Қостанай Абайды неге елемейді, Архимед мырза?

1440

Жалпы, Қостанай өңірінде ұлтымыздың ұлы тұлғаларын мәңгі есте қалдыру мақсатында тындырылып жатқан шаралар көңілге қонарлық. Облыс орталығында классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің атында үлкен бір көше бар. Қаламыздағы темір жол бекетінің алдындағы ескерткіші де мен мұндалап тұр. Өткенде  Қостанайда «мәңгі өзгере қоймастай» көрінген «қызыл коммунист» - Таран ауданына осы Би-ағаңның есімі беріліп, бір жасап қалып едік.

 Ал, кезінде қазақтың қара домалақтарын біліммен сусындатқан ұстаз Ыбырай Алтынсаринге деген ыстық ықыластың орны тіпті, бөлек. Ыбырай атамыздың атында аудан да, үлкен көше де, арнайы мұражайы да, мемориалдық кесенесі де бар. Былтыр бұрынғы ескерткіші ескіргендіктен, қаламыздағы орталық саябақтың қарсы алдында ұстаздың жас шәкіртке сабақ үйретіп тұрған алып бейнесі биік тұғырға қонып, қостанайлықтар үшін ұлағатты бір мерекеге айналды.

 Облысымызда ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының өз есімі берілген университет алдындағы ойға шомып отырған ескерткіші өзгелерден бір бөлек. Образының өте сәтті жасалуының арқасында бүгінде шын мәнінде сәулет өнеріне айналған десек, артық айтқандық болмас.

Қостанайда кезінде ел қорғаған дулығалы батырларымыз да назардан тыс қалған жоқ. Қаламыздың шығыс бөлігінде Қобыланды батырдың бейнесі алыстан көзге шалынса, оның батыс бөлігінде, әуежайға бара жолда Шақшақ Жәнібек тарқанның ат үстіндегі алып бейнесі еріксіз көз тартады.

Қостанайлықтар бір кездері өзіміз «ұлы халықтың» қатарына қосқан орыстың ақын-жазушыларына да құрметі ерекше екендігін айтып өтпесек, шындыққа қиянат жасар едік. Осындағы ең жақсы көшелерді иеленген Гоголь, Толстой мен Чехов секілді жазушыларын айтпағанда, бір ғана Пушкинге төрт бірдей ескерткіш қойылған екен. Кезінде оның атындағы үлкен бір шаруашылық та болды. Қаламыздағы балалар кітапханасы да соның атында. Ондағы потреттері мен кітаптары жиналған аса ауқымды мұражайы тағы бар. Ал жыл сайын осында «Пушкин оқуларын» өткізу мызғымас дәстүрге айналған. Өйткені мұндағы кез-келген орыс үшін олардың «бары да, нары да - Пушкин!».

Ал біз кезінде ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бас ақынымыз Абай туралы дәл осылай деп айдай әлемге айта аламыз ба? Үлкен күмәнім бар. Өйткені Қостанайда ұлыларымызды ұлықтауда алалаушылық секілді көңілге үлкен күмән туғызатын, жаман құбылыс байқалады. Әйтпесе, біз жоғарыда айтқан тұлғаларға көрсетілген ыстық ықылас хакім Абайға келгенде неге суынып қалады? Әлде, бұл жерде «мынау-біздікі, ал мынау өзгенікі», деген іштей бір бөлінушілік бар ма? Әйтпесе, осында өзгелерді былай қойғанда, сонау француз халқының мақтаныштары, шәлтиген Напольон мен жалау ұстаған қыз Жанна д.Аркке, тіпті, сайқымазақ Чарли Чаплинге ескерткіш қойылғанда бас ақынымыз неге ұмытылып қалды?

Былтырғы жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жарлық шығарып, Абайдың 175 жылдығын тойлауға ерекше назар аударды. Ендеше осы жарлыққа сүйене отырып, әлгі датаны сылтау етіп, неге бір есте қаралық ескерткішін орнатуға белсене кіріспеске? Кірісу түгілі, «Ау, бізде осы Абайдың ескерткіші неге жоқ? Осы айтулы датаны атап өтпеуіміз қалай?», деп үн қатқан адамды естімедік. Мұндай ескерткіш анау Қарағанды мен Ақтөбені айтпағанда, Қостанай секілді өзге ұлт өкілдері басым дейтін Павлодарда бой көтергендігі намысқа тимей ме? Әлде, семейлік Абайдың Қостанайға қатысы шамалы ма екен? Бөтен бір қисынға келерліктей уәжді таппай, қиналып отырмыз. Әйтпесе, әлгіндей датаға орай ескерткіш түгілі, облысымыздағы ешкім танымайтын Денисов пен Федоров секілді аудандарының бірінің атын хакім Абай иеленсе, анау Майлин, Алтынсарин аудандарымен бірге аталып, жарасып тұрмас па еді? Одан қалды, мына Рудный мен Лисаков секілді қалалардың біріне Абай есімін берсе, біздегі ашықтан-ашық бой көрсетіп жүрген сепаратистерге сес болмас па еді?

Мұны айтасыз, тіпті, осыдан бірер жыл бұрын «Нұрсұлтан Назарбаевқа қошемет көрсету керек», деген у-шумен осындағы жалғыз Абай көшесінен айырылып қала жаздағанымыз бар. Абырой болғанда, қостанайлықтардың мұндай «айрықша белсенділігіне» республикалық ономастика комиссиясы тоқтау салып, бүкіл ел-жұртқа күлкі болудан аман қалдық. Әйтпегенде біз Абай хәкімнен мүлдем мақұрым қалғандай екенбіз. Мінекей, халқымыздың бас ақынына деген «құрметіміз бен ілтипатымыз» осындай.

Бізде шет қақпай көріп жүрген жалғыз Абай ғана емес. Осында кіндік қаны тамды дейтін әрі ғалым, әрі саяхатшы, зерттеуші Шоқан Уәлиханов та мүлдем ескерусіз қалып отыр. Кезінде үлкен айтыс-тартыспен оның дәл осы Қостанайда, дәлірек айтқанда Аманқарай округінің қазіргі Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ауылында туғандығын дәлелдеп, біраз тер төгілген еді. Тіпті, мұнда Шоқанның бала кезін бейнелейтін шағын ескерткіш те бой көтерген.

Енді қалай, ол ойымыздан айнып: «Қой ол кісі бізде емес, Көкшетауда, Сырымбетте туған шығар. Ендеше, оның бізге қатысы жоқ», деген тұжырым жасадық? Әйтпесе, Шоқан Уәлихановқа қаламызда ескерткіш қоймақ түгілі, былайғы жұрт қоныстануға қорқатын, орталықтан алыстау, кезінде сотталғандар тұрып, әбден жаман аты шыққан «Клуб строителей» деген аудандағы тым шолақ көшені сол ұлы тұлғаның атында деп айтудың өзі ұят.

Ал енді осындағы, қаланың ортасын қиып өтететін аса үлкен бір даңғыл облысымызды 20 жылдан аса басқарып, тіпті, орнынан тұрып баяндама жасауға да әлі келмеген обком хатшысы Бородин дегенге берілген десек, не айтар едіңіз? Әлде қазақ кадрларын тұқымын тұздай құртуда ерекше белсенділік танытқан Бородин секілді «қызыл коммунист» Шоқаннан биік тұрғаны ма? Әлде сол Бородиннің қазақ халқына сіңірген еңбегі Шоқанға қарағанда тым ауқымды да маңызды ма? Бұған жауап таба алмадық.

Әлде, кейбір шолақ ойлайтындардың: «Шоқан орыс армиясына қызмет еткен, соның шпионы болған», деген арандатушылық тұжырымдарынан туындаған теріс әсердің ықпалы болды ма екен? Бұл да еш сын көтермейтін, үстүрт «теория».

