Биыл қазақ руханиятының маңызды басылымы «Ана тілі» апталығының жарық көргеніне 35 жыл толды. 1990 жылдың 22 наурызында Алматыда алғашқы саны шыққан бұл басылым ұлттық тіл мен мәдениеттің насихатшысы болып келеді.
«Ана тілі» – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша еңбек етіп келе жатқан басылым. Газет Қазақ тілі халықаралық қоғамының және редакция ұжымының бастамасымен құрылып, елдегі тіл саясатының өзекті мәселелерін көтеріп келеді.
Газет апталық форматта шығады.
Газеттің алғашқы бас редакторы – Жарылқап Бейсембайұлы, ал қазіргі уақытта бұл жауапты қызметті Ерлан Жүніс атқарады. Бүгінде «Ана тілі» газеті «Қазақ газеттері» ЖШС-іне қарасты басылымдардың бірі.
«Ана тілі» газеті 35 жыл бойы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, қазақ қоғамындағы маңызды мәселелерді көтеруге үлес қосып келеді. Басылым бетінде тіл жанашырлары, әдебиетшілер, тарихшылар, саясаткерлер қазақ тілі төңірегіндегі көкейкесті ойларын ортаға салып, ұлттық мүдде жолында пікір білдіріп келеді.