Facebook әлеуметтік желісіндегі «Менің мектебім» тобында Асхат Алимов: «Болашақта жұмысқа тұру үшін бүгінгі түйіндемелердің (резюме) орнына әрқайсымыздың «цифралық ізіміз» қолданыста болады деген болжау айтылады. Яғни, біздің қандай әлеуметтік желілерге кіріп, онда не оқып, не қарап, не жазғандарымыз, интернетте қандай сайттарға кіріп, қандай материалдарды іздегеніміз, қарағанымыз не оқығанымыз, олар туралы қандай пікір қалдырғанымыз (не қалдырмағанымыз да) біздің танымдық және кәсіби деңгейлерімізді айғақтайтын болады. Жұмысқа тұрғанда, кез келген жұмыс беруші арнайы сайтқа кіріп, жұмысқа тұрғысы келген адам туралы осындай мәліметтермен таныса алады» деген жазба жариялады. Сонымен қатар ол мұғалімдердің көбінесе қандай пікір жазып, неге «лайк» қоятындарына да тәжірибе жасағанын айтады. Қорыта айтқанда, Асхат Алимов мұғалімдерге әлеуметтік желілерде жазатын пікірлеріне мұқият болуға шақырады. Мұғалімнің «цифралық із» туралы болжамы не үшін айтылғаны түсініксіз. Десек те, осы жазбаны қолдап, «дұрыс» дейтіндер де жоқ емес екен. Жазбаның астына қалдырылған жүздеген пікір осының дәлелі іспеттес. Алайда, бұл жазбаның негізгі астарына бас назар аударған еліміздегі мұғалімдерге қатысты әрбір әділетсіз жағдайлармен күресіп, құқықтық көмек көрсетіп жүрген мұғалім Айман Сағидулланың жауабы төмендегідей:
«Мұғалім де жаны мен жүрегі бар адам. Қоғамдағы болып жатқан жағдайға араласпаса, ол несіне мұғалім? Мұғалім тек қана "Лиссон стади, Сингапур" деп армандап отыратын мамандық емес. Мұғалім өз еліне, халқына жаны ашып, әр мәселесін түсініп отыратын адам. Елдің мәселесіне араласып, өз ойын айта алмаса, мұғалім болудың не керегі бар?
Таң қалатыным, сол жазбаға көп мұғалімдер қолдау білдіріпті. Түсінбей қолдай салған ба, әлде болашақта әлеуметтік желідегі пікірімізді, кірген сайтымызды директордың тексеріп болып, жұмысқа алуын қолдап отыр ма?
Алаңдамаңыздар! Болашақта ондай болмайды. Сөз бостандығы бар. Біз де жаны мен жүрегі бар адамбыз. Мұғалімнің қандай пікір жазатынын өлшеп беретіндей ешкімнің құқығы жоқ.Тірі болсақ ондайға жол бермейміз. Келесі жолы біреуді қолдайтын кезде жазбаны дұрыстап оқыңыздар. Әйтпесе министр :"Халық қолдап отыр,"-деп әдеп қағидасына енгізіп жібермесін».
Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.