Covid-19 ғылыми басылымдардың позициясына қалай әсер етті?

1437

Әлемді жаулаған Covid-19 дертінен кейін ғылыми басылымдардың да позициясына, сонымен қатар, кейбір эдиторлық топтарына өзгерістер енді.
Бұл процесс Covid-19 аяқталғаннан кейін де инновациялық, технологиялық тарапынан жаңа өзгерістерге ұшырайды.
Осыған орай ғылыми журнал мазмұны да жаңа өзгерістерге бейімделе түседі. Бұл қандай жаңа өзгерістер болуы мүмкін?

 

Журнал кез келген бағытта жарық көрсе де, пандемиядан кейін көптеген басылымдарда жарияланатын мақаланың басым көпшілігіне проблемалық сұрақтар қамтылуы қажеттігі маңызды саналып отыр. Бұл гуманитарлық салалардағы журналдарға да қатысты.

Пандемия тақырыбының гуманитарлық салада зерттелуі қаншалықты маңызды әрі бұл не үшін қажет? Тілді, тарихты, әдебиетті, психологияны т.с.с. салаларды оқыту барысындағы проблемалық сұрақтарды пандемия кезінде қалай шеше аламыз деген сынды эксперименттік-практикалық қорытындылары бойынша мақаланың методикалық бөлімінде талдай отырып, ғылыми мақалаңызды ұсынсаңыз - бұл басылымдар үшін бүгінгі күннің актуалды тақырыбы.
"Пандемия кезінде тіл сабақтарын қашықтықтан оқыту тәсілдері", "Пандемия кезінде тарих сабағында инновациялық технологияларды қолдану тиімділігі" деген сынды тақырыптар ғылыми өңдеуді қажет еткенімен, бәрібір маңызды болып қала береді. Жариялану мүмкіндігі де жоғары.

Ғалымдар үшін осы жағдайда төмендегі екі жайтты анықтап алу қажеттілігі туындайды.
1. Сізге кез келген мақаланың жариялануы маңызды ма?
2. Сіздің өз салаңыздағы имиджіңіздің қалыптасып, зерттеу тақырыбыңызды жетік білетін маман ретінде өз ізіңізді қалдырғаныңыз маңызды ма?
Кез келген ойлы ғалым екіншісін таңдары анық.

Онда сіз мән беретін жағдай - бұл сіздің research профиліңіз. Бұл профиліңіз сіздің имиджіңіз. Ғылыми имидж - бұл сіз емес, сіздің зерттеулеріңіз.

Мысалы, Әдебиет теориясы тарапынан зерттеулеріңіз қандай бағытты қамтуы тиіс. Абай тақырыбына байланысты зерттеулерді алайық. "Абайдың табиғат лирикасы", "Абайдың қара сөздері", "Абай шығармаларының текстологиясы" сынды тақырыптар бір мезгілдік емес, классикалық әрі жете ізденуді қажет ететін тақырыптар. Шет елдік тегін импакт факторлы ғылыми басылымға Абай шығармасы туралы мақала ұсына қалсаңыз: теория ма, сын ба, тарихы ма, оның ішінде, теориялық тұрғыдан болса, жанрлық ізденістер жайында, аталған жанр туралы соңғы, қызу талқыға түскен мақалалар туралы жеткілікті дереккөздеріңіз қамтылуы тиіс.

Абай шығармаларының зерттелуі деңгейі, текстологиялық ізденістер әлі де толықтыруды қажет етеді. Әсіресе, жанрлық тұрғыдан анықтау -күрделі. Бұл жағдайда шығыстық, батыстық, төл теориялық ұғымдарды салыстыра отырып, қайсысы Абай шығармаларының табиғатын аша түседі деген сауалдарға жауап беру қажеттілігі туындайды.

Ғылыми мақала жазу барысында бізде теория мен тарих, оған сын қабаттаса жазылып кететін уақыттар да болған. Біз жоғарыда атап отырған "ғалымның әлемдік имиджі" мұндай олқылықтарды көтермейді. Ғылыми мақала жазу барысында біз ескере бермейтін, әйтсе де маңызды саналатын әдеби шолу, тұжырымдамалық негіздері және теориялық жақтары: терминдер мен олардың функциялары, айырмашылықтары жайында жете ізденістер қажет.

Кез келген халықаралық жиындарда алдымызда тұрған, қарапайым тілмен айтсақ, көлбеу тұрған тақтайша елімізді білдіреді. Бұл тақтайшаны жоғары көтеріп қойсақ, сол елдің атынан сөйлейтінімізді білдіреді. Халықаралық ғылыми басылымға мақала жазуда да біз еліміздің ғылымын, зерттеу деңгейімізді танытамыз.

"Ғалымның әлемдік имиджі" - сіздің еліңіздің де ғылыми имиджі. Ал Абай туралы зерттеу мақалаңыз жарыққа шықса, бұл - қуаныш. Себебі, Абайдың әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы нақты, тұжырымдалған талдау жасау - тұтас қазақ елінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін паш ету. Бұл тақырып қай уақытта да - өзекті. Алдыңғы буын зерттеулерін болашаққа жалғастыру жолында көпір болу - міндетіміз. Абайдың 175 жылдығы осындай іргелі зерттеулердің басталуына жол ашты деп нық сеніммен айта аламыз.

Арай ЖҮНДІБАЕВА,
философия (PhD) докторы,
лингвист, әдебиет зерттеушісі
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар