«Жайлы заманауи, кең ипподром салынса ғой»

4289
Adyrna.kz Telegram

– Шымкенттегі атшабарды қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 1979 жылы үлкен күрескерлікпен салып берді. Ал оған дейін бұл жер құрылысқа қажет тас пен құм өндіретін карьер болатын. Сол карьердің үстіне сиыр фермасы салынған. Кейіннен бұл жер ипподромға айналдырылды.

Одан бері 41 жыл өтті. Әбден ескірді.
Ұлттық спортқа жанашыр көрермен бәйгені көруге келгенде бір-бірінің көлеңкесіне, панасына тығылып, әбіржіп отырып көреді.

Жыл он екі ай әр мезгілдің қолайсыз ауа райына төтеп беруіне тура келеді. Сонда бәрінің айтатыны «Шатыр жоқ па? Қашан салынады?» деген сауал.

Әу баста карьердің үстіне салынған атшабар болғандықтан, қазіргі орны 8 метр төменде, желдің өтінен төмен жатыр. Ал самал соқпай, ауа алмаспай тұрған соң, аттар қиналады. Ертеректе ипподромның айналасы ашық болатын.

Қазір «Наурыз» алаңындағы карусельден бастап, «Otau Group» құрылыс компаниясы салып жатқан 4-5 тұрғын үй бар. Бұл да атшабар аймаққа самалдың енуіне кедергі болғаны шүбәсіз.

Бұған дейін Ө.Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде Оңтүстік Кореядан онға жуық инвестор келді. Солардың бәрі күнгейдің табиғаты, ауа райы жарыс өткізуге қолайлы екеніне келіскенімен, сегіз метр тереңдікті көріп, райынан қайтып, кетіп қалған.

Жасыратыны жоқ, ескі ипподромның қазіргі заманның талабына сай қызмет көрсетуіне мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне жарты белдеуіне этноауыл салынды. Тастан қаланып, бөгеттер жасалды. Жануарлар жүретін жол қысқарды. Қазір жаттығуды атшабардың жарты алаңында жасап жүрміз. Ал бұл аттардың психикасына әсер етіп, мінезі өзгеруде. Жолдағы кедергілердің кесірінен өз жолынан адасып, жарты жолдан шығып кетіп жатады. Жолдағы түрлі кедергілерден мертігіп, әр жарыс сайын кемінде 4-5 аттан айрыламыз. Одан бөлек, ипотерапияны түрлі аурулардың емі ретінде дамыту үшін жағдай жетіспейді. Қора-жайларымыз да тар.

Венгрияға барған кезде ипподромға жергілікті халық тойға барғандай келіп, жарыстарын жоғарғы деңгейде өткізгенін көзіммен көрдім. Қытайдағы қазақ өлкесіндегі орталықтан 20 км жерге орналасқан атшабары мен атқорасын көрсеңіз, жаныңыз жай табады. Ең бастысы, көрермендердің жағдайы жасалған.

Ал біздегі ескі ипподром Асқаровтың көзіндей қымбат мекен екеніне ешкімнің дауы жоқ, алайда, уақыт өз бұйрығын жүргізбей тұрмайды.

Осы орайда «жылқыларға да, спортшыларға да, келуші көрермендерге де, ипотерапиямен айналысатындарға да жайлы заманауи, кең ипподром салынса ғой» деген ой-мақсатымызбен бөлісіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов таяуда ескі ипподромды Алматы айналма жолының бойындағы Бозарық шағынауданына, шаһардың ең биік нүктелерінің біріне көшіру туралы айтты.

Жаңа атшабар қырдың үстіне орын тепсе, атқұмар жандардың бүкіл жағдайын жасауға мүмкіндік туар еді. Шымкенттің кіреберіс қақпасы ретіндегі нысан жан-жақтан келетін спортшылардың орналасқанына да ыңғайлы болар еді. Биік дөңге салынатын атшабардың жалпы аумағы 47 гектар болмақ.

Жаңа ипподром бойынша бірнеше жоба ұсынылуда. Ең бастысы, жаңа жоба қонақжай орын болады. Міндетті түрде қонақүй салынады. Жан-жақтан жарысқа қатысатын спортшылардың отбасымен келіп, сол жерге қонып, ертеңіне спортпен шұғылдануына жағдай жасалады.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында сондай мүмкіндіктер бар.
Қазіргі ипподромға көрермен 1,5 км жаяу жүріп барса, жаңа нұсқасында жолдың бойынан кіреді де жабық алаңқайдың ішінде рахаттанып отырып тамашалайтын болады.

Ғани АХМЕТБАЕВ
(Ұлттық спорт түрлерінен балалар
мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры)

Фото авторы: Өмір  Шыныбекұлы

Пікірлер