Қазақстан-2050 «Мәңгілік Ел» Стратегиясы, Мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматының мыңжылдық тарихы: археология және жазба деректері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған конференцияның мақсаты – Алматы қаласы тарихының көкжиегін кеңейту және жаңа ғылыми деректерді жинау, ғалымдардың атаулы мәселе бойынша тәжірибе алмасуына жағдай жасау, Алматының мың жылдықтарға тамыр тартқан тарихы терең қала екендігін ғылыми дәлелдеу. Жиын барысында сөз алған баяндамашы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Напил Базылханның «Алматы қаласы тарихы мен атауына қатысты кейбір шығыс (моңғол, ойрат, манжұр) жазба деректері» тақырыбындағы баяндамасын ұсынып отырмыз.
Алматы қаласы ежелден көшпелілер мекендеген, жібек жолы бойындағы бай тарихы бар әрі іргелі атақты қалалардың бірі. Сондықтан да қаланың байырғы тарихының археологиялық, жазба деректері аса мол. Осы ретте, көне түрік дәуірінің яғни V-XII ғасырларға байланысты тасмүсін бәдіздері Алматы қаласы аумағында кездеседі, алайда қала тарихына байланысты көне түрік бітік жазулы ескерткіш әзірше табылмай отыр. Ал, Almatu> Алматұ деген арабграфикалық жазулы Шағатай (Моғолстан) ұлысы дәуірінің күміс ақшалары табылғандығы зерттеушілерге белгілі. Демек, Алматы атауы сонау XIII-XIV ғасырларда тарихта болғандығы күмән тудырмайды.
Көне моңғол тілді жазба деректер. Көне моңол тілді жазба нұсқалардың ең ежелгісі саналатын (1240 жылдары) «Моңғолдың құпия шежіресі» («Moŋγul-un niγuča tobčiyan-/Моңғолдың жасырын топтамасы/») көне моңғол тілінде жазылған тарихи туындыда Қазақсанның тарихи жер су атаулары, топонимдеріне қатысты аса мол мағлұматтар кездеседі. Аталмыш шығармада 214-тен астам топонимдер мен елді мекендердің атаулары тіркелген. Қазіргі Қазақстан территориясындағы Altai> Алтай, Buqdurma> Бұқтырма, Čüi-müren> Шу дариясы, Erdiš > Ертіс суы, Idil usu> Еділ суы, Otіrar balaqasun>Отырар қаласы, Uluq-taγ> Ұлы тау және басқа да атаулар аталады [1]. XVII ғасырда көне моңғол тілінде жазылған Лувсанданзанның «Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығының туындыларын құрастырып түйіндеген Алтын тобчы демек-дүр» (Lubsangdanzan. Erten-ű qad-un űndűsűlegsen törű yosun-u zokial-i tobčilan quriyaγsan Altan tobči kemekű orušibai) тарихи туындысында да аталмыш топонимдер қайталанып аталады [2].
XIII-XVII ғасырларда жазылған бізге жеткен моңғол, ойрат және манжұр тілді жазба деректерінде көбінесе қазіргі Моңғолия, Шығыс Түркістандағы тарихи оқиғалар сөз болғандықтан Қазақстанға қатысты мәліметтер өте сирек кездеседі.
Ойрат тілді жазба деректері. Ал, Жоңғария хандығы билік құрған замандарда бірсыпыра тарихи деректер бар. Олардың бірі XVIII ғасырда жасалынған делінетін «Жоңғария» картасында 100-ге жуық жер су атаулары, топонимдері, атап айтқанда Balqash nuur> Балқаш көлі, Togon nuur> Тоға көлі, Sar usu> Сары су, Bolot baq> Болат бақ, Qas qaraqay> Қас қарағай, Ulug tug> Ұлы ту, Kichine>Кішкене, Lebsi>Лепсі, Silaq> Сылақ, Basaq usun>Басақ су, Kis> Кес, Qara usun> Қарасу , Qorgas bek> Қорғасбек, Alimatu> Алматы және басқа атаулары көне ойрат тотын жазуымен ойрат тілінде хатталынып жазылғандығын байқауға болады. (Қараңыз: Карта Средней киргиз-кайсацкой орды. РГАДА, Ф-192, Оп.1, Д.3 ) .
