Ерекше балалардың ата-аналары оңалту орталығын ашқан

1325

Шымкент қаласында ерекше балалардың ата-аналары өз күштерімен оңалту орталығын ашқан. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Instagram парақшама өтініш келіп түсті. Онлайн қабылдадым. Өздері ашқан Оңалту орталығына шақырды. Бардым, көрдім, тәнті болдым. Ерекше балалардың аналары екен. Өздері бірігіп, бір үйді жалға алып, өз балаларына, бір жағынан, балабақша, екінші жағынан, реабилитация ұйымдастырып отыр. Жандарым сол, сонша бейнет берген. Амал нешік! Барға шүкіршілік айтасың»,-деді ол.

Шыңғыс Мұқан аналардың бұл әрекетін нағыз көшбасшылықтың үлгісіне теңеді.

«Басыңа түспесе білмейсің. Ерекше баланың ата-анасы болуды бір адамдай білетін адам ретінде айтарым: Жасымаңдар, ата-аналар. Алла тағала сынақты көтере алатын адамдарға ғана береді. Тағдырды қабылдап, балаларды бақытты ету үшін аянбаңыздар. Барлық нәрсенің қайыры бар.

Ерекше балалардың ата-аналарының бұл әрекеті – нағыз көшбасшылықтың үлгісі. Мұны мен «қарсылықсыз өзгеріс» деп атар едім.Адам қиындыққа тап болғанда іште қарсылық пайда болады. Қарсылық әдетте өзіңе емес, өзгеге бағытталады. Қараспады деп меморгандарды айыптайсың. Ағайын-тума сырт айналып кеткендей көрінеді. Тағдырыңа налисың. Осындайда қарсылықты сыртқа емес, ішке бағыттап, қиындықты мүмкіндікке айналдыруға, сұрақты өзгеге емес, ең алдымен өзіңе қоя білу – бұл көшбасшылық. Неге «қарсылықсыз өзгеріс»? Мен кездескен ата-аналар «баламызға жағдай жасамай жатыр, оңалту жоқ» деп сынап, мемлекеттік саясатқа қарсылық танытуға да болады. Оған және құқықтары да бар. Бірақ сынап-мінемей, қарсылық танытатын объект іздемей, сол өзгеріске өздері көшбасшы болу, шынында да, үлгі боларлық. Көшбасшылық танытып жүрген ата-аналарға мемлекет тарапынан заң аясында қандай қолдау көре алатынын түсіндірдік. Бір сөзбен, жарайсыздар!»-деп сөзін қорытындылады әкім орынбасары.

«Адырна» ұлттық  порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы