Қаламгер әрі алаугер

2749
Adyrna.kz Telegram

Жоғары ұстап жалауын,
Қалған емес дүбiрден.
Азиада алауын,
Қолына алып жүгiрген.
(Журналистiк фольклордан)

Аурухана деген ұғым Әзағаңа таңсық емес. Қан қысымы шапшыған сайын «Жедел жәрдем» шақырады. Бiрнеше рет инфаркт алып, қайта тiктелдi. Қанаты қайырылып барып, қатарға қосылды. Сөйткен Әзiлхан ағаны, әйгiлi «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыздың» авторын ең соңғы рет ауруханаға мен апарып саламын деген ой үш ұйықтасам түсiме кiрмептi.
2011 жылғы 7 ақпан күнi Елбасының шығармашылық өкiлдерiне стипендия тапсыру салтанатына қатысу үшiн Алматыға келгенбiз. Президент ордасына жұрт ерте жиналды. Олардың арасында Әзiлхан ағамыз да бар едi. Көңiл-күйi көтерiңкi, жайраңдап-ақ жүрген. Санасы қашанда сергек, қоғамдық шараға үн қосудан шаршамайтын ол бiр-екi телеарнаға сұхбат берiп те үлгердi. Салтанатты сәт жақындап келе жатты.
Бiр қарасам, Әзiлхан аға кiре берiстегi диванда жантайыңқырап отыр екен. Қасына бiраз адам жиналып қалыпты. Түрi жайсыздау көрiндi. Ернi кезерiп кеткен. Жүрек тұсын дамылсыз сипалайды. Бiреулер дәрiгер шақыруға кеттi.
Жұрт залға кiрiп, жайғаса бастады. «Сен ағаңның жанында бол!» – дедi маған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
«Жедел жәрдеммен» жеткен екi дәрiгер қыз ағамыздың инсульт алғанын айтты. Сол кезде Әзағаңның шыдамдылығына таңғалдым. Дәрiгерлердiң сауалдарына бәсең даусымен баяу ғана жауап берiп жатты. Көзiн бiр нүктеге қадап алған. «Мына қыздарға айтшы, аялы алақандарының жылулық шипасын сезiнiп жатырмын», – дейдi маған. «Үйге хабарлайын ба?», – деп сұрап ем, «Қайтесiң, балалар қорқып кетер» – дедi. «Жедел жәрдемнiң» iшiнде келе жатқанымызда «Қасымда отырсың ба?», – дегендей ауық-ауық қарап қойды. Жол бойы көбiрек сөйледi. Мен «Аға, сөйлемеңiз, шаршап қаласыз», – дегенмiн. «Е, айналайын, мен қайбiр жетiскеннен сөйлеп жатыр дейсiң», – дедi ап-анық дауыспен. Сөзi бұзылмағанына қарап, кеселдiң жеңiлдеу түрi шығар деп ойлағанмын.
Әдепкiде әлгi екi дәрiгер қызға менiң бұл кiсiнiң кiм екенiн түсiндiруiм қиынға соқты. Жiгiттер асығыста Әзағаң тiркелген Президенттiң Iс басқармасы ауруханасының «Жедел жәрдемiне» емес, қалалық «Жедел жәрдемге» хабарласса керек. Содан олар жетiп келген. Әдебиет пен мәдениетiңе онша пысқыра қоймайтын жастар екенi байқалады. Өздерi асықпайды-ау, асықпайды. Әр нәрсенi тәптiштеп сұрап, қағаз толтырып, отырып алды. Дәрiгерлер менiң: «Шырақтарым-ау, бұл кiсi – әйгiлi қаламгер. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты. Жасы тоқсанға таяу, тезiрек жеткiзбесек болмайды», – деп таусыла сөйлегенiме құлақ аса қоймады. Бiр кезде шыдамым жетпей: «Бұл кiсi – мына өтiп жатқан Қысқы Азия ойындарында қолына алау ұстап жүгiрген адам!», – деп едiм, жайбарақат отырған екi қыз елең ете түстi. «Бағанадан берi солай деп айтпайсыз ба? Бұл кiсiнiң Азиадаға қатысы бар екен ғой!», – деп зырлай жөнелдi. Сол күндерi дәрiгерлерге Қысқы ойындарға жұмылдырылған адамдардың денi-қарны сау болуын қадағалау жөнiнде ерекше тапсырма берiлген көрiнедi. Шынында да Әзiлхан аға осыдан бiр апта бұрын өзi туып-өскен өлкесiне барып, Азиаданың эстафетасын жалғап, алауды жеткiзуге қатысқан едi. Жасты да, жасамысты да елең еткiзген бұл көрiнiстi дүйiм жұрт теледидардан қызыға тамашалаған-ды.
Сөйтiп, емделу орнына ертерек жетуiмiзге тоқсанға тақаған Әзағаңның әдебиеттiң жалауын емес, Азиаданың алауын ұстағаны себеп болды.
Президенттiң Iс басқармасының ауруханасына келдiк. Ал бұл жерде жағдай мүлде басқаша. Мұндағылар жарты ғасырдан берi емделiп келе жатқан Әзекеңдi түгел таниды. Шетiнен келiп, қарап жатыр. Бiр дәрiгер зердесiн байқағысы келген болуы керек, менi көрсетiп, «Мынау кiм?», – деп сұрады. «Менiң Бауыржан деген iнiм», – деп жауап қатты. «Ол қайда жұмыс iстейдi?». Ақсақал «Айқынды» бiр айтып, министрлiктi бiр айтып, әйтеуiр жобалап жеткiздi.

«Бiр аяғыңызды көтерiңiз», – дедi жаңағы дәрiгер. Әзiлхан аға жайлап оң аяғын көтердi. «Ендi екiншiсiн көтерiңiз!». Сол аяқ қозғалмады. Дүниенi шарлаған, тiптi сонау соғыс жылдарында жат елдiң топырағына дейiн апарып келген аяқ тұңғыш рет Әзағаңа бағынбады. Соған күйзелдi ме, ақсақал бетiн қабырғаға бұрып, үнсiз қалды. Сол сәтте ол маған егiлiп жылап жатқандай көрiндi. Сыртқа шығып, жазушының қызы, Каз ГУ-дiң профессоры Жанар Нұршайықоваға телефон шалдым.

Әзiлхан аға бүгiн Президент стипендиясын тапсыру рәсiмiнде Елбасы алдында сөз сөйлеуi керек едi. Оған Мемлекет басшысының жанынан орын сайланған. Мен жазушының қашанғы әдетiнше аса ұқыптылықпен әзiрленген сол сөзiнiң мәтiнiн, стипендия ретiнде алған қаражатын, қол сағатын, ұялы телефонын, сыртқы киiмдерiн жанұшырып жеткен ұлы Арнұр мен жиенi Сәкеннiң қолына табыс еттiм.
Сәлден соң дәрiгерлер Әзағаңды жансақтау бөлiмiне апаратынын мәлiмдедi. Қарт сарбаз басын шалқақ ұстап, зембiлдiң үстiнде кетiп бара жатты.
Тура бiр аптадан соң Сәкен Алматыдан телефон соқты. Ағамыз дүние салыпты...
2011 жыл.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер