«Алтын қордың» ахуалы алаңдатады

2709
Adyrna.kz Telegram

Қазақ радиосының дауыстар музейі саналатын «Алтын қорында» қазіргі уақытта 111 мыңнан астам шығарма мен арнайы хабарлар бар. 2003 жылдан бері сандық тәсілмен СD-форматқа өтуде. Бүгінде 35 пайыздан астамы сандық үлгіге түсірілген. Өткен жылдың қаңтарынан бастап түпнұсқа жаңа сандық форматқа ауысуда. Осы уақытқа дейін тың тәсілмен 13115 дана фономатериал көшірілген. Осы және «Алтын қордың» мұнан да басқа түйткілдері туралы бізге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосы «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын ИМАНБАЕВА баяндап берді.

altyn

– Алтын Зейнел-Ғабиқызы, «Ал­тын қорда» негізінен қай жылдар­дан бергі үнтаспалар сақтаулы?

– Мұнда 70 жылдан бергі небір дауыстар бар. Арғысын айтсақ,
В. Ленин мен Н. Крупскаяның, жазушы М.Горькийдің дауыстарына дейін сапалы сақталған.

Батыр аға-апаларымыз Б.Мо­мыш­ұлы, Р.Қошқарбаев, Х.Доспанованың дауысы келер ұрпаққа таптырмайтын асыл қа­зы­на деу абзал. Қазақ өнеріне ең­­бегі сіңген Қазақстанның халық әр­тіс­­­тері Ш.Айманов, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, Ш.Жиенқұлова, Г.Ға­ли­ева, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Н.Тілен­диев, Ш.Қалдаяқов, А.Тоқ­па­нов, Т.Ибрагимова сияқты сахна саңлақтары үн­таспаны қоссаңыз, сайрай жө­не­ле­ді. Ал қазақ әдебиетінің тарланда­ры Т.Жароков, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұс­та­фин, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, С.Мәу­ленов, А.Тоқмағамбетов, Т.Әбдірах­манованың үндері, олардың өз­дері жай­­лы сырға толы деректі әң­гі­ме­лері баға жетпес байлық саналады. Те­атр майталмандары С.Майқанова, С.Қо­жам­­құлов, Ә.Өмірзақова, Б.Ри­мо­ва, А.Жо­лым­бетов, Х.Елебекова, Ы.­Но­­­ғай­баев, Ф.Шәріпова ой­на­­ған­ спектакльдер әсері өз алдына бө­лек.

Кезінде өнер зерттеушісі, Қазақ­с­тан­ның еңбек сіңірген қайраткері, бе­л­гілі күйші Жарқын Шәкәрім 1925 жы­лы Францияда үнтаспаға түскен Әміре Қашаубаевтың орындаған алты әнін Мәскеу архивінен «Алтын қорымызға» әкеліп тапсырды. Ал ең алғаш өз орындауындағы әндерді үнтаспаға жазып, фонотекаға түсірген Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов және Ғарифолла Құрманғалиев сынды халық әртістері екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Шетелдік және ТМД елдерінің фономатериалдарынан Л.Зыкина, Г.Отс, Л. Утесов, Р.Бейбутов, П. Бюль-Бюль Оғлы, В.Ободзинский, А.Герман, В.Толкунова, Э.Пьеха, Б.Закиров сынды тамаша әншілердің әндерін көптеп кездестіруге болады. Бір кездері орыс музыка редакциясы болған кезде осы әншілер көп насихатталатын.

Италиялық опера әншілері Т.Руфо, Т.Скипа, Л.Паваротти, Э.Карузо, Р.Лоретти, грек-америка әншісі М.Кал­лас, серб әншісі, Югославияның ха­лық әртісі Р.Караклаичтің дауыс­тары, сонымен қатар, Ресей халық әртістері Ф.Шаляпин, А.Ульянов әндері, С.Рахманинов, А.Рубенштейннің туындылары таусылмас қазына емес пе?. Шіркін-ай, осы үндерді бір ауық әуе толқынынан насихаттап тұрсақ, қандай ғанибетті іс болар еді.

