Кибернетиканың адам санасына әсері

3110
Adyrna.kz Telegram

Киберқауіпсіздік - жүйе, желі және программаларды қорғауға бағытталған сала. Түрлі кибершабуылдар ақпараттарды иемденуге, алуға, тарату мақсатында жасалып жатады. Ал қауіпсіздік шараларын білу, киберқауіпсіздіктің негіздерін игеру мұндай келеңсіздіктердіңалдын алады.

Киберқауіпсіздік немесе қауіпсіздік жүйелерін игеру сізді және сіздің құжаттарыңызды сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелерді қазіргі уақытта барлық салада қолданады. Қарапайым құпия сөздер мен UTM программалар әр желі қолданушысының өмірінде ойып орын алған.

Қауіпсіздіктің мұндай түрі кибернетика ғылымының дамуымен тікелей байланысты. ХХІ ғасыр - жаңа ашылулар мен бұрын-соңды болмаған ғылым түрлерінің заманы. Ал кибернетика адамзат дамуының қозғаушы күшіне айналып отыр. Қандай мамандық болмасын, кибернетиканың бөлімдерін кездестіруге болады. Жасанды интеллект, киберспорт, роботтар мен қашықтықтан басқаруға болатын құрылғылар және т.б. жаңалықтар кибернетика ғылымының жемісі болып отыр. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Адамға қаншалықты пайдасы болғанымен, соншалықты зияны да болатынын естен шығармаған дұрыс.

Кибернетика ғылымы өткен ғасырдың 40-жылдарында жеке сала ретінде қалыптасты. Бұл есептеуіш машиналар мен өзге де технологиялардың дамуымен тікелей байланысты болды. Ал қазіргі уақыттағы біз білетін жасанды интеллект, роботтар мен түрлі жүйелер дәл осы кибернетиканың жемісі. Жасанды интеллект адам өмірінің барлық бөліктеріне енген. Компьютер мен телефон, әлеуметтік желі мен ғаламтор да жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар соңғы үлгідегі тұрғын үйлер де дәл осындай жүйелермен қамтамасыздандырылған. Мұның, әрине, адам өміріне әкелер пайдасы өте көп. Біріншіден - уақыт үнемдеу. Қажет жағдайда ғаламтордағы ЖИ сұралған ақпаратты бірден тауып береді. Ұқсас мәліметтерді де алдымыздан шығарады. Ал қауіпсіздік қызметіндегі, бейнебақылау жүйесіндегі жасанды интеллект ақаулар мен қателіктерді жылдам анықтай алады. Әрі көліктердегі интеллект, автожүргізу қосымшасы көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуда.

Дегенмен аталмыш жүйенің жасанды екенін ұмытпағанымыз жөн. Түрлі вирустардың әсерінен не болмаса ақаулардың кесірінен істен шығуы мүмкін. Сонымен бірге әлеуметтік желідегі мұндай жасанды интеллекттер адамды тарту үшін, көбірек уақытын өткізу үшін жұмыс істейді. Яғни адам санасына тікелей әсер етеді. Сіз өзіңізге қажетті мәліметті тапқаныңызбен, одан да қызықты видеолар мен фотосуреттерді ұсынады. “Инстаграм”, “Ютуб” сынды әлеуметтік желілер мен видеохостингтер жұмысы дәл осылай адам санасына жасырын түрде әсер етеді.

Соңғы уақытта жаңалықтардан, жастар арасында “киберспорт” терминін жиі естіп жатамыз. Киберспорт спорт ретінде ресми мойындалған. Сол себепті қабілеті бар кез келген жастағы адам өзін жаңа салада сынап көре алады. Егер қолынан келсе, өте жақсы спорт мансабын да қалыптастырады. Киберспорт ХХІ ғасырдағы ең көп қаржыландырылатын жаңа сала болып табылады. Жарыстар халықаралық деңгейде өтеді. Алайда бұл спорт түрінің де адамға тигізер зиянды әсері жеткілікті. Физикалық тұрғыдан алып қарайық. Спортшы бір орында тапжылмай отырады. Жарыс болсын, қарапайым дайындық болсын, күнінің жартысынан көбін көгілір экранға үңілумен өткізеді. Бұл арқа ауруларының пайда болуына, көру қабілетінің нашарлауына, ас қорыту жүйесінің бұзылуына алып келуі мүмкін. Ал моральдық тұрғыдан жасанды интеллект қалай әсер етсе, ойындар дәл солай әсерін тигізеді. Агрессия, түрлі соғыс жайлы ойындар, ашу ойыншының санасына кері пайдасын алып келеді.

Қорыта келе, киберқауіпсіздіктің адам өмірінде алатын орыны ерекше. Бұл жүйе мен ақпаратты ғана қорғау деп түсінбеуіміз қажет. Адам өзін де кибершабуылдардан қорғай білуі шарт. Жаңа технологиялардың пайдалы тұстарын өз өмірімізде дұрыс пайдаланып, зиянды әсерінен сақтанып жүргеніміз абзал.

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к., Әл-Фараби

атындағы ҚазҰУ доценті,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің физика-техникалық

факультеттің стандарттау

сертификаттау мамандығының

1-курс магистранттары

(қазақ тобы сала бойынша және ИТМО).

 

Пікірлер