазиннің «Қазақ тілінше жазу турадан» (1896, № 31,32), «Біздің, қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз» (1890,№6), Асылқожа Құрманбаевтың  «Қазақ тілі турасынан» (1894, № 27) атты мақалаларында қозғалды.

Соңғы автордың өзге  туындысында: «Арапша, парсыша, түрікше һәм өзге тілдерді қазақтардың оқымысты адамдарының араластырып сөйлескендері мейлінше көп болады. Өздерінің мұндай сөйлегендерін білімшіліктің белгісі деп ойлайды. Ләкін намысқа тартпай, өзінің затын корлаған екенін білмейді. Біздің қазақтың маймылға ұқсап, біреу не қылса, соны қылатұғыны бек көп... Қазақтың тілі жыл-жыл сайын төмендеп бара жатыр. Бұл қазақтың тілін көтеріп, молайтып ілгері бастырмаққа қажет-дүр. Арап, парсы һәм өзге тілдерді білгенмен білімді болмайды. Бұл тілдер бізге ешбір пайда келтірмейді. Біздің қазақтар бұл аз пайдалы тілдерді үйренуге уақытын өткізіп, еңбегін еш қылғанша, онан да өздерінің қазақ тілін һәм орысша тілді үйренуге уақытын өткізіп, еңбегін еш қылса жарар еді. Бұл тілдер бізге өзге тілден гөрі көбірек керекті болса керек», - деп қазақ тілінің қамын ойлап отырғанда, шығыс тілдеріне шүйлігіп, орыс тіліне бүйрек бұруында, әрине, ағартушылықтың алғашқы адымдарының тәжірибесіне тән утилитарлық біржақтылықтың табы бар.

Орысшалықтың құдіретіне құлай сүйінуге, сыйынуға негізделген тілдік утопиядан оқығандарымыз ұлттық ояну барысында бірте-бірте айықты.

«Айқап» журналындағы М.Малдыбаевтың  «Тіл турасында (1912, №4), «Тағы да тіл турасында» (1912, №7), М.Есенкелдиннің «Тіл турасында» (1912, №7), Ш.Сайымбаевтың «Тіл жоғалту турасында» (1913, №7), т.б. авторлардың мақалаларында үстем ұлттың үкімдарлығы қазақ тілінің құлдырауына сеп екендігі  сөз етіледі. Мысалы, Уалиалла Халили «Тіл сақтаушылық» атты  шығармасында (Айқап. 1912, №9): «...қазақ жастарының көбіне орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес. Біз милләтке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі қазақ  тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрсағына қызмет етіп кетеді», — десе, Түрік баласының «Қазақ» газетінде басылған (1913, №2) «Орынбор. 10 февраль» мақаласында төмендегі жайлар тәптіштелген:

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал...»

Тағы да сол «Айқаптың» тілімен сөйлегенде, тіл мен әдебиет — «бір милләттің жаны һәм рухы-дүр» болғандықтан, бұл  екі құбылыстың тағдыр-талайының қосарлана қарастырылуы да түсінікті. Бірде әсіре шығысшылдықтың ығытында кету, бірде әсіре батысшылдықтың ықпалына көну немесе осы екі арнаның терезесін тең ұстауға тырысушылық көркем шығармалардың кестесінде кей кезде ана тілінің ар-абыройын ескермеушіліктің есебінен жүзеге асырылып жатты. Өлең өріміне жат жұрттық сөздерді көзжұмбайлықпен кірістіру жиі кезігетін жағымсыз жайтқа айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақаласындағы: «Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс... Егер орысша оқығандардың  аузынан шықса, ноғай мектебінде оқығандардың аузынан шықса, құдай өзің жөн бер!.. Шәкірттер өзді-өзін ұғынады да қояды», — деген пайымдауларда татаусыз шындық тұр. Өзі де бастапқыда «әдеби тілмен» әуестеніп, бұл дерттен бірте-бірте айыққанын мойындаған Міржақып Дулатұлы қазақ тілі турасында: «Қазақ тілі бай, таза, іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз. Мұны іңкәр қылатынымыз жоқ. Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған...» (Қазақ, 1915, №93), — деп қауіптенді.

Халықтың болмыс-бітіміне тікелей байланысы бар кез келген кұбылыстың қадір-қасиеті оған нақты қатер төнген сәттерде ғана шын мәнінде елене бастайтындығын ескерсек, қазақ тілінің қайта түлеуіне кесірін тигізетін кедергілердің анық көрінуі де сана-сезімдегі күрт бетбұрысты байқатты. Осының нәтижесінде, академик Рабиға Сыздықова айтқандай, «қазақ халқының әрі қарайғы мәдени дүниесіне халықтың өз тілі, ұлттық тілі қызмет етуі керек деген идея туады». Тіл тазалығы үшін күрес оны ұлттық болмыстың ең аяулы, ең ардақты белгісі ретінде жаңаша қабылдауды қалыптастырды. Қазақ ақындарының шығармашылығында бұрын болмаған ана тілі тақырыбы асқан сүйіспеншілікпен жырлана бастады.

Бұл тақырыптағы бізге мәлім тырнақалды туындылардың бірі — белгісіздеу автор Мырзахмет Қожақлановтың «Айқап» журналының 1914 жылғы 13-санында жарық көрген «Туған тіліме» атты алты шумақты өлеңі.

Ей, туған тіл, баспай артқа,

Ұмтыл енді, алға бар.

Күнің шығып, айың тумай,

Біраз уақыт еттің зар, —

деген жолдармен басталатын өлеңнің көркемдік өрнегі эстетикалық талап тұрғысынан кемшіндеу көрінгенімен, тың танапқа түрен салуымен кұнды.

Келе-келе көрнекті ақындарымыз да бұл тақырыпқа бет бұрып, ана тіліне арналған сыр-сезімдерін жыр кестесіне көшірді. Мысалы:

Сүйемін туған тілді — анам тілін,

Бесікке жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутімнен

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

С.Торайғыров

 

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,

Сенімен бағаланған балаң түрі.

Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,

Сенімен әлдилеген анам мені.

І.Жансүгіров

 

Ақындар негізінен туған тілге деген қарым-қатынасын анаға сүйіспеншілікпен тең санап, бүкіл тірлігінің баянды тұстарын, бақытты тарауларын соның шуақ-шарапатына теліді.

Ал Мағжан Жұмабайұлы «Қазақ тілі» атты өлеңінде тарихи сана тұңғиығына бойлап барып:

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың —

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! —

дейді де, «таза, терең, өткір, күшті, кең» — туған тілін ұлттың басын біріктіретін күш есебінде көреді:

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

Тоқ етерін айтқанда, қазақ тілін ұлттық рухтың ұстыны дәрежесінде түсініп-түйсінуді Ағартушылық дәуірінің жемісі дейміз және сол процестің сатыларын былайша бөлеміз:

  1. Қазақ қоғамындағы қалыптасқан тарихи ахуалға сәйкес көзі ашық топтың ортасында көп тілділіктің (араб, парсы, орыс, татар, т.б.) бой көрсетуі;
  2. Көп тілділікті дұрыс қолданбаудың салдарынан әдеби, т.б. туындылардың «шолжың», «шүлдір» (Сұлтанмахмұт) сөздермен шұбарлануының жаппай етек жаюы;
  3. Қазақ тілінің бұзылып-былғануына қарсы наразылықтың пайда болып, нәтижесінде оны ұлттық мақтаныш-мерейдің ажырағысыз бөлшегі деген танымның тууы.

Одан бергі кезеңдерде де тіл тазалығы үшін бірде буырқанып, бірде бәсеңдеп отырған талас-тартыстардың өзегінде сонау Қазақ Ағартушылығының рухани тәжірибесі мен тағылымы жаңарып-жаңғырып жасап келе жатқандығы күмәнсіз.

 

Амантай ШӘРІП, 

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Пікірлер