– Әдетте, Қазақ радиосының қорында әдеби, музыкалық және тарихи мағлұматқа толы арнайы хабарлар көбірек сақталмай ма?

– Қазақ радиосының жанынан ашыл­ған симфониялық, эстра­да­лық, ка­ме­ра­лық оркестрлердің орын­дау­ындағы шы­ғармалар күнбе-күн қорды байыт­ты. Сонымен қатар, радионың өз жаны­ндағы С.Әбусейітов, Р.Мұсабаев, З.Қойшыбаева, Г.Разиева, В.Қармысова, Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов, Л.Кесо­глу сынды тама­ша әншілер әр та­қы­рып­тағы ән­дер­ді үн­таспаға түсіріп, фонотеканы то­лық­тырды. Жақында Кесоглу өзінің жеке мұрасын қорға әкеліп тапсырды.

– Ең алғаш радиода шырқалған әннің авторы кім және ол қандай ән?

– Алматыда радио 1931 жылы ашылып, Қазақ радиосын сонда алғаш Айтбай Хангелдин басқарған еді. Ал радионың эфирін Сәкен Сейфуллин сөз сөйлеп ашқан. Алғашқы әншісі Шәркүл Әшірова Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындаған. Музыка бөлімінің меңгерушісі Борис Ерзакович әуе толқынына тікелей ән салған әншілерді, күйшілерді өзі реттеп отырған. Әйгілі жезтаңдай әнші Күләш Байсейітова орындаған «Гәкку» әні тұңғыш рет елге радио арқылы тарағаны белгілі.

…Мен 1990 жылы Қазақ радиосының музыка редакциясына қызметке орна­ласқан кездерде музыкалық концерттер сан салаға бөлінетін. Тіпті, «Алтын қордағы» барлық үнтаспа әуе толқынынан берілетін. Қазақстанды әлем таныған қазіргі шақта бар бай­лы­ғы­мызды әуе толқынынан жанрға бөліп насихаттасақ, қордың бағасы артар еді. Жабулы қазанға айналған қордан бүгінде үнтаспалар өте сирек насихатталады. Қазіргі елді жауыр қылған арзанқол эстрададан басқа халыққа ұсынып жатқанымыз шамалы.

– Қазақ радиосының «Алтын қорын» жандандыру үшін алдағы уақытта не істеу керек?

– Ол үшін өңдеуші операторларды қабылдап, дыбыс деңгейін көтеруге тиіспіз. Қазақ радиосының басқа радиодан ерекшелігі – бізде баға жетпес құнды дауыстар, әндер мен тың шығармалар өте көп. Мұндағы ұлттық операларымыз бен драмалық спектакльдер әуе толқынынан үзбей беріліп тұрса, тыңдаушыға теңдесі жоқ жан азығы емес пе? Батырлар жыры, қисса-дастандар, «Ерден атайдың ертегілері» тыңдалатын уақытта насихатталса, нұр үстіне нұр болар еді. Ел ұйықтаған шақта «Алтын қордан» асыл маржан ақтарып жатқанымыз – халыққа жасалған қиянат.

– Жер бетіндегі мемлекеттердің өнері мен әдебиеті, музыкасы сақталған бөлімнің қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

– Мұндағы фономатериалдарды сандық жүйеге түсіруді одан әрі жалғастырудамыз. Осыған қарамастан көптеген шешілмеген түйткілдер жоқ емес. Мысалы, біріншіден, қордағы фономатериалдар ылғалдылылығы мен температурасы сақталмағандықтан, кеуіп жатыр. Бөлмелердің температурасы бірқалыпты емес. Заң бойынша +8 – +18 градуста, ылғалдылығы 65 пайызда сақталуы керек. Екіншіден, сөрелер – алюминийден, пленка қоятын орын картоннан жасалған, бұл талапқа сай емес. Негізі, фономатериалдардың бәрі неферромагниттік сөрелер мен шкафтарда сақталуы керек. Үшіншіден, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Төртін­ші­ден, фономатериалдарды көшіретін техниканың тозығы жеткен, ескі.
Маг­нитофондар 1986 жылғы. Одан кейінгі техникалар жаңартылмағалы он жыл.

