"Еліміздегі ең үлкен уран кеніші сатылса да қазаққа көк тиын түскен жоқ..." - Депутат

5144
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі ең ірі уран кен орны, яғни әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі – «Буденновское» мен Степногорск тау-кен химия комбинаты шетелдік компанияға сатылды. Бұл мәміле туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қаржылық есептері жарияланғаннан кейін ғана белгілі болды. ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса "Қазақстанның негізгі байлығынан" айрылғанын айтып, бұған қатысты батыл пікір білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан халқынан жасырын түрде сатылып кеткен кен орнының сұрауы болатынын қадап айтты. Депутат кезінде "ұлттық мүддені қорғағаны үшін сотталып кеткен Мұхтар Жәкішев ісі" жайлы да сөз етті.  Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 

- Отыз жыл бойы халыққа бұйырмай келген халық қазынасын халыққа қайтаратын уақыт жетті! Сондықтан да Президент Тоқаев «Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек» деп мәлімдеді. Ұлттық мүддемізді қорғап келе жатқан “Ақ жол” партиясы жемқорлардың жемсауында шетел асқан қаржыларымыз бен қазынамызды қайтару үшін де он жылдан аса күресіп келеді. Былтыр 2022 жылы біз Қаңтар қасіретінің шындығын талап етіп, үкімет пен құзырлы органдар 14 наурызда парламентке келіп есеп бергенде бұл мәселені тағы да көтергенбіз.

Жақында, айдың-күннің аманында, тал түсте төбемізден жай түскендей жағдай болды! Еліміздегі ең ірі уран кен орны, яғни әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі – «Буденовское» мен Степногорск тау-кен химия комбинаты шетелдік компанияға сатылып кетті! Бұл мәміле туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қаржылық есептері жарияланғаннан кейін ғана белгілі болды.

Кен орнын сату жөніндегі келіссөздер мен мәміле аса құпия, ең бастысы, оның нақты иесі – Қазақстан халқынан жасырын түрде өткен. Мәміле 2022 жылдың соңында, яғни Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізілгеннен кейін жасалды. Конституцияның «Жер мен оның жер қойнауы және басқа да табиғи ресурстар Қазақстан халқына тиесілі» деген 6-бабын аттап, таптап өткен, - деп бассыздықты депутат ашық жазады.

Сонымен қатар, Қазыбек Иса сатылымға түскен уран кен орнының қаржысы "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" еткенін жазады.

- 2022 жылғы 14 желтоқсанға дейін «Буденовское» кен орнының иесі Степногорск тау-кен химия комбинатын британдық компаниялар – GANBERG UK LTD ((60%) және GEXIOR UK Ltd (40%) бақылап отырды. Екі кәсіпорын да офшордағы DEGEVOL UK Ltd компаниясына қарады. Оны Қазақстанда туған ресейлік миллиардер Василий Анисимов пен атақты Клебановтар отбасы басқарды. Иә, биыл Екібастұзға “ерекше еңбегі сіңген”, қақаған қаңтарда тұзқаланы мұзқалаға айналдырған атышулы Клебанов.

Kz.expert сайты жазғандай, Клебановтарға кен орнын сатудан түскен 1 миллиард доллар Швейцария банкіне барып түсіпті. Яғни, ақша офшорға кетті, ал Қазақстан қазынасына түк те жоқ, тіпті салық ретінде де көк тиын да түспеген. Халық тағы да өз қазынасынан қағылды!

Мәселен, қазақстандық және шетелдік БАҚ кеңінен таратқан «Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, өткен жылдың соңында акцияларының 75 пайызына иелік ететін «Самұрық-Қазына» қорының талабы бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы кен орындарын бірінші кезекте сатып алу құқығын пайдаланудан бас тартқан.

Сонымен қатар, бір жарым жыл ішінде, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында ресейліктермен жасырын келісімге қарсы шыққан екі басшы мен үш топ-менеджер ауыстырылғандығы хабарланған. Бұл аса назар аударатын жағдай!

Сонда “Самұрық Қазынамыз” қазынамызды шетелге таратумен айналыса ма, қай елдің мүддесіне жұмыс істеп отыр? “Самұрық-Қазынаның” Ресеймен сыбайласқан саудасына қарсы болғаны үшін қудаланған бес азамат кім? Оларды қайда ауыстырып жіберді?!.
Негізі, Халық қазынасын ұрлап сатқандар мен оны қорғағаны үшін қуылған патриот менеджерлердің орындарын ауыстыру керек шығар. Ел жақсы білетін, кезінде урандағы ұлттық мүддені қорғағаны үшін он жыл түрмеде отырып келген «Жәкішев ісі» жалғасып жатыр ма?

Айтпақшы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының экс президенті Мұхтар Жәкішев бұл оқиға туралы Арманжан Байтасовпен сұқбатта айыптау пікірін білдірді.
“Американдықтар маған хабарласты. “ҚазАтомпром” РосАтомның” филиалы ма?” Қалайша Ресей олигархы Қазақстаннан сұрамай-ақ оның қымбат кен байлығын өзге елге сатып жібереді?”-деп таңғалып сұрады.
Иә, Қазақтың ең үлкен уран кеніші сатылудан Клебановтарға 1 миллиард 200 миллион доллар төленді, ал Қазақстанға ешқандай пайда түскен жоқ”-дейді еліміздегі атом өнеркәсібінің атышулы тарланы.

Қазақша айтқанда, Қазақстанның уран кенішін ресейлік олигарх “Росатомға” 1 миллиард 200 миллион долларға сатып жібереді, ал қазына иесі қазаққа түк те жоқ!?. Ең болмаса, халыққа салық ретінде де бір тиын түспеген?!.

Мәміле сомасы жарияланбағанмен 1,6 млрд. доллар туралы сөз бар.
Бұл ретте «Буденовское» кен орнындағы уран қоры 114,2 мың тоннаны құрайтынын, оның ақшалай баламасы шамамен 12 млрд. доллар болатынын атап өткен жөн.

Конституциямен қорғалған халық қазынасын, мемлекетіміздің ұлттық экономикалық мүддесін қорғауды талап етеміз, - деді Қазыбек Иса.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер