Жылқыға жаны құмар жайсаң жігіт…

2202
Adyrna.kz Telegram

Бізді таныстырған да, дос етіп табыстырған да қасиетті Қазақ радиосы еді. 2009-2011 жылдарда кілең сайдың тасындай іріктелген қыз-жігіттер «Қайырлы таң, Қазақ елі» таңғы бағдарламасында таласа хабар жасадық.

Күндестік те, ешбір пенделік те араласпаған таза шығармашылық бәсекелестік болды. Жұма күнгі таңғы тікелей эфирге шығуға таласудың өзі қызық әрі тартысты еді. Қасиетті күнде қасиетті радиодан жалпақ жұртқа жақсы сөз айтсақ деп жарысушы едік.

Аталған таңғы бағдарламаның жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы бәрімізді ортақ ұлттық мүддеге береке-бірлікті сақтай отыра сапалы қызмет етуге бағыттады. Өзі бастап тікелей эфирге шығып, бағдарламалар мазмұнының барынша бай, көркем әрі пайдалы болуына ықпал етті. Неге екенін қайдам, бүкіл радионың қызметкерлері біздің редакцияға келіп, әңгіме айтып, жаңалығын бөлісіп, өзі шақырған қонағының жақсы ойларын біздің бағдарлама арқылы елге жеткізуге асығатын болды. Осы құрамда жан-жүрегімен ұлт үшін, жұрт үшін барын сала аянбай еңбек еткен Бағдат Мұхтарұлының көптеген игілікті ісі көз алдымызда іске асты.

Әлі есімде, бір күні таңғы эфиде Бағдат: «Жерді сатқанды көрдік, бала сатқанды көрдік, ал енді мешіт сатылады дегенді естіп-көріп пе едіңіздер» деп селк еткізгені бар. Сөйтті де: «Сол мешітті сатам деген пақырыңыз қасымда тұр, мән-жайын өзінен білейік» деп микрофонды ұсына қойды. Әрмен қарай Арқалықтағы жағдайды еріксіз білуге ынтықтық. Дәл осы секілді тыңдарманын ғана емес, үкіметтегілер мен әкімдіктегілерді орын алған мәселеге қалайда назар аударуға бағыттайтын Бағдатқа тән ерекше үлгідегі көптеген хабарлар эфирден елге тарап жатты, тарап жатты…

Еңбекшіқазақ ауданының Малыбай ауылында орын алған оқиғаның шынайы бейнесі, жаппай тойланатын жаңа жылға қатысты жаңа көзқарас, тіл мен жердің тағдыры, рухани саладағы ұшан-теңіз мәселелердің Бағдат жеріне жете көтермеген тұсы кемде-кем болса керек. Сондай-ақ, Бәкең кең байтақ Қазақияның әр өңірін тынбай аралап, ел ішінен ең қызықты, ең өзекті, ең пайдалы мәліметке толы ақпарат таратуды басты мақсаты санады. Бұл оның кәсіби ғана емес азаматтық ұстанымы еді.

Сан салуан тақырыптың ішінен уақыт өте келе Бәкең барынша ден қойған сала айқындала бастады. Ол – «Жылқы жырынан» басталған қазақ мәдениеті мен өмірінің аса маңызды саласы – жылқытануға біржола бетбұруы еді. Осылайша, Қазақ радиосынан жылқының кісінеген жағымды үні естіліп, жылқы жайында небір таңғажайып һам ешкім естімеген әсерлі әңгімелер айтылып, қазақ жылқысының тарихы мен бүгінгі халі жиі сарапқа салына бастады. Студияға қабағы қатулы, балуан денелі қамшысын ұстаған атбегілер мен шағын денелі шабандозар кіріп, Қазақ радиосының қазақы бояуын одан ары арттыра түсті. Апта сайын өтетін әр жүргізушінің бағдарламасына жасалатын шолуды күтпей, тіпті, эфирге жетпей іздеп тыңдалатын хабарлар қатарына қосыла кетті. Жылқыны жақсы көргенімізбен біз білмейтін беймәлім қырлары қаншама? Бағдатпен әріптес бола жүріп Қажытай аға бастаған көптеген білермендерді тыңдай жүріп, жылқы жайында білеріміз арта түсті. Уақыт өте Бағдатпен әңгіме-дүкен құрып, асханада арқа-жарқа шәй ішіп, эфирден өткен бағдарламаны талқылау орайы азая түсті. Тіпті, оның тікелей эфирге шығуы да сиреді. «Бағдат қайда?» – деген сұраулы жанарларға: «қырда бәйге, сырда той, Оралда аламан, Астанада ат жарыс, солардың Бағдатсыз сәні мен мәні болмас» деп әзілдей жауап қататын болдық.

