БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Әзірбайжан мен Арменияның қарсыластығы: 1992 жылғы Қарабақ шиеленісі

3602
Adyrna.kz Telegram

Таяудағы Қарабақтағы соғыс қазақтың бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналарда кеңінен баяндалды. Қазақтар оқиғалардың барысын, соғысушы тараптардың әскери іс-қимылдарын, Әзірбайжанның жаңа әскери техникасын және қарсыластың биік таулы позицияларын иелену кезінде дрондарды кеңінен пайдалануын қызығушылықпен қадағалады. Көпшілік «Әзірбайжан Армения басып алған барлық аумақтарын қайтарып ала ма екен?», «Армения тарапындағы қақтығысқа Ресей араласа ма, жоқ па?» деген қызу пікірталас болды. Фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың басым көпшілігі Әзірбайжан тарапын қолдады.

Бірақ, бұл мақалада 2020 жылы Әзірбайжан мен Арменияның Қарабақ соғысы туралы емес, 1992 жылы бір-біріне қарсы күрескен екі мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымына кіріп, халықаралық ұйымда Қарабақ мәселесіне қатысты өз саясатын жүргізе бастаған кездегі оқиғалар туралы айтылады. Сол кездегі оқиғалар туралы мәліметтерді қамтитын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құжаттарын зерделеу осы проблеманың даму барысына және тараптардың Қарабақ мәселесі жөніндегі ұстанымдарын жайып көрсетеді.

Әзірбайжанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Ғасан А.Ғасанов атап өткендей, БҰҰ-на осы екі мемлекет кірген кезде, бес жылға созылған армян-әзірбайжан қақтығысының мәні туралы нақты ақпарат болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, БҰҰ-ға кіргенге дейін, Әзірбайжан да, Армения да халықаралық ұйымда өз мүдделеріне өкілдік ете алмады. Сондықтан, Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас хатшысы жинаған ресми құжатталған ақпарат тіркелген жоқ.

2 наурызда Әзірбайжан мен Арменияның БҰҰ-ға кірген сәттен 11 күн өткен соң, 1992 жылы 13 наурызда Қауіпсіздік Кеңесінде «Украина Президентінің Таулы Қарабақ төңірегіндегі оқиғалар туралы мәлімдемесі» таратылды. Украина президенті Л.М. Кравчук ұлттар арасындағы осы соғыстың басталуына, адам құқықтарының бұзылуына, мыңдаған босқындардың пайда болуына және жүздеген жазықсыз азаматтардың өліміне әкеліп соққанын атап өтті. Кравчук Әзірбайжан мен Арменияның БҰҰ-ға және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңесті (ЕҚЫК) ұйымдастыруға қатысуы оларға Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен шешу мақсатында осы халықаралық форумдардың тетіктерін толық көлемде пайдалануға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

9 мамырда Әзірбайжан президентінің міндетін атқарушы Ягуб Мамедов, таңертең Шуша қаласында жаппай бомба соққысы болғанын айтты. Ауыр артиллерия, зымырандар мен «Град» қондырғыларының соққыларынан үйлер мен басқа да ғимараттар қирап, адамдар қаза тапты.

Армян әскери бөлімдері қалаға үш бағытта шабуыл жасап, Шушаны Әзірбайжанның қалған бөлігімен байланыстыратын жалғыз жолды кесіп тастады. Бұдан әрі, Әзірбайжан президенті Әзірбайжан мәдениетінің ежелгі орталығы – Шуша қаласына жасалған шабуыл БҰҰ, ЕҚЫК және басқа да халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ, Қарабақтағы жағдайды қалыпқа келтіруге ұмтылған бірқатар мемлекет басшыларының бітімгершілік күш-жігеріне нұқсан келтіретінін атап өтті.

1992 жылғы 11 мамырда Арменияның тұрақты өкілі Армения Президенті – Левон Тер-Петросянның Қауіпсіздік Кеңесіне бағыттаған хатын тапсырды. Армения Президенті Армения мен Таулы Қарабақты шектемелеген Таулы Қарабақтағы қақтығыстың ушығуы туралы мәселені талқылау үшін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды өтінді. Левон Тер-Петросян хатта «Таулы Қарабақ Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дауда Армения тарап болып табылмайды, Әзірбайжан оған шекараның екінші жағынан шабуыл жасайды және оған қарсы заңсыз блокада орнатады» деп атап өтті. Сондықтан, «Армения Республикасы, – деп жазды Армения Президенті, Қауіпсіздік Кеңесіне: а) Таулы Қарабақ Республикасына бейбітшілікті қолдау жөніндегі күштерді жіберу және b) экономикалық қоршауды алып тастау мақсатында, осындай басқа да шараларды қабылдау туралы өкім ету» туралы нақты өтінішпен жүгінеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің 3072-ші отырысында Бас хатшы фактілерді анықтау және бейбіт реттеуге қол жеткізу жолдарын зерделеу үшін, Қарабаққа БҰҰ-ның миссиясын жіберуді тапсырды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қарабақ мәселесін бейбіт түрде шешуге шақырған кезде, армян армиясының бөлімшелері Қарабақтың таулы бөлігіндегі Әзірбайжанның соңғы елді мекені – Шуша қаласын басып алды. Армян армиясы басып алынған Әзірбайжан аумақтарына бекіну және Қарабақтың таулы бөлігін Армения Республикасына қосатын дәліз құру мақсатында, Шуша-Лашын жолын жауып тастады. Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі 1992 жылғы 14 мамырдағы хатында армяндардың әрекеттеріне келесі баға береді: «Иранның бастамасымен Тегеранда ұйымдастырылған кездесуде, 1992 жылы 8 мамырда Әзірбайжан мен Арменияның бүкіл шекарасы, сондай-ақ, Қарабақтың таулы бөлігі бойында атысты тоқтату туралы үш жақты мәлімдемеге қол қойғанымен, іс жүзінде, армян тарапы басқа мақсаттарды көздеді. Бұл кездесу өзінің шынайы ниетін әлемдік қауымдастықтан жасыру үшін қажет болды. Армения басшылығы мен Тегеранға келген Президент Л. Тер-Петросянның жоспарланған қарақшылық операция туралы ерте бастан біліп отырғанына күмән жоқ».

Мамыр айының соңында, Арменияның Тұрақты өкілі – Александр Арзуманян, өз елінің Шуша мен Лачинді басып алуын «Қарабақпен араға гуманитарлық дәліз жасаймыз» деп түсіндірді. Экономикалық блокада Қарабақ халқының жағдайына ауыр тиді. Ол 22 мамырдан екі апта бұрын, әзірбайжандар Ханкендидегі (Степанакерт) әуежайға оқ жаудырып, бұл аймақты сыртқы әлеммен соңғы байланысынан айырды деп мәлімдеді. Армян деректеріне сәйкес, азық-түлік және дәрі-дәрмек тапшы болған «Таулы Қарабақтың өзін-өзі қорғау жасақтары» әскермен Қарабах пен Армения арасын жарып өтті.

1992 жылғы 12 маусымда, Әзірбайжан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі – Ғасан А.Ғасанов, Кавказдың белгілі тарихи және мәдени орталықтарының бірі – Ежелгі Әзірбайжанның Шуша қаласын армян құрылымдарының жойып жатқанына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің назарын аударды. Сондай-ақ, ол армяндар басып алған Шуша қаласына БҰҰ-ның фактілерді жинау жөніндегі миссиясының кіре алмағанын атап өтті.

Бір айдан кейін, 16 маусымда Қауіпсіздік Кеңесінде Әзірбайжанның Тұрақты өкілінің хаты таратылды, онда ол БҰҰ-ның аймақтағы миссиясы кезінде Арменияның Әзірбайжанға қарсы заңсыз әрекеттері туралы фактілерді ұсынғанын атап өтті. Оларға: агрессия, оккупация, аннексия, бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіру, басып алынған аумақтардан бейбіт тұрғындарды қуып шығару, босқындардың ауыр тағдыры, қираған және жойылған тұрғын үйлер, өндірістік нысандар, діни ғимараттар жатады.

Сонымен қатар, Ғасан А.Ғасанов 1992 жылдың маусым айының басында, Арменияның Қарабақ аймағынан 250 миль қашықтықта орналасқан Әзірбайжанның солтүстік-батыс аудандарын атқылап, аумағын кеңейтуді жалғастырғанын атап өтті.

Әзірбайжан делегациясы Қарабақ ауданында болып жатқан оқиғалардан хабардар ету үшін дәйекті түрде күш салды. Ол үшін Әзірбайжан БҰҰ Бас хатшысының атына хат жолдап, үшінші тараптар қатысатын Армения мен Әзірбайжан арасындағы қандай да бір бейбіт келіссөздер барысында, Арменияның Әзірбайжан аумағындағы жаңа елді мекендерді басып алуы әрдайым қатар келетіндігіне назар аударуын өтінді. Тегеранда үш жақты келіссөздер жүріп жатқан кезде, Армян тарапы Шуша қаласын басып алды. Әзірбайжан делегациясының пікірінше, Әзірбайжан территориясындағы Арменияның шабуыл әрекеттерін «гуманитарлық дәліз» құру қажеттілігіне немесе бейбіт тұрғындар тұратын қалаларда «атыс нүктелерін басу» қажеттілігіне сілтеме жасай отырып ақталуға тырысты.

Тұрақты өкіл Александр Арзуманянның хабарлауынша, 12 тамыздың кеші және 13 тамызда ертемен Әзірбайжанның Қарулы Күштері Армениядағы ауылдарға «Град» қондырғыларынан оқ жаудырды. 11 тамызда Әзірбайжан әскери құрылымдары танктердің қолдауымен Арменияда орналасқан Орджоникидзе ауылын басып алу үшін шекарадан өтуге тырысты, деп мәлімдеді БҰҰ-дағы армян өкілі. Арменияның Тұрақты өкілінің хатында айтылған тағы бір маңызды мәселе: Әзірбайжан Арменияның шекаралас аудандарын атқылап, Арменияны қақтығысқа тарту әрекеті туралы мәлімдеме болды.

Әзірбайжан Республикасының Сыртқы істер министрі – Ғасымов Тофик, Армения тарапының дәлелдерін жоққа шығарып, Армения Әзірбайжан аумағына ентелеп кіріп, өктемдік жүргізу үшін әскери мақсатта пайдаланылатын «Лашын гуманитарлық дәлізін» орнатты деп мәлімдеді. Ол Армения аумағынан Әзірбайжанға армян сепаратистері тұрақты негізде қару-жарақ пен жұмыс күшін жеткізіп жатқанын, олардың әрекеттері Әзірбайжанның аумақтық тұтастығын бөлуге бағытталғанын атап өтті. Сондықтан, оның елі өзін қорғау және басып алынған аумақтардың егемендігін қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдауға мәжбүр болды.

Қарабақ қақтығысын реттеу жолында Қазақстан өзін бітімші ретінде ұсынды. 27 тамызда, Әзірбайжан мен Арменияның Сыртқы істер министрлерінің кездесуі Алматыда өтті, ол атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюмен аяқталды.

21 қыркүйекте Қазақстан мен Ресей Федерациясының өкілдері Сочиде ЕҚЫК-нің бейбіт үдерісін қолдау мақсатында, Армения және Әзірбайжан қорғаныс министрлерімен кездесу өткізді. Қарсылас тараптар атысты тоқтату туралы, 26 қыркүйекте күшіне енетін келісімге қол қойды. Әзірбайжанның жаңа президенті Эльчибей Абульфаз Қазақстан, Беларусь, Украина және Ресейден Қарабақтағы атысты тоқтатуды қадағалайтын бақылаушыларды қабылдауға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Т. Ғасымов ЕҚЫК Минск конференциясында атысты тоқтатуға шақыруы қақтығыстың тез аяқталуына ықпал етеді деп сеніп, реттеу процесінің жандануына оптимистік көзқараспен қарады. 1992 жылғы 29 қазанда Армения да келіссөздер негізінде жанжалды бейбіт жолмен шешуге деген ұмтылысын растады.

Алайда, Арменияның Тұрақты өкілі Қауіпсіздік Кеңесінде «Таулы Қарабақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы» атынан жазылған хатты таратқаннан кейін, екі елдің қарым-қатынасы оқыс нашарлады. «Таулы Қарабақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы» Георгий Петросян БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің соғыс қимылдарын тоқтату туралы үндеуін құптады. Онан кейін, Георгий Петросян «Таулы Қарабах республикасының» билігі БҰҰ өкіліне және басқа да тұлғаларға соғыс қимылдарын тоқтатуды қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында жәрдемдесуге қуанышты екендігін мәлімдеді.

Әзірбайжан «Таулы Қарабақ Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының» хатына ниеті теріс болды. Әзірбайжанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Әзірбайжан аумағында «Таулы Қарабақ республикасының» жоқ екенін және аталған әкімшілік-аумақтық құрылымнан түскен хаттың таралуын Әзірбайжанның ішкі істеріне өрескел араласу деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Әзірбайжан тарапы армян делегациясы бүркемелі түрде БҰҰ-ға Әзірбайжанда жоқ әкімшілік-аумақтық құрылым ұғымын енгізуге тырысады деп есептейді.

Желтоқсан айының басында, Армения Президенті Левон Тер-Петросян Армения Республикасын ұлттық апат аймағы деп жариялады. Әзірбайжанның блокадасы Армениядағы оқыс энергетикалық дағдарысқа әкелді, сондықтан, Армения үкіметі әлемнің барлық халықтарын, халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен үкіметтік ведомстволарды Армения халқына көмек көрсетуге шақырды.

Экономикалық блокадаға Түркия мен Грузия қосылды. «Түркия мен Грузия арқылы бойлайтын дәліздердің жабылуы қыста Арменияны апатқа ұшыратты», – деді ол. Левон Тер-Петросян: «егер қысқы кезеңге Арменияға отын, астық, азық-түлік және қысқы кезеңге арналған тауарлар жеткізуді қамтамасыз ету әрекеттері сәтсіз болатын болса, онда елде суықтың және медициналық көмектің жеткіліксіздігі салдарынан ондаған мың адам опат болуы мүмкін» деп қорытындылады.

Армения Президенті Тер-Левон Петросянның мәлімдемесіне Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі жауап берді. Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде Армения әскери күштерінің тұрақты бөлімдері Жоғарғы Қарабақта әскери әрекеттермен шектелмей, бүкіл армян-әзірбайжан шекарасы бойында шабуыл жасауға бағытталған белсенді қам-қарекет жасап жатқанын атап өтті. 10 желтоқсаннан бастап, Армения Қарулы Күштері Әзірбайжанның Кубатлин, Зангелан, Лашын және Кельбаджар аудандарының шекаралас ауылдарына зымыран-артиллериялық қондырғылардан оқ жаудырды.  МИ-24 бронетехникасы мен соққы жасайтын тікұшақтардың көмегімен шабуыл жасап, Зангелан ауданының Шаифли, Сеидляр, Агкенд, Қазаншы, Барали, Гюнкишлаг, Пирвейсали Джанбар, Юхары Гейали ауылдарын басып алды. Осылайша, Армения Қарулы күштерінің тұрақты бөлімдері Әзірбайжан аумағына 15 шақырым тереңдеді.

Армян армиясының әскери шабуылдары және Лашын қаласын басып алуы – оның әскери қақтығыстың тарапы емес деген мәлімдемелеріне қайшы болып отыр. Әзірбайжан тарапы Арменияның Әзірбайжан аумағының бір бөлігін басып алумен шектелмегенін, бірақ, көрші елдің аумағына басып кіру мақсатында қосымша ресурстар тапқанын атап өтті. Сондықтан, Әзірбайжан делегациясы «Армения басшылығының халықаралық қауымдастыққа блокаданың апатты салдары туралы үндеуі – жалған» деп мәлімдеді. Арменияның блокадасы экономикаға айтарлықтай зиян келтірмейтінін мойындау керек, сондықтан, оны басып алынған аумақтан Әзірбайжаннан кетуге мәжбүр ету мақсатында қысым тұтқасы ретінде пайдаланылды.

Қорытынды.  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Қарабақ мәселесі туралы ақпаратты қамтитын құжаттарын зерттеу 1992 жылы Әзірбайжанның негізінен халықаралық форумдар мен халықаралық ұйымдар арқылы аумақтық дауды шешуге тырысқанын көрсетті. Алайда, Әзірбайжанның шекаралас аумақтарының жаулануына қарамастан, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болып саналатын басты орган – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі – тек фактілерді жинап, бейбіт келісімге қол жеткізу жолдарын зерттейтін миссиясын аттандырумен ғана шектелді. Арменияның Әзірбайжан аумақтарын басып алуына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мардымсыз әрекеті, ілгерідегі жылдары Арменияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағаларының мәселені бейбіт жолмен шешуге шақыруларына назар аудармай, көрші елдің аумақтарын жаулап алуын үдетті. Әзірбайжаннан айырмашылығы, Армения әскери күшіне сенім артып, жаулап алынған территорияларды нығайту мақсатында, халықаралық форумдар мен халықаралық ұйымдарды келіссөздерді созу үшін пайдаланды.

1992-1993 жылдар аралығында Әзірбайжанның екі президенті – Аяз Муталибов пен Абульфаз Эльчибейдің ауысуы салдарынан әлсірегенін айтып өткен жөн. Мұндай жағдайда, орта және ұзақ мерзімді перспективада әскери операцияларды жоспарлауды айтпағанда, армия мен қоғамды бір адамның қолында шоғырландыру үдерісі қиынға түсті.

Сол кезде, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Францияны бұрынғы Кеңес елдеріндегі ядролық қаруды жою және Ресейдің КСРО мұрагері ретіндегі мәртебесі тәрізді мәселелер көбірек алаңдатқандығын айта кеткен абзал. Сондықтан, әзірбайжан-армян немесе Тәжікстандағы азаматтық соғыс тәрізді жергілікті қақтығыстардың БҰҰ ҚК үшін маңызы шамалы болды.

Нұрлан ОСПАНОВ, 

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы

Пікірлер