Бәрімізде орын бар

856

Нұрсұлтан-қатардағы оқушының бірі. Ағасы есімін еліміздің тұңғыш президенті секілді елге қалаулы, ұлтқа еңбегі сіңетін азамат болсын деген ниетпен қойған. Барлығы секілді біздің кейіпкеріміз де мектеп табалдырығын аттап, сол жерде 11 жыл білім алған. Дәл осы кезеңде оның өміріндегі ең басты сұрақтардың бірі пайда болды: "Мен кім боламын? Қайда барамын?".

Батыс елдері тәжірибесінде "Gap year" түсінігі бар. Яғни, өзіңді тануға берілетін сенің уақытың. Жалпы орта білім беретін мектепті бітіргеннен кейінгі уақыт. Бізде мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсу керек деген түсінік бар. Ал өзіңді табу, ішкі "МЕН"-мен тілдесу және оны түсіну оңайлықпен келмейді. Сол үшін жоғары оқуға түскенімен университетті бітірмей тастап кететіндер саны айтарлықтай көп.

Нұрсұлтан "Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне" тау-кен ісі мамандығына оқуға түсті. Бұл мамандыққа ол арман жетегіне еріп, алдағы өміріне мақсат қою арқылы түскен жоқ. Сол себепті оқуды аяқтаған соң, дәл осы салада қызмет етуге дайын болмады. Солай кейіпкеріміз ресми түрде жұмыссыздар қатарына қосылды.

Жұмыс - амалдың жоқтығынан күнкөріс үшін барып келетін жер емес. Ол жан дүниеңе ләззат сыйлап, сені өзіңді қоғамның қажет бөлшегі санауыңа жетелеу керек. Ал, Нұрсұлтан сол мекенді таба алмады. Ол өзін дамыту мақсатында достарымен Қытай Халық Республикасына аттанды. Бірақ шығыс елі де қатты қызықтыра қоймаған секілді. Жарты жылда ол жақтан да қайтып келді. Мамыр айына дейін сол қалыпта үнсіздікке бет бұрды.

Адамның өміріндегі ең үлкен өкініші - зая кеткен уақыты, өзіңе не керегін білмеу, өзіңді танымау немесе... Бұл тізім таусылмайды. Әркім үшін әрқалай. Әркімнің мүмкіндігі де әртүрлі. Мамыр айының жайма шуақ күндерінің бірінде Нұрсұлтанға өз күшін сынап көру туралы ой келді. Сол мақсатта "Zhas project" жобасына қатысуға бел буды. Нәтижесінде жеңіп шығып, өз командасымен аз қамтылған балаларға алты ай бойы ағылшын тілін үйретті. Бұл кезең оның есінен мүлде кетпейді. Кішкене бүлдіршіндерге көмек беру арқылы қоғамның қаншалықты бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұғына бастады. Өмірінің дәл осы кезеңі Нұрсұлтанның болашағына бағыт - бағдар берді.

Болашақты Нұрсұлтан мамандығы бойынша жұмыспен байланыстырды. Ал ол дипломмен қайда баруға болады? Кім сені "иә, келе ғой, мен сені ұзақ күттім",-  деп есігін айқара ашып отырады?

Қуанышқа орай, "Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің" тау-кен ісі мамандығын бітірген студенттерді есігін ашып күтіп отыратындар бар екен. Ол туралы  университеттің металлургия, тау-кен жән мұнай-газ ісі кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Келаманов Бауыржан Сатыбалдыұлы:

«Біздің кафедра мен "ҚАЗХРОМ" ТҰК" АҚ арасында бес жыл сайын жаңарып отыратын келісім бар. Бакалавр мен магистратурада оқитын студенттеріміз кәсіптік тәжірибеден өте алады. Одан бөлек, 2000 жылдан бері үздік оқитын металлург мамандығының үш студентіне кәсіпорын арнайы шәкіртақы тағайындап келе жатыр. Университетімізде кәсіпорын жұмысшылары арнайы шеберлік лекцияларын оқиды, бірігіп сайт-журналдарға мақалалар жазады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылым жолындағы студенттерге арнайы өздерінің құралдарына рұқсат берген. Оқуды бітіріп диплом алғаннан кейін үш айдың ішінде барған кафедра түлектерін міндетті түрде жұмысқа қабылдайды. Орташа есеппен біздің түлектеріміздің 70-80 пайызы кәсіпорынға жұмысқа орналасады",- дейді.

"ҚАЗХРОМ" ТҰК" АҚ корпоративтік коммуникация бөлімінің басшысы Машкарина Виктория Юрьевнаның дерегіне сәйкес кәсіпорын университет студенттерінің тәжірибеден өтуіне, дуальды оқыту жүйесінің элементтерін енгізуге жағдай жасайды. Қазіргі таңда Ақтөбе  ферроқорытпа зауытында 35 жасқа дейінгі 2086 адам (49%), Дөң тау-кен байыту комбинатында 35 жасқа дейінгі 3360 (46%) жастар қызмет атқаруда.

Нұрсұлтан да осы жастардың қатарына қосылып, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының келісімшарттарды қолдау бөліміне жұмысқа тұрды. Әріптестерімен тез тіл табысуға "Жастар кеңесі" қолдау білдіріп, сол құраммен төмендегідей бағыттар бойынша қосымша жұмыстар істеуде:

  • Компаниядағы жас мамандарды кәсіби бейімдеу, ғылыми-техникалық жұмыстарға тарту бойынша жұмыс;
  • Жұмысшылардың біліктілігін арттыруға көмек;
  • Жас мамандардың құқықтарын қорғау, басқа ұжымдардағы әріптестерімен шығармашылық байланыстарды дамыту, ғылым мен технология туралы білімді, жастар арасында салауатты өмір салтын, корпоративті құндылықтарды насихаттау.

Ең бастысы оған айналысатын ісі ұнайды! Соған қарағанда дәл осы мамандыққа Нұрсұлтан шатасып келмеген секілді.

Психолог Сеитова Гүлжанат Жексенқызы мамандық таңдауда ата-ананың ықпалы басымырақ екенін айтады.

"Кәсіби бағыт бағдар беру барысында оқушы мамандықтың қоғамдағы дәрежесіне көп көңіл бөлетінін байқаймын. Жеке көзқарастарын білдіретін оқушылар аз деуге болады.  Оқуға түспеген жағдайда көбіне өкініш, өзін кінәлау басым болып кетеді", -дейді  психолог маман.

Кәсіпкерлерге қажеттілік көп болуы мүмкін. Бірақ, бұл мемлекетке ұстаз немесе биші керек емес дегенді білдірмейді. Бір-бірімен тығыз байланысқан қоғамның қажет емес мүшесі жоқ. Асықпай анық басып, кетігін тауып қаланған дұрыс. Бәрімізде орын бар.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы