Баға жетпес құндылық

4194
Adyrna.kz Telegram

Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және республикалық әдеби байқауларының жүлдегері, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының, халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі, жазушы Сәуле Досжанмен кездесу, әрі «Жазушының зертханасы» атты тақырыпта онлайн-дәріс өтті. Онлайн жүздесу жиынын «Көркемдік-эстетикалық ізденістер» тақырыбы аясында ұйымдастырған дәріскер оқытушымыз: Имаханбет Райхан және 4-курс студенттері.

Басты мақсат – жазушы Сәуле Досжанның шығармашылығын өскелең ұрпаққа тереңірек таныстыру, әңгіме, роман құдіретінің қасиетін ұғынуға тәрбиелеу, қаламгердің шығармаларынан өзіндік ой түюге бағытталды. Онлайн дәріске М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы – Гүлжаһан Орда қатысты.  Гүлжаһан Жұмабердіқызы Сәуле апайымыздың шығармашылығына қатысты өзіндік ойын, пікірін, жылы лебіздерін білдірді.

Қаламгердің өзі де жиналған қауымға алғысын айтып, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық ойларымен бөлісті. Сәуле Досжан «Өгей жүрек», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» атты кітаптарының жазылу тарихына қысқаша шолу жасады.

Бұған дейін өзім оқыған, әрі өзіме ұнаған еңбектің бірі – «Өгей жүрек» хикаясы. Бұл хикая – жүрек трансплантациясын берген отбасыға, оны қабылдаған азаматқа арналған туынды. Хикая өмірдің өлімді жеңгенін, дәрігер мамандығының өмір сыйлауға қабілеттілігін сипаттайтын құнды еңбек болып табылады.

Кездесуде Сәуле апай өзінің таяуда ғана Қазақ университеті баспасынан шыққан «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт»  кітаптарына да тоқталып өтті. Бұл тұрғыда Райхан апайдың да осы «Қасірет пен тағдыр» романың оқығаннан кейінгі алған әсерін, өзіндік ойын бізбен бөлісіп, апайдың шығармашылығына деген өзінің ақжарма тілегін білдірген болатын.

Кездесудегі әсерден кейін бұл туындыны оқуға құштарлығым оянды. Әзірге бірінші кітап – «Қасірет пен тағдырды» оқып бітіруге таядым. Бұл құнды еңбек әлемдік аренаға тайсалмай шығып кетуге әбден ылайық кітап деп ойлаймын. Бұл туындының көркемдігінен гөрі, тарихи деректі сөйлетуімен құнды дер едім. Семей өңірінің көз жасы, күпті кеудесі, кешкен күйі, момақан ел жұртының полигоннан тартқан қасіреті мен азабы шебер суреттелген. Тіпті, оқып отырғанда ләззат пен күйікті қатар татып, қайсына ауып түсеріңді білмей дал боласың...

Семей жерінде атақты тұлғаларымыз: Абай, Шәкәрім, Мұхтар туып өскен топырақтың дүмпуден шаршап, күңіренген қара жерінің, кембағал болып туылған жазықсыз періште-сәбилердің іңгәлаған дауыстары естілетін азалы желінің ауыртпалығын кеудеңе сыйғыза алмай... жүрегің сыздап, көкірегің қарс айырылуға шақ, көмейіңе өксің тығылып, булығып отырасың.

Бұл дәріс маған осы кітапты оқуға да, Сәуле апайдың шығармашылығының өзге қырын тануға да, жазушының айтқан ақылын, кеңесін елеп-ескеріп жүруге зор мүмкіндік тудырды.

Онлайн-дәрісті ұйымдастырған ұстазымыз Райхан Сахыбекқызына, ісшаранының жоғары деңгейде өтуін үйлестірген замандасымыз Айша Тұрлыбайға және осы жиынның хабарландыруын көркем безендірген Анжела Ғинаятқа алғысым шексіз.

Шындығында, мен Сәуле апайымызды ақын деп танығанымнан бастап оқып келемін. Ақын апайымыздың «Арман қала» өлеңдер кітабы мен «Менің жалғыз серігім» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарымен ертеден таныспын. Ол кісінің «Қайың туралы жыр», «Ақ бұлттардың үстінде», «Сағыныш», «Биіктеу» т.б. өлеңдері қатты ұнайды. Сәуле апайымды әу бастан ақын деп танығандықтан, жүрегімнен шыққан мына бір өлең шумағымен, сөзімді түйіндегенді жөн көрдім.

 

Жырласам жыр төгілген жырлы кештен,

Сырласым ақын апай өлеңі дескен.

Мен үшін – Сәуле апай дара тұлға

Елім деп еңіреп жүріп, бақыт кешкен.

 

Шүкірлік ет, атқанына азат күн,

Бастамасы қырандай ер ғажаптың

Жырлары жалын, орақты, от ауызды,

Сәуле апай ақынысыз қазақтың.

 

Мен ақынмын қаруым қуатты өлең,

Өлеңіммен халқыма шуақ берем.

Өлеңін апайымның білгін келсе,

Сарқылмайтын сансыз бір бұлақ дер ем.

Әсем Мамежанова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология және әлем тілдері факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

4-курс студенті

Пікірлер