Нигерияда вирустың жаңа түрі пайда болды

1890
Adyrna.kz Telegram

Нигерияда коронавирустың жаңа штамы анықталды. Африка ауруларын бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше вирустың бұл жаңа түрі, бұған дейін Оңтүстік Африка Республикасы мен Ұлыбританияда тіркелгеннен өзгеше. Африка ауруларын бақылау және алдын алу орталығының директоры (Africa CDC) Джон Нкенгасонгтың айтуынша: «Бұл індет Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан бөлек».

Жергілікті ғалымдар инфекцияның адамға қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. Жалпы соңғы кездері Нигерияда коронавирус індетіне шалдыққандардың саны екі есе артты. Мамандардың болжамынша бұған вирустың жаңа түрі себеп болуы мүмкін. Нкенгасонгтың мәліметінше, соңғы аптада індет елде 52%-ға, ал барлық Оңтүстік Африкада 40%-ға артқан. Ал инфекцияның осылай көбеюіне жаңа штамның ықпал еткені жайлы ешқандай дәлел жоқ.

Естеріңізге салсақ, желтоқсанның басында Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамдары тіркелген болатын. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау Министрлігінің басшысы Мэтт Хэнкок елде жаңа қоздырғышты жұқтырғандардың саны 1000-ға жеткенін айтқан еді. Сондай-ақ, «кейбір өңірлерде ауру күрт өскенмен, жағдай бақылауда қалады» деп жариялаған. Ал Англияның бас санитарлық дәрігері Крис Уитти жаңа штам 70 %-ға жылдам таралатыны, дегенмен індеттің күрделеніп кетпейтінін мәлімдеген еді.

 

Ал Оңтүстік Африка билігі коронавирустың бұл жаңа түрін 19 желтоқсанда жариялаған болатын. Ғалымдар болса, аурудың осы жаңа түрін 501.V2  деп атаған. Елдің Денсаулық сақтау Министрі Звели Мхизенің айтуынша, генетиктер наурыз айынан бастап, вирустың үлгілерін зерттеп келеді және оның жаңа нұсқасы соңғы екі айда елде басым болуда. Ғалымдардың айтуынша, аурудың Оңтүстік Африкадағы екінші толқыны жаңа мутациямен байланысты. «Қазір вирус тез таралуда және ауруханаларға көптеген жас пациенттер жатқызылуда» дейді Мхизе.

Думан Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер