Екі миинстр неге кетті?

1650

Мәжіліс сайлауынан кейін үкіметтің құрамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Министрлердің басым бөлігі өз орнын сақтап қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетов мен ұлттық экономика министрлігін басқарған Руслан Дәленов қана қызметтен кетті.

Олардың орнына вице-министрлер келді. Ал сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса атқарады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген саясаттанушылар үкіметтегі кадрлық ауыс-түйісті түсіндірді. 

Министр мәртебесі көтерілді

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, сыртқы істер министрінің мәртебесін вице-премьерге дейін көтеру тәжірибесі бұрын да болған.

"1999 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі мен вице-премьер қызметін қатар атқарған. Сондықтан президент осы тәжірибені жақсы біледі. Сол кезде дипломатиялық корпусты дамытуға қатысты біраз маңызды шешімдер қабылданған болатын. Ал жаңа президенттің командасында сыртқы істер жүйесінен келген мамандар аз емес. Соңғы жылдары сыртқы істер министрлігіне экономикалық және инвестициялық сипаттағы міндеттерді жүктеуге тырысқан. Осы тәжірибе тағы қайталанатын шығар", - дейді Әшімбаев.

Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішев тағы екі министрді еске алды. Олар да вице-премьер қызметін қоса атқарған.

"Кезінде қаржы министрі болған Бақыт Сұлтановқа да вице-премьер қызметі жүктелген. Индустриализация қолға алынғанда Әсет Исекешев вице-премьер болды. Тұтас бір бағыттың міндеті бір министрге жүктелгенде осындай мәртебе беріледі. Себебі ол адам басқа вице-министрлерді шұғыл шақырып, кеңес өткізуі керек. Ведомствоаралық жобаларға жетекішілік етеді. Бізде сыртқы экономикалық бағытты күшейтіп жатқан сияқты", - деп атап көрсетті Әбішев.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде әлемдік экономиканы қалпыну келтіру мен инфекциялық қауіпсіздік аясында интеграциялық жобаларды іске асырған маңызды. Еуразиялық экономикалық одақпен, батыс елдерімен, көрші Қытаймен де тығыз қарым-қатынас жүргізу керек. Сол себепті сыртқы істер министрін вице-премьерге дейін көтеріп отыр.

Екі министр неге кетті

Данияр Әшімбаевтың ойынша, министр қызметінен кеткен екі шенеунік - сынға жиі ұшырағандар. Ал үкіметтің құрамы қатты өзгермейді деген болжам әу баста болған.

"Руслан Дәленов экономикалық "гуру" бола алмады. Толыққанды стратегия жасалған жоқ. Ал үкімет тарапынан қолға алынған шараларды жиі сынға алды. Біржан Нұрымбетовты ведомствоның сапасыз жұмысы үшін айыптаған. Оған қоса, туған ағасы жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді", - дейді Әшімбаев. 

Осы орайда сарапшы 42 500 теңгенің жырын еске алды. Сол кезде есеп-қисаптың әдістемесі көп сөз болды. Электронды жүйеден де ақау шықты. Зейнетақы жинағын пайдалану бойынша алғашқы ұсыныстардың төңірегінде келіспеушілік болған. Ал Руслан Дәленовке мәжілісте жиі сыналатын.

"Дәленовті ғылыми-зерттеу саласына немесе ЕАЭО жүйесіне ауыстыратын шығар. Мәселен, Мәскеуге Еуразиялық комиссияға жіберуі мүмкін", - деп атап көрсетті Әбішев.

Үкімет құрамы тағы өзгере ме

Руслан Дәленовтың орнына ұлттық экономика вице-министрі болған Әсет Ерғалиев келді. Ол үкіметтегі ең жас министр. Жасы – 34-те.

"Ол жас, Лондонда жұмыс істеген. Мықты экономист, білімі де заман талабына сай", - дейді саяси шолушы Әбішев.

Оның ойынша, биыл үкіметтің құрамы тағы өзгеруі мүмкін.

"Меніңше, Асқар Мамин әзірше өз командасын сақтап қалғысы келіп отыр. Қазіргі жағдай да солай болып тұр. Оған министрлерді ауыстырған тиімсіз. Цой (Алексей Цой – денсаулық сақтау министрі) жақында ғана тағайындалған. Аймағамбетов (Асхат Аймағамбетов - білім және ғылым министрі) болса, өзін жақсы көрсете білді. Қалғаны бірқалыпты жұмыс істеп жатыр. Басшылық та солай бағалайтын шығар. Бәлкім, жазда өзгеріс болып қалады", - дейді Әбішев.

Ал саясаттанушы Самат Нұртаза Мамин командасын бір-бірімен ойнауға төселген хоккейшілерге теңеді. Сол себепті министрлердің басым бөлігі өз орнында қалды.

"Әсіресе, пандемия кезінде оңай болған жоқ. 2020 жылы сәуір-қыркүйек айларында өте ауыр болды. Сол кезде министрлер кабинеті өз жұмысын таза "төртке" орындап шықты. Басшысы ауысқан екі министрлік осы "топтың" әлсіз буыны болған сияқты", - деп жазды Нұртаза Facebook парақшасында.

Айта кетейік, бүгін екі жаңа министр халыққа адал қызмет етуге ант беріп, ресми түрде өз жұмысына кірісті.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы