Кәсіподақ ұстаздар қауымын тұрақты қолдайды

2788
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күнімен құттықтауында  «Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді. Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер.

Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бен ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз, шығармашылық күш-қуаттарыңыз отандастарыңыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Біздің еліміздің кәсіподақтары еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етуде» деп атап көрсеткені белгілі.

Сондықтан да өз жұмысында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қарым-қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі, «Кәсіби одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және еліміздегі басқа да нормативті заңдық актілері негізінде жасалған Ұжымдық шартты басшылыққа алатын кәсіподақтың басты қызметі – жұмыс істеуші азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіптік қызығушылықтарын қорғау болып табылады.

Еліміздегі өзге кәсіподақ ұйымдарына қарағанда білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағының жұмысы анағұрлым белсенділігімен дараланады. Бұл кәсіподақ жұмысына деген сенімнің нық болуынан да болар,сірә. Еліміздің болашағын сеніп тапсырар жастарға тәлім-тәрбие беріп, білім нәрін егіп отырған ұстаздар қауымын үнемі өз дәрежесінде қорғап, қолдау көрсетіп, ұстаздар жүрегінен жылы орын алып отырған кәсіподаққа неге сенбеске?!

Ылғи да жаңа серпін, соны жаңалықтардың ,игі істердің бастамашысы болып отыратын ұйымның бірі – Е.М.Сатершинов төрағалық ететін Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы.

Кәсіподақтың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында екендігі баршаға мәлім. Кез келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, олардың әрбір еңбекшінің құқықтары мен мүдделерін тиімді де белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін, олардың қызмет тиімділігін арттыру мәселелері ерекше маңызды екені күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі Жаңақорған аудандық кәсіподақ ұйымы құрамында 80 бастауыш кәсіподақ ұйымы-42 мектеп, 6 мектептен тыс мекеме, 31 балабақша  бар және оларда 5294 мүше бар.

Жаңашыл идеяларымен әрқашан да  көпшілікті елең еткізіп, көкейінен шығып отыратын кәсіподақ ұйымы биылғы еліміз үшін ауыр болған пандемия кезінде, карантин кездерінде де ұстаздар қауымын үнемі қолдау үстінде болды.Оны мына бір дәйек етер цифрларымыз да дәлелдей түскендей. Наурыз айында Қызылорда облысы бойынша бірінші болып тың бастама көтеріп, «Наурыз жылуы» акциясы аясында аз қамтамасыз етілген 60 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етсе, сәуір айында «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін тағы да 100 отбасын азық-түлікпен қамтыды, оқушы балаларына 48 ноутбук табыс етілді.  Короновирус жұқтырған 28 науқасқа ақшалай көмек көрсетілді. Үйі тілсіз өрт құшағына оранған бір мұғалімге 200000 мың қаржылай көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» акциясы аясында тағы да көп балалы ұстаздар отбасыларынан    68 оқушыға «WiFi-Router», 23 балаға қыстық сырт киім мен оқу-құралдары табысталды. Бұл отбасылардың қуанышы шексіз, әрине.

Еңбек еткен адамның әрқашан еңсесі тік, тапқан наны адал екендігі белгілі. Яғни, еңбек адамды мұратқа жеткізеді, тек еңбек еткен адам ғана оның шын мәніндегі жемісін көретіні анық. Ұстаздар еңбегін елеп, ескерусіз қалдырмайтын кәсіподақ ұйымы тарапынан  8-наурыз мерекесі қарсаңында 15, тамыз мәслихатында-10, ұстаздар мерекесі қарсаңында-15 ұстаз кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапат, ұлықтаулардан ардагер ұстаздар да тыс қалған емес.

Ұстаздар қауымының  құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, жұмыс орындарындағы еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары да үнемі іске асырылып келеді. Биылғы жылдың өзінде 61 мұғалім 40 пайыз жеңілдікпен, 9 ардагер 50 пайыз жеңілдікпен «Алтын Қарғалы», «Жұмбақтас», «Манкент», «Мерке», «Біркөлік», «Сарыағаш» шипажайларында демалса, 2019-2020 оқу жылындағы «Алтын белгі» иегерлерінің 40 алғашқы ұстазы Түркістан облысы Ленгер қаласындағы «Біркөлік» шипажайында тегін демалып қайтты.   Биік белестерді бағындырып, асқақ абыройға бөленген ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектері лайықты бағаланып, тиісті марапаттардың табысталуы заңды да.

Кәсіподақ назарынан жастармен жұмыс та тыс қалған емес. Кәсіподақ ұйымы жанына құрылған 20 жас ұстаздан тұратын «Жаңа толқын» жастар ұйымы да үнемі соны бастамаларымен көзге түсіп келеді. Жақында ғана облыстық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған «Үздік жастар кеңесі» байқауында «жаңа толқындықтар» тың идеяларымен көзге түсіп, көпшілік құрметіне бөленіп, «Ұшқыр ойдың жебелері» номинациясына ие болды.

Осындай адымды қадамдармен алға қарыштаған аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысына тілеріміз тек қана сәттілік тілейміз!

Айсұлу Пазылова, №11 «Балауса» бөбекжай-бақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Жаңақорған ауданы,

Қызылорда облысы

 

Пікірлер