НҰРГЕЛДІ ӘБДІҒАНИ: Мораторий біткеннен соң жер тағдыры не болмақ?

3265
Adyrna.kz Telegram

Эстония деген қуықтай ғана ел ғой, былай қарасаңыз... Википедиядағы ақпарға сенсек, халқының саны – 1,5 миллионға да жетпейді екен (1 миллион 328 мың...). Тәуелсіздігін 1918 жылдың ақпанында жариялаған (РКФСР-дан, 1990 жылдың мамырында (КСРО-дан).

Ресми тілі біреу ғана! Біздегі секілді орыс тілін көтензорлықпен қосарлап қоймаған. Оларда жалғыз ғана мемлекеттік тіл бар! Ол – эстон тілі. Еуроодаққа, Шенген аймағына, НАТО мен Еуропалық кеңеске кіреді.

Міне, сол эстондардың Парламентін тізгіндеп отырған Хен Пылуас дейтін адам (Парламент спикері) өзінің жаңа жылдық құттықтауында Ресейдің екі облысындағы жері Эстониянікі екенін айтыпты.

Былай дейді: «2 ақпанда біз «Тарту» бейбіт келісімінің жүз жылдығын атап өттік. Ол бойынша, Ресей Эстонияның Тәуелсіздігі мен тұтастығын мойындаған. Сол кезде Эстония мен Ресей арасындағы шекара келісіліп, бекітілген. Халықаралық құқық талаптарына сай сол келісім қазір де өз күшінде».

Эстония Парламенті спкиерінің айтып отырған «Тарту» бейбіт келісімі 1920 жылдың 2 ақпанында Эстония мен РКФСР арасында жасалған. Ол келісімде Ресейдің Ленинград облысындағы Ивангород және Псков облысындағы Печорский ауданының бір бөлігі Эстонияға тиесілі деп көрсетілген. Бұл территориялар 1940 жылы Эстония КСРО құрамына қосылғанда, Ресейге өтіп кеткен.

Эстония мен Ресей арасындағы территориялық талас біраз уақыттан бері жалғасып келеді. 2005 жылы екі ел шекараны шегендемек болып, келісімге қол қояды. Оны ратификациялау кезінде Эстония жоғарыдағы «Тарту» бейбіт келісімін алға тартқан. Ал Ресей одан бас тартқан. Осыдан соң, 2014 жылы тағы бір келісім жасалған. Бірақ, бұл келісімді екі елдің де Парламенттері әлі ратификацияламаған.

Түйін. Эстония Парламенті спикерінің сөзінен сөз шығарып көрсем...

Әуелі, бұл - территориялық дауға қатысты Эстония шенеуніктерінің ағашқы мәлімдемесі емес! Осыған дейін де оншақтысы Ресейге кеткен жерлерін даулап сөйлеген. Шекараны сызып, бекіту туралы келіссөздер жасалғанда, Эстония 1920 жылғы келісімді алға тартып, территорияны толық қайтаруды табандап тұрып талап қылған!

Ал біз ше? Біз дәл қазір анау эстондар секілді Орынбор, Омбы, Сарытауларды дауламасақ та (оған Қазақстанның қазіргі әскери һәм экономикалық-саяси жағдайы мүмкіндік бермейді) өз территориямыздың ішіндегі мәселелерді реттеуіміз керек!

2020 жылдың желтоқсанында Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаттары бірінен соң бірі, Қазақстанның жеріне шүйлікті. Еліміздің территориялық тұтастығына көз алартты. Әлгілердің әңгімесі әлі де талқыланып жатыр.

Бұл бірінші кезекте, біздің солтүстік жерлерімізді қазақыландыруды күн тәртібіне шығаруы керек еді. Орыс парламентариінің де ойы түсіп отырған сол, орыс апостолдарының атымен аталатын аймақтар екені анық. Иә, СІМ нота парағын тапсырып, министр: «Олардікі қысыр сиырдың қыңырлығы», деп жылы жауып қойғанымен, есігінің қақ алдына келіп, «Солтүстік қазақтың жері. Петропавлды қазақшалау керек», деген жігіттердің үнін Ақсақалов дейтін әкім естіген де жоқ. Естігісі келген де жоқ!

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы! Жаңа жылдық құттықтауында: «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз», деген президент Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» жылы деп жариялады. Ендеше, отыз жылдыққа жасайтын нағыз сыйлығы – Петропавл мен Павлодар атауларын қазақшалау болмақ!

Екінші гәп!

Биыл Жер кодексіне қатысты мораторийдің мерзімі бітеді. Күшін жояды. 2016 жылғы жалпыхалықтық наразылықты қазақ билігі, Ақорда ұмытпауы тиіс! Тіміскіленіп жүрген шетелдік шүрегейлердің ешбіріне қазақ жері сатылмауы да, жалға берілмеуі де керек!

Өткен жылғы Жолауында президент Тоқаев не деді?
«Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс», - деді.

БАҚ-та жарияланған тағы бір мәлімет: Қазақстанның 9,6 млн гектар жері Ресейге, 0,9 мың гектар жері Өзбекстанға пайдалануға берілген екен!..

Байқасаңыз, жерді сату, шетелдіктерге немесе біріккен кәсіпорындарға беру арқылы инвестиция тарту, өкінішке орай, біздің үкіметтің қолынан келетін жалғыз тәсілі сияқты. Отыз жыл мұнай өндіріп, оны өңдеудің орнына Ресейден бензин сатып алып отырғанымыз да соның салдары. Ал түптеп келгенде, жерді жалға беру мен жерді жекеменшікке сатудың арасында да пәлендей айырмашылық жоқ!

Қазақ үшін жер дауы мен жесір дауы – ежелден ең маңызды мәселе екені белгілі. Тәуелсіздіктен бергі халықтың ең қатты толқуы да осы жер мәселесі төңірегінде болып, дау мораторий жариялаумен басылған болатын.

Ендеше, мораторий біткеннен соң жер тағдыры не болмақ?..

Пікірлер