«Путиннің сарайы» - мемлекет ішіндегі мемлекет

1626

Жемқорлықпен күрес қоры "Путин сарайы" деген атпен белгілі Геленджик түбіндегі зәулім сарай жайлы зерттеу жариялады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Химки соты Германиядан Ресейге оралған қор жетекшісі Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамаған. Зерттеу Навальный ұсталғанға дейін жасалған. Деректі фильм жанрында түсірілген 2 сағатқа созылатын видеода фильм авторларының бірі әрі жүргізушісі ретінде Навальныйдың өзі де көрінеді.

"Путин сарайы" деген атпен белгілі резиденция 2005-2010 жылдары Қара теңіз жағалауында Геленджикке жақын маңға тұрғызылған. Сарайдың Ресей президенті Владимир Путинге арналғанын 2010 жылы кәсіпкер Сергей Колесников мәлімдеген. Ол жоба құнын 1 млрд долларға бағалаған. Содан бері сарай туралы бірқатар БАҚ жазған, Азаттықтың Орыс қызметі де мақала жариялаған.

Жемқорлықпен күрес қоры зерттеуінде сарай құрылысын қаржыландыру схемасына көңіл бөлген. Сонымен бірге сарай интерьерін де сөз еткен.

"Бұл Ресейде ең қатаң күзетілетін орын, іс жүзінде "мемлекет ішіндегі мемлекет" деуге келеді. Бұл жүздеген, тіпті мыңдаған адам - ешкім білмейтін күзетші, бағбан, құрылысшыдан бастап Ресейдегі ең бай, танымал адамдарды қамтитын ең үлкен путиндік құпия" делінген зерттеу кіріспесінде. Сарай құрылысына бөлінген қаржыны фильм авторлары "тарихтағы ең ірі пара" деп атаған.

Оннан астам сағат ішінде зерттеуді 15,3 млн адам көріп үлгерген.

Зерттеу саяси ұрандармен - атап айтқанда, Владимир Путин билігімен күресу, сайлауда "Единая Россияға" қарсы дауыс беру тәрізді үндеулермен аяқталады.

Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков"Подъем" басылымына зерттеу жайлы түсініктеме берген.

"Әбден жауыр болған пластинка. Көп жыл бұрын Путиннің ешқандай сарайы жоқ екенін айтып түсіндіргенбіз" деді ол. Кремль осыған дейін де Путиннің Геленджиктегі сарайға қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket