2020 жыл: Қазақ спорты несімен есте қалды?

6024
Adyrna.kz Telegram

2020 жылы әлемдік деңгейдегі басты шара (Токио Олимпиадасы) келесі жылға шегерілгенімен, еліміздің спортшылары бақ сынаған бірнеше жарыстар өтті.

Жыл жетістіктері:

Елена Рыбакина (Үлкен теннис). 21 жастағы отандасымыз 5 бірдей WTA турнирінің (Шэньчжэн, Хобарт, Санкт-Петербург, Дубай, Страсбург) финалына шығып, 1-уінде (Хобарт) топ жарды. Жақсы өнер көрсетуінің арқасында қыздар рейтингісінде 17-орынға көтеріліп, қазақ тарихындағы рекордты (2012 жылы Ярослава Шведова 25-орынға дейін көтерілген)  жаңартты. Сонымен қатар ол қаржылық жағдайын ( 1 млн $-дан астам)   жақсарта алды. Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) да Елена Рыбакина мен Симона Халеп (6:3, 3:6, 6:7(5)) арасындағы финалдық ойынды (WTA Дубай )  аталмыш жылдың «ең үздігі» ретінде таныды.

 Бақтияр Зайнутдинов (Футбол). Ұлттық құраманың белді ойыншысы Ресей чемпионатындағы мықты ұжымдардың бірі – «ЦСКА» сапына ауысып, 20 кездесу өткізді. «Урал» клубына соққан голы айдың «ең үздік гол» ретінде бағаланса, «ЦСКА» командасына ауысуын Ресей чемпионатындағы «ең сәтті трансферлер» рейтингісінде атап көрсетті. Ағымдағы жылды Қазақстан ұлттық құрамасының «ең қымбат футболшысы» (2 млн еуро) ретінде аяқтады.

 Рахат Бекболат (Ауыр атлетика). Ауыр атлетикадан Ташкентте (Өзбекстан) өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында зілтемірші Рахат Бекболат (102 келі салмаққа дейін)  серпе көтеруде 198 келіні көтеріп, әлемдік рекордты жаңартты. Қараша айында Лима (Перу) қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы онлайн форматтағы Әлем кубогында да Рахат Бекболат  319 (140+1790 ) келі нәтижемен жеңімпаз атанды. Ал ересектер арасындағы ел чемпионатында Артем Антроповқа (68 келі қалып қойды) ғана жол беріп, күміс жүлде иеленді.

 Әуесқой бокстан Қазақстан ерлер командасы.

 Амман (Иордания) қаласында өткен лицензиялық турнирде ерлеріміз барлық 8 салмақта Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленді.

 «ҚАЙРАТ» футбол клубы.

Араға 16 жыл салып, 32 жастағы Алексей Шпилевский баптайтын (Қазақстан чемпионы атанған ең жас бапкер) «Қайрат» клубы қайта ел чемпионы атанды. «Астана» клубының 6 жылдық гегемониясын тоқтатқан «Қайрат» клубы аталмыш жылы өз сапын Бразилияның аңыз сұрмергені Вагнер Лав, «Қырғыз Мессиі» Гүлжігіт Әліқұлов, Яцек Гуральский т.б мықты футболшылармен толықтырды.

 «БАРЫС» хоккей клубы.

Андрей Скабелка баптаған «Барыс» клубы Құрлықтық Хоккей Лигасында «ең үздік көрсеткішті» (Шығыс конференциясында 2-орын, плей-оффта әлеуетті «Металлург» (Магнитогорск) клубынан айласын асырды) қайталады. Коронавирус эпидемиясы кесірінен плей-оффтың ширек финалын («Сібір» клубымен ойнауы тиіс еді) жалғастыра алмады.

 Жыл ерекшелігі

  • Қазақстан жастар құрамасы (футбол).
  • 2021 жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде бақ сынаған жастарымыз 10 ұпай жинап, ең үздік көрсеткішін қайталады. Бір қызығы, футболшыларымыз барлық ұпайды тек сырт алаңдағы ойындарда (Фарер аралы, Черногория, Израиль жастарын жеңіп, Солтүстік Македониямен тең ойнады) жинады.

 Сабырхан Махмуд (Әуесқой бокс) . Әуесқой бокстан Шымкентте өткен ел чемпионатында 52 келі салмақтағы Сабырхан Махмуд қана Токио Олимпиадасының жолдама иегері Сәкен Бибосыновтан басым түсті.

 UFC-ДЕГІ ДЕБЮТ. Биыл алғаш рет төбелестен әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting Championship (UFC) лигасында 3 отандасымыз  Мария Агапова (1 жеңіс, 1 жеңіліс), Жалғас Жұмағұлов (1 жеңіліс), Шавкат Рахмонов (1 жеңіс) өнер көрсетті.

 Тұрсынбай Құлахмет (кәсіпқой бокс). 2019 жылы әуесқой бокстан Ресейде өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа бет бұрып, небары 2-ші жекпе-жегінде (ағылшын боксшысы Маклей Макгоуэнді ұтты) WBC International тұжырымы бойынша 1-ші орта салмақтағы белбеуді иеленді.

 Жыл үміті

  • Данияр Елеусінов (кәсіпқой бокс)
  • Рио Олимпидасының чемпионы Данияр Елеусінов (10-0, 6 KO) өз мансабында ең қауіпті қарсылас саналған Намибия боксшысы, WBA, IBF, IBO тұжырымы бойынша экс-әлем чемпионы Джулиус Индонгоны еш қиналмай, 2 раундта уақытынан бұрын жеңді.

 Жыл өкініші

  • Бауыржан Исламхан (футбол)
  • Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, «Әл-Айн» (БАӘ) клубының ойыншысы допинг дауына ілікті.

 Қазақстан футбол құрамасы

 Михал Билек баптайтын Қазақстан футбол командасы «Ұлттар Лигасы» турнирінде соңғы орын алып, орнынан босатылды.

Жыл сәтсіздігі

 Жеңілмеген боксшыларымыздың жеңілуі

  • Кәсіпқой бокста Флойд Мейвезердің салып кеткен жолымен жүруге тырысқан Нұрсұлтан Жаңабаев (8-1, 5 KO), Мадияр Әшкеев (14-1, 7 KO),, Әли Ахмедов (16-1, 12 KO) алғаш рет қарсыластарына жол берді.

Жыл сағынышы

  • GGG (Кәсіпқой бокс). Геннадий Головкин мен Камил Шеремета арасындағы жекпе-жек тек 8-ші мүмкіндігінде ғана жүзеге асты. Камил Шеремета Польшадағы Қазақстан елшілігіне Геннадий Головкинді іздеп барса да, шаршы рингте еш қарсылық (4 нокдаун, 7 раундтан соң, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты) көрсете алмады.

Жыл өзгерісі

  • Кәсіби спортқа бөлінетін қаржы екі есеге қысқарды
  • Елімізде жыл сайын 98 кәсіби клубқа бөлінетін 55 млрд теңге 2 есеге азайып, келесі жылы 22,2 млрд теңгені құрайды. Артық қаражат бұқаралық спортты дамытуға бағытталады.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер