Қазақстан Ресейдің уысынан шығып барады

5980

Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, «Единая Россия» партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никоновтың өткен аптада ресейлік «Первый канал» телеарнасындағы «Большая игра» бағдарламасында: «Қазақстан аумағы – Ресейдің Қазақстанға берген үлкен сыйы», «Қазақстан деген болған емес», «Қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі жері иен жатқан, ал оңтүстігіндегі жерді кезінде Ресей, Совет одағы сыйға берген...», деген сала-құлаш сөздері бүкіл қазақ баспасөзінде қызу талқыға түсті. Іле-шала Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып, наразылық нотасын тапсырды.

Бұл бәз біреулер айтып жүргендей, Желтоқсандағы толқуларға  байланысты елдің назарын басқа бағытқа аудару үшін биліктің өзі жасаған «сценарийі» емес. Аталған нотаны Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін болған, Қазақстан мен Ресей арасындағы үлкен «дипломатиялық сүркеліс» деп бағалауға болады. Өйткені, бұрын-соңды Қазақстан Ресейге наразылық білдіріп, нота тапсырды дегенді естігеніміз жоқ. Жерімізге көз сүзгені үшін үстіміздегі жылы Қытайға да осындай нота жөнелтілгені есімізде.

Бұл нені білдіреді? Бұл - Қазақстанның өзінің түпкілікті ұлттық мүддесін қорғауға келгенде, кез келген империяға «жоқ!», деп айта алатын деңгейге жеткенін білдіреді. Мен мұны Тоқаев билігінің ұлттық мүддеге, мемлекет тұтастығына қайшы келетін мәселеде үнсіз қалмайтын ықпалды басшы екендігінің көрінісі деп бағалаймын.

Ал Қазақстан тапсырған нотаның нәтижесінің қалай болатынына келсек, дипломатиялық тұрғыдан Ресей бұл нотаға жауап берсе де ұтылады, бермесе де ұтылады. Ресей шенеуніктері бұл ретте Қазақстанның осындай оқыс қимыл жасайтынын күтпесе керек. Сонымен бірге, қазақ халқы да, қазақ билігі де Ресейдің империялық пиғылының ешқашан өлмейтіндігіне және бір рет көз жеткізді.

Қазір Қазақстан Ресей «уысынан» біртіндеп, сусып шығып барады. Қазақ «суға кеткен тал қармайды», деп бекер айтпаған. Жеңіліс тапқан Кеңес одағы империясының мұрагері - Ресейдің бұл әрекетін сол «тал қармау» деп бағалаған жөн болар. Оның империялық пиғылы күннен күнге өршіп, бұрынғы өткен-кеткенін аңсап, көршісіне көз алартып, айналасымен жауласып отыр.   Қалың  шибөрінің ортасында қалған жалғыз кәрі арыстан секілді...

Тарихта мың жыл өмір сүрген Византия империясы кішкене ғана түріктерден жеңіліп, жер құшты. Кейінгі Франция, Пруссия, Цин империяларының да күні батты. Азуын айға білеген империялардың күлінің көкке ұшуының бір-ақ себебі бар. Ол - осындай ебедейсіз дипломатиялық қарым-қатынас. Егер осы тұрғыдан қарасақ, әлемде өзінен басқа досы жоқ Ресей мен Қытай империяларының да күні батуға таяу деп топшылауға болады.

Ресей империясының қазіргі жүргізіп отырған сыртқы саясаты – тап-таза ескі империялық өктемдік. Ол көршілерін өзінің құшағына тартудан гөрі,  керісінше үрейлендіріп, басқа топқа бірігуге мәжбүрлеп отыр. Кеңес одағы ыдыраудың алдында да бұл мемлекет әлемде соқа басы сопайып жалғыз қалған болатын. Кеңес одағы тарағаннан кейін ең алдымен Балтық жағалауындағы үш мемлекет - Латвия, Эстония, Литва Ресейге қош айтып, Еуроодаққа кіріп кетті. Ресей өзінің қандас туысы Украинаға да жұдырығын көрсетті. Соның әсерінен ол да батысқа бет бұрды. Кавказдағы Грузия, Әзербайжан және Молдова да Ресеймен ат кекілін кесісті. Тек, шекаралас жатқан Қазақстан мен Беларусь қана достықтан айнымай келе жатқан еді. Өкінішке орай, Ресей бұл екі көршісінің де  бүйірінен түртпектеп, мазасын алуда.

Мұндайда кез-келген Тәуелсіз елдің қол қусырып қарап отырмайтыны белгілі. Егер, Ресей сыртқы саясаты осылай империялық пиғылын оңды-солды жалғастыра берсе, Қазақстанның да өзінің туыс-бауырластарын жанына шақырып, өзгеше қам жасары сөзсіз. Бұл - жүз жылдан бері қол жетпес арман болып келген «Тұран одағының» құрылуын барынша тездетеді. Еуропа одағының қалыптасуы да басында тек философтар мен қиялшылдардың арманы ғана болатын.

Ұлы француз жазушысы Гюго 1849 жылы: «Ерте ме, кеш пе, Еуропа континенттегі барлық елдер бірімен-бірі тығыз ынтымақтасып, бауырлас ел болады. Ерте ме, кеш пе, Еуропада тек идеологиялық күрестерден басқа,  ешқандай соғыс майданы  болмайды. Ерте ме, кеш пе, оқ пен бомбаның орнына сайлау билеттері жүретін болады», - деген екен.

Міне, бүгінгі күнде сол қиялдан туған арман жүзеге асты. Ортақ саясаты, ортақ экономикасы, ортақ ақшасы бар әлемдегі ең үлкен саяси-экономикалық бірегей одақ болып қалыптасты. Кез-келген одақ өздігінен қалыптаспайды. Оның қалыптасуын сыртқы күштер жеделдетеді. Еуроодақтың қиялдан шындыққа айналып, араға жүз жыл салып, қайта қалыптасуына, сол кездегі АҚШ-тың экономикалық гегемониясы себеп болды.

Сол сияқты, күллі түрік дүниесінің армандаған «Түркі бірлігі», «Тұран одағының» құрылуына да қазіргі Ресейдің жүргізіп отырған империялық пиғылдағы зорекер дипломатиялық саясаты себеп болғалы тұр.

Егер, шынмен саяси жүйесі, экономикасы, ақшасы ортақ Еуроодақ секілді «Тұран одағы» құрылса, бұл әлемде Еуроодақтан кейінгі екінші үлкен саяси экономикалық бірлестік болады. Сонымен бірге, саяси және  экономикалық жақтан (ортақ қорғаныс жақтан болсын) Ресей империясымен иық тіресетін, тіпті, одан өктемірек жаңа күшке айналады.  Сөйтіп, Ресейдің қазіргі «мүйіз сұраған» империялық пиғылы, оны болашақта «құлағынан» айырып тынары даусыз.

Ербосын Нұрмұханұлы

Abai.kz

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар