Несие тарихы, «қара тізім» туралы сізге керек ақпараттар

10965
Adyrna.kz Telegram

Несие шоттары бұғатталғанда не істеу керек? Кредиттің пайыз мөлшерлемесі көбейіп кетсе ше? Несие тарихын түзеп беремін дейтін алаяқтар қандай схема бойынша жұмыс істейді? "Қара тізім" деген не? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Insta LIVE эфирінде заңгер Ғабит Өмірбек Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы

Заңгерге жиі қойылатын сұрақтардың бірі - бұғатталған несие шоттары туралы екен. Оның айтуынша, бұл мәселені шешу оңай, тек бірнеше жайтты білу керек. Мысалы, шот бұғатталмай тұрып алдын ала хабарлама келмесе шағым жазу керек.

"Бір күнде жоқ дегенде 10-15 адам кредиттік шотын бұғаттан шығару мәселесімен келеді. Шот не үшін бұғатталғанын Интернеттен қарыздар тізіліміне кіріп, ЖСН жазып, көруге болады. Ол сот шешімімен немесе нотариалдық хат бойынша бұғатталуы мүмкін. Ең алғаш кеңесім - қорықпау. Тізілімнен қандай банк, мекеме, ұйым шотқа тыйым салғанын анықтау керек. Онда жеке сот орындаушының аты-жөні және басқа да ақпарат жазылады, содан оған хабарласып бұғаттау себебін сұраған жөн.

Заң бойынша борышкерге жеке сот орындаушыдан немесе нотариустан 5 күн бұрын ескерту хабарлама жіберілуі керек. Ал шот хабарлама келмей бұғатталса - олардың ісі заңсыз. Оны бұғаттан шығару оңай. Мұндай жағдайда нотариалдық палатаға шотты шешу бойынша шағым жазу керек. Ал сот сіздің қатысуыңызсыз шешім шығарып қойса, арыз жазып істі қайта қарауға болады", - дейді заңгер.

"200 мың алдым, 600 мың қарызбын" - Артық пайыздан қалай құтылу керек?

Ғабит Өмірбектің айтуынша, кейде клиенттер несиеге қосылған пайыз мөлшерлемесіне наразы болып жатады. Ондай жағдайда банкке сотқа дейінгі талап жазу керек екен. Банкті сотта жеңуге болады, дейді заңгер.

"Мысалы, 200 мың теңге кредит алып, 600 мың теңге қарыз шығып тұрса, 400 мың қайдан шықты деген сұрақ пайда болады. Мұндай жағдайда борышкер банкке сотқа дейінгі талап жазып, 400 мың теңге қарызбен келіспеймін, сондықтан 200 мың теңгесін қазір жабуға дайынмын немесе қай уақытта төлеу керегі туралы тізім жасап беруін сұрайды. Банк қарсылығын білдірсе, орналасқан жері бойынша сотқа банк үстінен шағымдану керек. Кейде банк күштілігін пайдаланып азаматтарға заңсыз пайыздар қосуы мүмкін. Карантин кезінде мысалы. Ол уақытта пайыздар қосылмауы керек еді. Мәселенің шешілу жолы әлдеқайда оңай, сондықтан жөні жоқ ақша құртып немесе заңгерге бармай-ақ, сотқа өзі шағымданса, ол өшіріп береді. Банкті сотта ұтуға болады", - дейді ол.

"Несие тарихы бұзылса, кредит ала алмайды деген сөз емес"

Заңгер несие тарихы мен "қара тізімнің" не екенін түсіндіріп берді.

"Әр банк өз клиенттеріне несие тарихын жүргізіп отырады. Оның жақсы болғаны дұрыс, бұзбауға тырысу керек. Әр адам кредит алғанда ұсақ заттардан бастайды, оны уақытылы төлеп отырса, несие тарихы жақсы клиенттер қатарына қосылады. Содан кейін банк арқылы үй немесе көлік алғысы келсе, жеңілдіктер болады.

Несие тарихы бұзылса, кредит ала алмайды деген сөз емес. Оның несиеге ешқандай қатысы жоқ, ала береді. Әр банкте әртүрлі. Олар өз көзқарасына қарай несие береді. Несие тарихым бұзылып кетті, енді маған кредит бермейді деп ойламау керек. Несие тарихы деген адамдарың моральдық тұрғыда қалыптасқан сөзі. "Қара тізім" деген жоқ. Ол тек клиенттің уақытылы төлем жасамағаны туралы мәліметтер", - дейді ол.

"Қара тізімнен" шығарып беремін дейтін әккі алаяқтар

Заңгердің айтуынша, қазір "қара тізім" проблемасын жамылып, алаяқтықпен айналысатындар көбейіп кеткен. Олар несие тарихын түзеп беремін, қара тізімнен шығарамын, үй алып беремін деп ақша сұрайды. Заңгер мұның мүмкін емес екенін айтады. Алаяқ пен банк менеджері сыбайлас болуы да мүмкін.

"Қай банк болсын, тізімнен шығара алмайды. Қазір алаяқтар уәдесін айтып, банкке клиентпен бірге барады. Ондағы менеджермен сөйлесіп, клиентке телефон алғызады, кейін ол телефонды сатып, уақытынан бұрын кредитті жауып, несие тарихын жақсартып беремін деп уәде етеді. Содан үй, көлік алғысы келетін біздің қарапайым момын халық алаяқтарға сеніп қалады.

Ондай адамдар бірден жоқ болып кетпейді. Олардың тәжірибесі мол, адамдарды оңай алдайды. Алаяқтар "біраз күн күте тұрыңыз, несие тарихыңызды жақсартып жатырмыз, енді келесі жолы 2 миллион теңге шығарамыз. Оны бір-екі апта ұстай тұрасыз, кейін қайта құямыз, сонда несие тарихы одан да жақсарады. Соңында қалаған үйіңізді таңдайсыз да, мен сізге оны несие арқылы аударып беремін" деп, халықты тығырыққа отырғызып кетеді", - дейді заңгер.

Сол себепті, Ғабит Өмірбектің айтуынша, ондай уәде беретіндерге, "делдалдарға" еш уақытта сенуге болмайды. "Олардың бәрі бірдей алаяқ, ондайларға сенген адам кейін қарызын өзі төлеуге мәжбүр болады", - дейді ол.

Алданып қалсаңыз, банктегі кредитті қалай тоқтатуға болады?

Ал алданып қалған жағдайда құқық қорғау органдарына барып арыздану керек. Кейін банктен кредитті тоқтата тұруды сұраған жөн.

"Күдіктінің үстінен арыз жазылса, қылмыстық іс қозғалады. ҚР ҚК-нің 190-бабының 1 немесе 4-бөлігімен. Кейін қылмыстық істің қозғалуы туралы қаулыны алып, банкке апарып, мен жәбірленушімін деп, атыңыздан басқа біреу кредит алғанын айтып, іс аяқталғанша, шешілмейінше несиені тоқтата тұруыды сұрайсыз. Яғни менің несиемді алдаған кісі қайтарып береді деп, банкті көндіруге болады", - дейді заңгер.

Ғабит Өмірбектің айтуынша, ҚР заңы бойынша жәбірленуші көбіне кінәлі атанбайды, оларға жаза қолданылмайды. Адам алаяққа өзі тап болса да, біреуге сеніп қалып, өз құқын қорғай алмай қалған жағдайлар болады.

Пікірлер