Уақыт деген не?

6963
Adyrna.kz Telegram

Мен оны өзім үшін былай айқындадым:
Уақыт үзіліссіз, қайтарымсыз, аралары көз шалып үлгермейтін “осы сәт” деген заматпен бөлінген, орын алған дүниеден алда күтіп тұрған дүниеге қарай сызықтық ауысым.

Ал сіз уақыттың ең қымбат және өміріңізге ықпал ететін қандай сипаттарын білесіз?

Уақыттың екі сипаты.
Ежелгі гректердің уақытты белгілейтін екі сөзі болыпты: Хронос және Кайрос.
Хронос - бұл біздің уақытымызды, яки, өмірімізді таспа ретінде санап отыратын уақыт құдайы.
Ал Кайрос сөзі күтпеген, орайлы сәт деген ұғымды білдіреді екен.
Яғни, Хронос уақыттың сандық сипатын көрсетсе, Кайрос - сапалық.

Бір қызығы, сіз уақыттың сандық сипатына еш әсер ете алмайсыз.

Хронос риясыз, ешкімге ықылас танытпай, бәріне бірдей қарайды. Уақыт барлық адам үшін бірдей жүреді, бәрінің тәулігі 24 сағаттан тұрады. Сондықтан, Тайм менеджмент туралы айту - барып тұрған ақымақтық. Шындап келгенде, тайм менеджмент - бұл уақыт бірлігінде орындалатын жұмыс санын арттыру әрекеті.
Мұны Action management немесе істерді басқару деп атасақ дұрысырақ болар еді.

Кайроспен мәселе басқаша. Кайрос өз уақытыңызды сапалы қолдануыңыз үшін мүмкіндік береді. Әр адамның өз Кайросы бар. Біз басқара алатын және өзімізге барынша пайдалы етіп, шаттық сезіміне бөлене алатын жалғыз ғана сәт бар ол - ОСЫ СӘТ.
Кайрос “осы сәтте” өмір сүреді.

Ал сіз өз Кайросыңызды барынша жоғары деңгейге жеткізу үшін не істеу керек екенін білесіз бе?

Тек қана маңызды істермен айналысу керек.
Өзіңізге сұрақ қойыңыз.
Егер қазір менің бір ғана іспен айналысу мүмкіндігім болса, ол қандай іс болар еді?
Және екінші сұрақ.
Егер бұл менің өмірімнің соңғы күні болса, оны қалай өткізер едім?

Мінекей, сол үшін де өміріңіздің әр сәтінен ляззат ала біліңіз. Ақыр соңында, өміріңіздің сапасы Хроносыңыздың санымен емес, сіз қолдана білген Кайросыңыздың санымен анықталады.

Жаңа жылда Кайростарыңыздың көбірек болуын тілеймін!

 

Марғұлан Сейсембай

Пікірлер