Елімізде электрондық сауданың ахуалы қалай?

2112
Adyrna.kz Telegram

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының «электрондық сауда» бағыты бойынша ірі реформалар басталып, олардың  жалғасын тауып келе жатқанын көрудеміз. Мысалы, бүгінде Интернет-бизнес деген жүйе бар. Өз кәсібін ашушылар үшін бұл қолайлы салалардың бірі. Жалпы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, соңғы жылдарда интернет-сауда қарқынды даму үстінде. Мысалы, Ресейде интернет-дүкендер арқылы тапсырыс берушілер мен онлайн сатып алушылардың саны артқан.

Қазіргі таңда Қазақстанда «е-коммерция» жүйесі даму үстінде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңгені құраса, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңге немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын көрсеткен.

Елімізде электрондық сауданың бүгінде satu.kz‎, Технодом, kaspi.kz, flip.kz, AliExpress сынды ірі жүйелерінің қызметі күннен күнге жанданып, сұранысқа ие болуда. Айту керек, электронды коммерцияның географиялық шектеуі жоқ. Заман талабына сай адамдар бүгінде әмиянда ақша ұстамай-ақ, қаражатын интернет қосымшалары арқылы басқарып, төлем карточкаларын бірге алып жүреді. Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз екені белгілі. Электрондық сауданың ерекшелігі ретінде: уақыт үнемдеу, қауіпсіздік, бір теңгеге дейінгі дәл есептесуді айтуға болады.

Қазақстанда «Электронды сауда» түсінігі 2005 жылдардан бастап ене бастаған.  Осы уақыттан бастап кәсіпкерлер ғаламторда өз парақшаларын ашып, кәсіптерін ғаламтор жүйесінде ұсынуды үйренді. "Қазпошта" АҚ мәліметінше, электрондық сауда нарығының көлемі 2018 жылдың 5 айында 101 млрд теңге немесе бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын құраған (3,53 трлн теңге). E-commerce платформасының негізгі ерекшелігі: сатып алушылар тауарларды бейне, фото арқылы қарап, бағалай алады. Сонымен қатар, тауарлар  туралы мәліметті әлеуметтік желілерде бөлісіп, дос, жақындарына ұсына алады.

Бүгінде электронды сауданы дамыту үшін ақпараттық-имидждік жұмыстар  жүргізілуде. Мысалы, елімізде электронды сауданы ақпараттық сүйемелдеу және оған бизнесті тарту жөнінде іс-шараларды қамтитын «Технологиялық жаңару және цифрландыру» жеке тақырыптық желісі қарас­тырылған.

Қазіргі уақытта еліміздің әр аймағын ғаламтор жүйесімен толықтай қамтамсыз ету жұмыстары басталып кеткен. Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет дүкен, 83 млн-ға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда және оған байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жос­парлап отыр.

 

Д.Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер