Әділ сайлауға сенемін!

3037
Adyrna.kz Telegram

Еліміз  саяси  науқан  сайлау алдында тұр, Парламент  Мәжілісі де, ел Үкіметіде  азаматтардың  сайлауда  дауыс берген  партия үлесіне қарай, яғни  біздің  еркімізге сай  заңдастырылады. Сайлау әрқашанда   елдің  саяси –экономикалық,  әлеуметтік –рухани өмірінің маңызды мәселелерін айқындайтын, азаматтардың  жауапкершілігі сыналатын кезең.

ХХ ғасырдың басында отаршылдыққа қарсы,  ел азаттығы үшін ұлт көсемі  Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ұлттық идеялары мен саяси мұраларын зерделеп, жүйелеп, насихаттап, оның тарихи дәстүрлерін жаңғыртып, партиялық ісінде негіздеп жүрген  «Ақ жол» қоғамдық  бірлестігінің  қызметі ұлт  көпшілігін жақын етеді.

«Ақ жол» демократиялық  партиясы шағын және орта бизнес өкілдерінің  партиясы ғана емес, ел игілігі мен ізгілігіне аянбай еңбек етіп жүрген мыңдаған адал  жандардың  партиясы.

Біріншіден, «Ақ жол» партиясы осы сайлауалды  бағдарламасы  басымдықтарында елімізде демократия қағидалары мен парламентаризм  идеяларын  дамытуды, жаңғыртуды  басты  мақсат етіп отыр.  Осы тұрғыда парламентаризм институттарын күшейтуді және президенттік  жүйеден   Парламенттік  Республикаға  біртіндеп  көшуді  көздейді.

Екіншіден, Парламенттің мемлекет бюджетін бекіту және бақылауды  күшейту туралы сайлау  бағдарламалық  тезисін дұрыс деп санаймын. Мемлекет бюджеті, оның барлық қаражаты қатаң  бақылауға алынуы керек.  Сондықтанда  Парламент бақылауына мемлекеттің  барлық қаржысының  жұмсалуына  бақылауды  қайтаруға қосыламын.

Партияның сайлау алды бағдарламасындағы әлеуметтік әділеттілік мәселелері, елдегі байлар мен кедейлер арасында аражіктің  өсуі мемлекетке төнген  қауіп  екені студенттік кезден саяси экономика курсынан әрқайсымызға мәлім.

Әділеттілік әрқашанда қандай болмасын халықтың, ұлттың,  кез келген адамның  құндылық  өлшемі болды және  солай бола  береді де. Сократтан  басталған  мемлекет туралы түсініктерді  жалғастырған  Платон: «Әділетке  құрылған  ел  ғана  -  мемлекет  құра алады» деген еді,  ал  «Этика» және «Саясат»  атты еңбектерінде  Аристотель: «Зұлымдыққа қарсы тұратын ізгі күш – әділеттілік»  дейді,  жалпы әділет табиғатын,  қоғамдағы, адамдар арасындағы әділетілікті,  жеке  меншікте, байлық бөлісінде,  мемлекеттік  әділеттіктің  сан қырларын ашып  көрсеткен Аристотель: «Бәрін теңестіретін,  хақ арасы  - әділдік»  - дейді.  1789 жылы 14 шілдеде Бастилия қамал түрмесін («Ұлы Француз революциясы»)  басып алмастан көп бұрын Жан – Жак Руссо адамдарға заңдарды орнатумен емес,  толық әлеуметтік  теңдікті  құру  арқылы халықтарды дамыту керегін айтады. Біздің  қазақ халқыда өзінің  қалыптасқан табиғи  болмысында  әрқашанда  әділеттілікті, адалдықты  жоғары қойды, ел билеген дана бабаларымыз әділ билікті ұстанды, қазір де адамдардың   жүрегінде, ісінде  әділет, адалдық  пен ар-ұят болмай  біздің өспейтініміз  анық.

Осыдан жиырма бес ғасыр бұрын «Мемлекет» деген еңбегінде Платонның жазуынша Сократ: «Жаңа ғана туып келе жатқан мемлекетті ойша болса да көз алдарыңызға  елестетіңіздерші, әрине оның (мемлекет) бойында әділетсіздікте  және әділетте тұр,  әркім қажеттіліктерін өздігінен қанағаттандыра  алмайды, сондықтанда  адамдар біріне –бірі сүйене отырып, көмектесе жүріп, өздеріне  керегін  бірігіп шешеді, өздеріне өздері көмектеседі, қол ұшын береді. Адамдардың мұндай қажеттілігінен  пайда болған  бірлестікті, біз  мемлекет дейміз, солай емес пе?! Олай болса басынан бастап, ойша тағы да мемлекетті құрып көрейікші, одан менің бірінші көретінім, мемлекет  деген адамдардың  қажеттіліктері мен армандарынан  тұрады»  дейді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда сол кездегі Қазақстан Республикасының   Жоғары  Кеңесі  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды  қабылдады. Шағын  бұл  құжат ел тарихындағы  ең басты заң, өйткені бұл күні қазақ халқы  ғасырлар  аңсаған  мемлекеттігіне жетті.

«Ақ жол» партиясының сайлау  бағдарламасында: «Тәуелсіздік –біздің өз жолымызды өзіміз таңдау мүмкіндігіміз, келешек ұрпақтың болашағы үшін біздің жауапкершілігіміз» деп анықтайды.

Тәуелсіздікті кімнің  болмасын өзінің тіршілік қаракетіне айналдыруға  болмайды,  елге, тәуелсіздікке  обал жасауға болмайды!

Лев Толстой қадыр қасиетке толы, ар- ожданнан, ұяттан жаратылған,  халықшыл, адам  болған,  балаларға ертегі жазса да, құдай туралы, мемлекет, орыс туралы, патшалар туралы жазса да,  еркек пен әйел, Еуропа, зиялылар мен жазушылар туралы жазса  да әр нәрсені  анық жазып, қарапайым жауап беретін ұлы қаламгер  еді,  кезінде Нобель сыйлығынан бас тартты,  1908 жылы күзде  «Уақыт келді» деген жазбасында: «Менің бұл ғұмырда аз күндерім қалды. Өлместен бұрын  барша адамға, сүйікті бауырларыма  мұны  айтып кетуім керек, айтпасам тынышталмаймын»...-  деп бастаған Толстой: ... «Бұл біріншіден, екіншіден, мемлекет деген не екенін, оның бізді  басқаруы үшін  қандай құдыреті барын біліп алайық?  Мемлекет деген - ол билік. Ал билік  – ол біздің  өмірімізді басқаратын адамдар. Олар қандай,  ең жақсы адамдар ма,  әлде ең мықтылар ма? Біреуі де емес. Олар мұрагерлікпен билікке келген, не әділетсіздікпен  бұрмалап, Наполеон, Екатерина сияқты, билікті басып алған адамдар немесе кездейсоқ ебін тауып,  билікке  жеткен  адамдар,  сондай-ақ  азғындықпен, өзіне сайлау ұйымдастырған адамдар» деп жазады.

Бар жанымен адамдарды қанауға, алдауға қарсы, революцияға, революционерлерге қарсы Лев Толстой осы жазбасында адамдардың құдайға, өздеріне сенбеуінен жеккөрінішті, бағынышты құлдықта жүргеніне налыйды, одан адамдарды арылуға, оянуға шақырады.

«Ақ жол» демократиялық  партиясы биыл ҚР Президенті  Қасым –Жомарт Тоқаевтың  «тарихи  әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын  аяқтап, саяси  қуғын- сүргін  құрбандарын ақтау үшін арнайы комиссия құру» жөніндегі тапсырмасын  қолдап,  комиссия құрамына өкілдерін жіберуге дайын екенін мәлімдеді,  Үкіметке  жолдаған депутаттық сауалда  тарихи әділдікті  қалпына келтіру  үшін өткен ғасырдағы  «Ұлы жұт» нәубатын халықаралық деңгейде зұлмат деп тануды, оған  құқықтық  баға беру туралы  мәселені көтерді. Бұл  «Ақ жол» партиясының ел тарихы алдындағы жауапкершілігін  байқатады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары өткен ҚР  Парламенті Мәжілісіні ң шақырылымдарда  елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында  балама жол ұстана алатын, сындарлы  депутаттар  фракциясы қалыптасты, олар бірнеше жылдар әлем елдеріндегі оппозициялық тәжірибелерді зерттеп, қоғамда оппозицияның керегін түсіндіріп,  анықтап,  елімізде «Парламенттік  оппозиция туралы» заңды енгізді, бекіттірді. Бұл олардың саяси жеңісі, яғни олар елдің  келешегі үшін саяси –экономикалық,  құқықтық жағынан ысылған, құзырлы, тәжірибелері мол, білікті,  кәсіби дайын адамдар екенін көрсетті. Кәсіби саясаткер, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттары:  К.Абсатиров, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсембинов, Д.Еспаева, М.Қазбекова мен Е.Никитинскаялар халық аманатын абыроймен атқарып жүрген, орта және шағын бизнес өкілдерінің мүдделерін  қорғап келе жатқан  депутаттарға айналды.

Сайлау күні  әркім өзі таңдаған, өзі сенім артқан партияға  дауыс беріп, өзгерістерге қол жеткізуге болатынына сенемін, сайлау қорытындылары  бұрмаланбайтынына сенемін,  ел аумақтарындағы сайлау учаскелері мен округтерінің,  Орталық сайлау қызметкерлерінің адалдығына сенемін,  әділ сайлау өтетініне  сенемін!

 

Салауат Кәрім

 

Пікірлер