Белгілі ғалым Ш.Ш. Уәлиханов та осы картадан (кейін Я.В. Ханыков қайталп сызған болса керек) сөз еткен болу керек. Ол өзінің «Тарбағатай мен Солтүстік Тянь-шань аудандарының географикалық атаулары» деген мақаласында Ili>Іле, Talgar> Талғар, Kurdu> Күрті, Gurban Alimatu> гурван Алматы (үш Алматы), Qara tal> Қаратал, Kurtu tala> Күрті даласы, Shacha> Шаша, Talshiq> Талшық, Gurban Chabdar> гурван (үш) Шабдар, Turgen> Түрген, Chui> шу, Aqsu> Ақсу, Lebsi>Лепсі, Jirgalang> Жырғалан, Tash bilig> Ташбілік, Qorgas> Қорғас, Qara ker> Қара даласы, Anjiyan> Анжиан, Astag> Астағ, Sarbagsi> Сарыбағшы, Altan emegel uul> Алтын эмэл тауы, Chagan bugu uul> Шаған бұғы тауы, Kunekei uul> Күнекей тауы, Siyn aral> Сайын арал?, Chingel dabaga> Шіңгіл асуы, Sung dashi tang> Сун даши тауы, Mergen> мерген, Bura tala gol> Бора тала өзені, Manan gol> Манан өзені, Temurtu nuur> Темірті көлі, Narin gol> Нарын өзені, Sultan jaylan> Сұлтан жайлауы, Qan Tengri agula> Хан Тәңір тауы, Musuq agula> Мұсық тауы, Qara usu> Қара су, Chagan usu> Шаған су, Araltu> Аралты, Nayan Kire tag> Наян Кире тауы сияқты атауларды көне моңғол-ойрат жазуымен және арабграфикалық қазақша жазып белгілеген еді [3] (Сурет 1).
Ойраттың атақты діни қайраткері Намхайжанцан Зая-Бандиданың 1648 жылы жазып қалдыырған «Сарны гэрэл» туындысында ол өзі жүріп өткен Орталық Азия жерлері туралы құнды мәліметтер жазып қалдырған еді. Бұл шығармада Шаған тоғай, Іле, Талғар, Шара тоғай, Күрке өзені, Қаратал, Еміл, Талас, Құлан, Жыланды, Ертіс, Аякөз, Шу, Еділ, Жаркент, Сайрам және басқа да топонимдер аталады [4]. Моңғол деректердің ішінде тағы бір қызықты деректердің бірі әуелі көне манжұр тілінде жазылып кейін ескі моңғол тіліне аударылған «Qoyidu gajar-un ayimag-un oyillag-a» (Солтүстік жерлердегі елдердің мәліметі) деген туынды. Зерттеушілер бұл туындыны 1862 жылдары жасалған деп қарастырады. Бұл туынды қазір Моңғолия Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы. Туындыда Altai> Алтай, Tomuski> Томбы, Simipalachinseke > Симипалачинсеке (Семипалатинск, Семей), Ereges goul > Ерегес өзені (Ертістің бастауындағы өзен) атаулыры кездеседі [5].
Көне манжұр тілді деректер. Қазіргі дейін белгілі болған манжұр тілді бірнеше топографикалық тарихи карталар бар. Олардың ішінде ең ескісі деп саналатыны Мин династия дәуірінде (1368-1644 жж.) жасалынған 4,53х3,47 метр өлшемді ірі карта. Оның мәтіндері алғашқыда көне манжұр тілінде жазылған екен. Алайда сол мәтіндерді қытайлықтар кейінірек толығымен өшіріп, олардың іздерінің үстіне қытайша иероглифпен қытайша топонимдерді жазған көрінеді. Бұл картада қазақтар, олар мекендеген жерлердің топонимдері жазылғандығы түсінікті жайт. Алайда осы карта әлі толық жарияланбағандықтан біз осымен шектелеміз.
Қазақстан топонимдеріне байланысты тағы бір қызықты деректердің бірі 1715 жылы манжұр саяхатшысы көне манжұр тілінде жасалған « Ба ни-и нируган» (Батыс өлкелерден көргендерім) атты карта.
Бұл картада көне манжұр тілінде «Qasaq>Қазақ, Shui aniya> Шу өзені» деген және басқа да атаулар кездеседі [6]. Ал, Манжұр-цин династиясы дәуірінің көне манжұр тілді архив құжаттарында Ақсу, Баркөл, Баян-ауыл, Боротала, Еренқабырға, Ертіс, Жұлдыз, Жырғалаң, Күнес, Қобықсары, Құмыл, Лепсі, Манас, Мори, Сайқан-тала, Тарбағатай, Ташкент, Тұрпан, Улясутай, Шаған оба, Алак-тугул, Алтай, Алтынеміл, Аргаликту, Аягөз, Бақанас, Барлық, Йеркент, Қобда, Құлжа, Үрімжі, Харгана, Гурван Аламату, Гуэрбан Алимату (Үш Алматы) және басқа да топонимдер аталады [7]. Осы ретте айтарымыз ойратша хатталынған Gurban Alimatu> Гурван Алимату (Үш Алматы) мен манжұрша жазылған Гурван Аламату (Үш Алматы) бір атау, бір ғана топоним екендігі анық. Бұл қазіргі Алматыны атағандығы. Алайда не себептен Үш Алматы дегендігіне назар аударсақ, ол Алатаудың үш көлі ( қазіргі атауы Үлкен Алматы, Есік, Көлсай ) немесе Алматы аумағынан ағып өтетін үш өзенге ( қазіргі атауы Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай) байланысты аталғандығын аңғаруға болады.
Ал, "Алматы" атауының этимологиясына келсек, ол ортағасырлық түрік тілінің Alma+tu> "Алма" (қызыл домалақ жеміс) + тұ ("жеміс"+ті) деген туынды сөзден, қазіргі қазақ тілінде "Алма+лы" деген ұғым мағыналы тұлғасынан қалыптасқан. Сонымен қатар, Шағатай (Моғолстан) ұлысы дәуірінде Шығыс Түркістан аумағында Alma+liq>Алма+лық деген көне қала болған. Демек, орта түрік тілінде кездесетін +tu (+тұ)+liq (+лық), +li (+лы) жұрнақ формалары қатар қолданылған. Ал, осы жұрнақ формалары қыпшақ тілінде, әсіресе қазақ тілінде күні бүгінге дейін +ты (тасты), +ды (тұзды), +лық (байлық), +лы (алмалы) тұлғаларында толыққанды сақталынған. "Алма" ны көне моңғол, ойрат тілінде alma>алма, alim>алим, alima>алима, манжұр тілінде solhe>шөлке деп атайды [8]. Сол себептен де ойраттар сонау ежелгі атауын сол қалпында тарихи карталарға белгілеген. Картада белгіленгендіктен әлбетте Алматы қаласының тарихы жайында мәліметтер болғандығы хақ. Алайды ол жайында, қаланың сол кездердегі сипаттамалары туралы жазба деректер әзірше табылмай отыр.
Алматы қаласы тарихы мен атауына байланысты қолда бар кейбір шығыс деректердің ұзын ырғағы осы болмақ.
Түйін: Мақалада ежелгі Алматы қаласының атауы мен тарихына қатысты кейбір шығыс тілді (моңғол, ойрат, манжұр) жазба деректері мен тарихи карталары жайында мәліметтер қарастырылған.
Напил Базылхан
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының
жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Моңғолдың құпия шежіресі (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін көрсеткіштерін жасаған Н.Базылхан) // Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» -I том. -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.-400-б.
- Лұбсанданзан. Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығының туындыларын құрастырып түйіндегін Алты тобчы (Алтын түйін) демек-дүр.(көне моңғол тіліндегі, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін жасаған Қ.Жүкел). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» -II том. -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.-364-б.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том-II. - Алма-Ата: Издательство АН Казахской ССР,
- Базылхан Н. Древнетюркские, монгольские и маньчжурские источники по истории Центральной Азии: источниковедческие проблемы // «К новым стандартам в развитии общественных наук в Центральной Азии»: Материалы международной научной конференции.- Алматы: Дайк-Пресс, 2006.- С.186-193
- Qoyidu gajar-un ayimag-un oyillag-a. –Улаанбаатар, 2004.-156.
- Базылхан Н. Қазақтарға байланысты моңғол, манжұр тілді тарихи деректер (қысқаша тарихи-деректанулық шолу) //«Шығыс» ғылыми басылым, 2005,.- №1. - С. 141-153.
- Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары. 1 том. /құраст. Еженеханұлы Б. -Алматы:Дайк-Пресс, - 210 бет+факсимиле 144 бет +жапсырма 8 бет.
- Базылхан Н. Монголо-маньчжурские источники по городе Алматы // Алматы (деректер жинағы) / Письменные источники по истории и культуре города Алматы (VIII- начало XX вв. ), -Алматы, 2008. - С.270-271.