Бүгін — Ақберен Елгезектің туған күні

3000
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері Ақберен ЕЛГЕЗЕКТІҢ туған күні.

Ол 1980 жылы дүниеге келген. Семей облысы Шұбартау ауданы Мәдениет ауылында Е.Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің түлегі.

«Адырна» ұлттық порталы ақынның бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынады.

Ақиқат

Оралмай қап кешкі бір серуендерден,
Құмға сіңіп, қираған керуендермен,
Бұл жалғанды сүймеген мұңлықтармен,
Күн астында қақталған құрлықтармен,
Шындық үшін баз кешкен шаһиттермен,
Тамшыларда тұңшыққан мұхиттармен,
Күдіктерден мертіккен армандармен,
Шың басында ентіккен ормандармен,
Ақ параққа түспеген дастандармен,
Ақ бұлттары адасқан аспандармен,
Шылымдармен ең соңғы, шегілмеген,
Бұрымдармен кеудеге төгілмеген,
Соңғы бейне сақталған таспалармен,
Сахналарда тапталған маскалармен...
Біздің басқа қонбаған бақытпенен,
Тектен-текке өртенген уақытпенен,
Күннің нұры сырғыған сілемдермен,
Оранып ап жап-жаңа кілемдермен,
Иегіңмен соңғы түк тебіндеген,
Көйлек киіп ең соңғы кебін деген,
Мойындарды қажаған қамыттармен,
Қайыңдардан қашалған табыттармен,
Табандарға қадалған жаңқалармен,
Құшақтасып қураған қаңқалармен,
Тарам-тарам сүрлеулер, тармақтармен,
Бізден бұрын аттанған аруақтармен,
Бір өкініш аңқыған келбетіңнен,
Жоғаламыз бір күні жер бетінен!

ЖҰБАТУ

Жыла, Жаным!
Жалқы мұңлы,
жасырмай солқылыңды,
қоздыршы қанымдағы алтынымды!...
Жыла, Жаным!
Безгектей қалшылдашы!
Жалындап жалқын шашым,
маңдайымнан
Жазмышымның жазуы жарқылдасын!

Жыла, жыла!
Тек, жасыңды көрсетпеші!..
Мынауың бір ез ғой деп, ел сөкпесін!
Сыртым – адам, ал, ішім – жаралы құс...
Жасаған-ай, құсымды емдеп берші!..

Жә, қой енді, жыламашы!
Ешкімді кешірмеші!
Сен – мәңгілік Тәңірдің Есіндесің!
Күлші, қане, құшақтап көлеңкеңді!
Ол да күлсін... «Күлейік, досым!»-десін...

Телефон

Менің телефонымда - болашақ аруақтардың аты-жөндері,
нөмірлері жазулы,
Олардың ішінде ағаларым да бар,
інілерім де бар азулы,
Олардың ішінде
қатал апаларым да бар,
боталарым да бар мақтаулы,
дос-қастарымның да,
қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

Олар бір бірімен xабарласып жатады,
Дабырласып жатады күні-түн,
Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.
Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,
сүйкей салмаймын нөмірін,
Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.
Олар да маған xабарласпайды,
қоңырау шалмайды, кеңесіп,
Өздері ғана сөйлесе беретіндері,
сөйлесе беретіндері не осы?!
Ешкім маған xабарласпайды,
Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!
...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..

Сені сүю...

Сені сүю – тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю – үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю – нұр тарату жүрекке,
Сені сүю – қуаныштан мұң кешу!

Сені сүю – шуақ шашу жанардан,
Сені сүю – жұпар жұту самалдан.
Сені сүю - өз өзіңді ұмыту,
Табу бәлкім өз өзіңді жоғалған.

Сені сүю – шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю – шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю – бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.

Сені сүю – жан алдында ақталу,
Сені сүю – жындануға шақ қалу.
Сені сүю – қасіреттен бақ табу,
Сені сүю – азаптардан шаттану!

Сені сүю – өз өртіңнен жалындау,
Сені сүю – өзге жанды сағынбау.
Сені сүю – мүсініңе бас ұрып
Мүлде басқа құдыретке табынбау!

Сені сүю – періштеге айналу,
Сені сүю – елестерге байлану.
Сені сүю – қауызында гүлдердің,
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!

Сені сүю – ажалымнан құтылу,
Сені сүю – ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю – қанатына құстардың,
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!

Сені сүю – мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю – мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю – еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!

Мама

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.

Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.

Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер