БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Қазақтың басты қателіктері

1977
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ билігінің ең басты қателігі - отарсыздандыру, деколонизация процесін дер кезінде жүргізбеу болды. Бұл ең ауыр қателікке жатады. Былай айтып қойғанға үйреншікті сөз болғанымен, мұның астарында тұтас ұлтты құтқаратын идеологиялық қару жатқан еді. Қазіргі уақытта отарсыздардыру жалаң сөзге айналып кетті. Тәуелсіздік алдық, дербес ел атандық, өз еншіміз өзімізде деп алғашында қатты қуандық . Бірақ біздің тәуелсіздік бір ғана топтың алақанына түсіп, пайдасына жарап кетті. Тіл де, дін де, ұлттық құндылықтар да деградацияға түсіп, 30 жыл бойы ұлттың өзіне қызмет етпеді. Осынша уақыт бойы өзінің ұлт құндылықтары ұлттық негізіне қызмет ете алмаса, онда тәуелсіздікті кім үшін дейміз...

Қазір ұлттық сананы жаңғыртудың орнын шектен шыққан жағымпаздық идеологиясы жеңіп кетті. Тіпті, жағымпаздықты, мүләйімсіп мақтап күн көруді, ұрлық пен арсыздықты саяси ұстанымым деп мақтанатын жастар тобы да қалыптасты. Бұл нағыз деградация.

Ия, қазір ұлттық сананы жаңғыртудың орнын шектен шыққан жағымпаздық идеологиясы жеңіп кетті. Жалаң идеологияның астарында тек жасандылық пен арам пиғыл жатады.

Қазақты жаны ашымастар басқарғандықтан елде жалаң идеология белең алды. Мұның астарында тек жасандылық пен жат пиғыл ғана жұмыс істейді. Телеарнаның бәрін осылар меншіктеді. Жастарды ұлтсыз, жұпыны етіп үлгерді. Сондықтан да мұндай идеологиямен ғылымды, технологияны дамыту, ұлт құндылықтарын асқақтату, өркениет жолына түсу мүмкін емес, ешқашан іске аспайды. Тек деградациямен кете береміз.

30 жыл тарихпен алғанда үлкен өлшемге келмес, бірақ бір мемлекеттің стратегиялық жоспарын іске асыруға жеткілікті. Мемлекеттің ұлттық стратегиялық жоспарына ең алдымен адам капиталы, халықтың әл-аухатының артуы кіруі керек. 30 жылда мемлекеттік сратегиялық жоспарларды қалай іске асыруды Ли Куан Ю, Мохаммад Махатхир сияқты ғаламдық көшбасшылар өз елінде дәлелдеп тастады. Оның үстіне біз жер асты мен үсті байлыққа толып, әлеуеті өте жоғары елміз. Мүмкіндігіміз мол еді. Халықтың әл-аухатын қуатты етуге болар еді. Бірақ оған қазақты басқырушы топ мүдделі болмады. Олар қазақтың тілінде сөйлемеді, тілі де, ділі де басқа болды. Сол себепті біз фейстуктің бетіне келіп шулап қалдық. Ешқандай ресурсы жоқ елді өркениеттің шыңына шығарған басшылардың тарихта аттары алтын әріптермен жазылып қалды. Осы арқылы да бізді кімдер басқарып келгенін тұтас пайымдауға болады.

Мен бір топты немесе, бір ұйымдағы адамдарды тентіретіп жіберуге болатынын түсінемін, бірақ тұтас елді тентіретіп жіберетін саясатты түсіне алмадым. Саясат қазақтың басқа құндылықтарымен қоса, мінезін де алып кетті. Сондықтан біз мінезсіз болып, бас изейтін жағдайда ғана отырмыз. Қазіргі жағдайымыздың барлығы да осы мінезімізге сай іске асты.

Бірақ менің осы қоғамдағы арлы, рухты, білімді, жалтақ мінезден аулақ, салмақты азаматтардың тағдыры алаңдатады. Олардың бойында қазақы қаны ағып тұр. Ең ауыры - бұлар дәл қазіргі билік жағына бармайды. Екінші жағынан халықтың тарапынан толық қолдау да таба алмайды. Олардың қолында мол қаражаты жоқ. Олардың арасында жас буыны бар. Олардан да обал. Уақыты өтіп жатыр. Қазақтың дәл қазіргі мінезінен қазіргі жүйе ұзақ уақыт жасайды. Арлы, елім деген азаматтары шетінен қартайып кете береді. Сондықтан ар-ұжданның адамдары қазақты басқара алмай отыр. Әлгі депутат болды деген 25 жастағы балаға қуанбай-ақ қойыңдар. Оның артында қардиналдар отыр. Ол бар болғаны шайнап бергенді жұтып отыра береді.

Қазақты ар-ұжданды, намыс пен ұятты ойлаған азаматтары басқаруы керек. Қай күні қазақтар осындай ұлдарын тағына отырғызады, сол күні өткениеттің көшіне қадам басады. Оларды таққа отырғызу үшін қазақтың өзі өзгеруі керек. Мен ойлаймын, қазақтың өзгеретін уақыты енді кіріп келе жатқан сияқты. Себебі, біз өзімізді тануға енді кірісіп жатырмыз.

Пікірлер