Туу мен туылу

4897
Adyrna.kz Telegram

"Туған мен емес, анам ғой, мен содан туылдым" дегенді жиі естиміз.

«Туылу» тілдік жүйеге сәйкес келеді. Алайда тіл білімінде узус деген ұғым бар. Узус деп тілдік жүйеге қайшы келсе де, тілдік дағдыға айналған қолданысты айтамыз. Бұған «туу» жатады. Мысалы, жиырмасыншы тұлғасының орнығуы – узустық көрініс. Оны біз жиырманшы деп өзгертпейміз ғой. Узустық құбылыс барлық тілде кездеседі.

(Татар, башқұрт және т.б. тілдерде «туу» қолданылады. Ал қырғыздар «туылу (туулуу)» дейді.)

Қазақ қашанда «тууды» қолданған. «Туылу» кейіннен сөздік қорымызға енді.

«Тууға» байланысты мысалдар төмендегідей:

1) Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді...
2) Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса?... (Махамбет Өтемісұлы)
3) Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады... (Абай Құнанбайұлы)
4) Бүгін менің туған күнім.
Ой, пәлі-ай!... (Мұқағали Мақатаев)
5) Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып... (Қадыр Мырза Әлі)
6) О, туған жер, ыстық еді өңің неткен... (Ержан Жұмабекұлы)

Орфографиялық сөздікте «туу» деп көрсетілген. Ырықсыз етіс жұрнағы жоқ. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «туу» сөзіне төмендегідей анықтама берілген:
1) Босану, бала табу.
2) Ауысп. Пайда болу, жарыққа шығу.

«Туылу» емес, «туу» екенін айтып та, жазып та жүргендер жетерлік. Олардың ішінде «Туылған мен өлінген» атты мақала жазған Мұхтар Мағауин да бар.

Жазудағы бірізділікті сақтағанымыз дұрыс!

Қуаныш Жұмабекұлы

«Лингвистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD),
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Пікірлер