«Жылқы ауруына» шалдыққан Бағдатты енді «айықтырудың» қиын екені сол кезде-ақ белгілі болды. Көп өтпей редакцияның айрандай ұйыған ұжымды түрлі себеппен ыдыратылды, кейбірі жұмыстан шығарылды. Сол қатарда Бәкең де радиомен қош айтысты. Енді оның шын тәуелсіздікке қолы жетіп, ел мен жерді емін-еркін аралауға жолы ашылды. Сан аламанда жаяу әрі жалғыз жортып, микрофонын арқалап, бәйгеден қалған шаңды жұтып, жүлдегерлерді қуана-күлімсірей құттықтаған сәті бүкіл атбегілердің көңіл түкпірінде сақталып қалғаны айдан анық.

2013 жылы жанталаса жүріп, жолын тауып, «Арғымақ» деген атпен жылқыға арналған арнайы журнал шығарды. Қысқа уақытта санаулы ғана саны шыққан журналда да пайдалы мақалалар аз емес еді. Тұрақты қолдаушысы болмаған соң «Арғымақтың» адымы алысқа аттай алмады. Есесіне жаяулы-жалпылы ел кезіп, жұрт аралаған Бәкеңнің жаңа тынысы ашылды да, 2017-жылы «Арғымақ» атты анықтамалық көлемді еңбегі жарық көріп, жылқысүйер жалпы қауымды қуанышқа бөледі. Бұл Бәкеңнің көп жыл бойы жатпай-тұрмай ел арасынан өзі барып жинаған, ізденген, мұрағат ақтарып топтаған, ат сыншыларынан жазып алған мол мағұлматының сараптаудан өтіп, сапалы шыққан бағалы еңбегі. Қысқа ғана қайырсақ, XX-XXI ғасырдағы Қазақ жылқы мәдениетінің жаңа заман тарихының айшықты һам шежірелі беттері.

«Арғымақ» – атқұмарларға ғана емес, жылқытанушылар мен зерттеушілерге және жалпы жұртқа пайдалы мәліметке толы құнды кітап. Алдына қойған мақсат-мұратына жарнамасыз әрі жанкешті еңбегімен жетуді көздейтін Бәкеңнің өмірі мен ел білмейтін қызықты оқиғалары сан тараулы кітапқа жетерлік екені бесенеден белгілі. Алайда, соңғы 3 жылда сол ардақты азамат – Бағдат Мұхтарұлы да өмірдің сынағына түсті. Бірақ, оған сынбады, сабыр сақтап күресумен келеді. Ешкімге жағдай айтып, алақан жаймады. Бөрі мінезімен ағайынға «арықтығын» білдірмей, қолдау көрсетем дегендерге де тоқтау салып келді. Енді міне екі бүйрегі қатар қызметін тоқтатып, аптасына үш рет жасанды бүйрек аппаратына жатып (диалезге барып, қанды тазарту арқылы) ем алып жүр. Ал жақын-жанашырлардың беруге ниет еткен бүйрегі сәйкес келмеді.

Еліміздегі донор мәселесінің өзекті екенін жақсы білесіздер. Мәселен, жақында ғана белгілі болған мәліметке сүйенсек, елімізде 3061 науқас бүйрек ауыстыру үшін кезекте тұрса, жыл сайын санаулы адам ғана оны ауыстыру орайына ие болады екен. Сондықтан, шекара аттап шыбын жанға шипа іздегеннен басқа шара қалмады. Атап айтқанда, Беларус еліне барып бүйрекке трансплантация жасатудан ыңғайлы жол қалмай отыр. Ал осы бағыттағы ем-домға 30 миллионнан (отыз миллионнан) астам теңге қажет. Қажетті қаржы жиналса, Қазақстанның Беларус республикасындағы елшілігінде қызмет атқаратын Шыңғыс Әділов (Адилов) есімді азамат Беларустағы көлік, жатар орны мен дәрігерлік тексерістер кезінде қолдау жасауға құлшынып отыр.

«Көп тілеуі – көл» екені анық. Ендеше азаматтың басына түскен сынақтың сүрінбей өтуін Алладан тілеп, қолымыздан келген жақсылығымызды жасасақ нұр үстіне нұр болар еді.

Бағдат Мұхтарұлына көмек қолын созамын деген азаматтар болса:
Капбасов Багдат Муктарұлы
АО Kaspi Bank
CASPKZKA
KZ08722C000028675929
Kaspi COLD:
5169 4971 5975 9327
Иин: 821104350164
Бағдаттың телефон номері: 87755997711

 


Жарқын Сәленұлы, журналист

Пікірлер