– Атап айтқанда, қандай тех­ни­ка­лық шаралар қолға алынуы тиіс?

– Бірінші – қордағы фономатериал­дар­дың ылғалдылығын, температурасын сақтап тұратын техникалық құрал керек. Екіншіден, фономатериалдарды сақтайтын неферромагниттік сөрелер мен шкафтар қажет. Үшінші – өрт сөндіретін, өрт тұтанған кезде су бүркетін техника жоқтың қасы. Төртінші – жаңа STM-610 венгр магнитофондары керек. Бесінші – фономатериалдарды көшіретін заманауи техникаларды жаңарту – уақыт талабы.

– Өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешілген?

– Бір ғана Мәскеуді мысалға ал­­сақ, радиода қорлар толықтай цифрлық жазбаға түсірілген. Ондағы үнтаспа сақ­тайтын ғимаратта фономатериалдар неферромагниттік сөрелердегі сандықшаларда сақталған. Сонымен қатар, ылғалдылығы мен температурасын рет­тейтін арнайы автоматталған құрыл­ғы­­лар бар. Сол арқылы қызметкерлер бө­л­­меге қажетті сұранысты қам­та­ма­­­­сыз етеді. Кітапханалардағы сия­қ­­­-
ты автоматтандырылған бағыт арқылы үнтаспалар өздігінен жылжып, қажет жерге жетеді. Бұл жердегі қыз­мет­керлердей фономатериалдарды белі қай­ы­-
сып көтеріп жүрмейді екен.

Техникалық дирекцияның жұмысты жолға қоймауынан бір пленканы 15-20 рет сандық тәсілге түсіріп, бір істі сан рет қайталап отырған жайы­мыз бар.

– Технологиялық тұрғыда қор сақтау талаптары толық орындалып отырған жоқ па?

– Тоғыз мыңға жуық Мәскеу фономатериалдары телеарнаның от жа­ғыл­майтын жертөлесіне көшірілді. Үш сан­дық тәсілге түсіретін операторымызды техникалық бөлімге ауыстырды. Қазақ радиосының ғимаратынан телеарнаның кабинеттерінде отырған операторларға фономатериалдар тасылып беріледі. Көшірілген сапалы фономатериалдар тағы да жертөлеге қойылуда.

«Алтын қор» фономатериалдары 18 градустық жылылықта сақталуы керек. Қазіргі жертөленің температурасы оған мүлде сәйкес емес. Сыз әрі салқын. Тағы бергелі отырған үш бөлме де фономатериалдарды сақтауға жарамайды. Негізі, Қазақ радиосының «Алтын қоры» өз ғимаратында қалса дейміз. Ғимаратты жалға беріп ақша тапқан жақсы-ақ, бірақ 70 жыл жинаған байлығымыздан айырылу қылмыс болып табылады. Кезінде мен ТВ-ның жертөлесіне түскенде темір қалбырда түбіт болып шіріп жатқан бейнетаспаларды көріп, шошыдым. Темір қалбырда шірісе, сонда қағаз қораптағы үнтаспа қалай аман тұр? Суық жерде пленка сынады, магниттік қабаты шашылып қалады. Магниттік қабатта біздің қажетті дыбыстарымыз тұр. Осы жағдайға мен қатты алаңдаймын.

– «Алтын қор» бөлімінің ісін қорғайтын арнайы заң қабылдау керек деп жүрсіз. Мұнда не нәрсеге баса назар аударған жөн?

– «Алтын қор» фонома­тер­иал­дар­ы­ның сыртқа көшірілмеуі, сатылмауы жай­лы заң шығару қажет. Бұл – жабық ар­хив. Өз кезінде сахна саңлақтары, әдебиет тарландары алтын қорға мұ­раларын сақтауға, Қазақ радиосынан на­сихаттауға тегін өткізген. Бұл фономатериалдарды авторлардың, сондай-ақ, мұрагерлердің рұқсатынсыз ешкім де пайдалануға қақысы жоқ. Тек Қазақ радиосының әуе толқынынан ғана насихатталуы қажет. Сол себептен, баға жетпес фономатериалдар тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кетпеуі керек.


Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Пікірлер