Біріншіден, ол кезде біз Ресей империясына қарадық. Білімді де анау Алаш зиялылары секілді, сол жерден алдық. Бөтен қайда барып, оқушы едік?Екіншіден, тіпті Шоқанды шпион дегеннің өзінде (дұрысы ол - барлаушы, ал бұл тіпті бөтен ұғым), оған аса білімді, ерекше зерек әрі айрықша ұғымды жандарды іріктеп алған. Оның Қашқарға сапарын Ресей императоры Алексей 2-шінің өзі бекіткендігіне қарағанда, бұл екінің біріне жүктелетін шаруа емес.

Жалпы, біз Шоқанның бұл қызметіне мақтануымыз да керек. Ал, егер ол оп-оңай дүние болса, барлаушылыққа таңдау неге өзбекке, қырғызға, түрікменге немесе тәжікке түспеді? Демек, Шоқанды яғни, қазақтың қара домалақ баласын өзгелерден жоғары қойғаны ғой. Оның үстіне, қай кезде де барлаушылар өте жоғары бағаланған. Бір ғана мысал: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияда барлаушылық еткен Рихард Зоргені қазір білмейтін, қызғана қарап, қызықпайтын ел жоқ. Айтпақшы, Зорге туралы киноны алғаш орыстар емес, шетелдіктер түсірген. Демек, Шоқанның барлаушылығына қысылатын ештеңе жоқ. Егер ол бұратана халық өкілі емес, орыс ұлтынан болғанда Ресей оны басына көтерер еді. «Қытайды алғаш ашқан - біз», деп дүниені бір дүрліктірері хақ. Ал біз болсақ...

Оның үстіне отызға да жетпей кеткен ғалымның артында қалған қазақ пен қырғыз және басқа халықтардың тарихы, географиясы мен этнографиясы жайлы ғылыми трактаттары секілді мол қазынасының өзі не тұрады? Қай ғалым осындай қысқа ғұмырында осыншама ғажайып еңбек қалдырыпты? Осының өзі феномен емес пе? Өзгесін былай қойғанда, ол кезде екінің бірі орыс географиялық қоғамының мүшелігіне қабылдана қоймандығы тағы да белгілі.

Ал біз болсақ, былтыр туғанына 185 жыл толған асылымыздың атына жақсы бір көше беріп, ескерткіш орнатудың орнына, мүлде атаусыз қалдырдық. Мұны енді алалаушылық демегенде не дейміз?

Тағы бір өзекті өртейтін мәселе, бір кездері 80-нен астам үйі бар, гүлденіп тұрған ғалымның туған ауылдың бүгіндері 20 шақты ғана үй қалып, болашағы жоқ елді-мекендердің қатарына қосылып, әбден азып-тозуға айналған халі. Бұл мәселе тек қана өлкетанушы Еділбай Ахменов секілді бірлі-жарым қоғам белсенділерін толғантпаса, қалғандарын мүлдем ойлантпайтын тәрізді. Егер осы Күнтиместі ғалымның мұражайына айналдырып, жан-жақтан туристер келіп, қазақтың осы аяулы ұлының тағдырымен танысатын елді-мекенге айналдырса, бұл ауылға қайтадан жан кіріп, гүлденіп сала бермес пе?.. Тек облыс деңгейінде жанашырлақ пен қамқорлық жетіспегені болмаса...

Қазір міне, облыстық бюджеттегі қыруар ақшаны қайда қоярымызды білмей отырмыз. Өйтпегенде, әрқайсысы төрт миллиард теңгеден асып жығылатын екі бірдей спорт ғимаратын салар ма едік?. Ал Шоқан секілді ардақты тұлғаны есте қалдыруға аз ғана тиын-тебен таба алмай, дағдарып отырған жайымыз бар.

Түйін. Ұлыларымыздың қай-қайсысын да бөле жарып алаламай, олардың қазақ халқының алдындағы елеулі еңбегіне обьективті түде әділ баға беріп, тарихтағы ойып алар орнын лайықты атап өтіп отырсақ - келешек ұрпақ алдындағы бір парызымызды орындағандық деп білеміз. Қазақтың қара үзіп шыққан даналары жайлы көңілге түйген ойдың бір апарсы осындай еді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

Пікірлер
Редакция таңдауы