Қазақ тіл білімін зерттеген ғалым дүниеден өтті

4215
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғасы, қазақ синтаксисінің белді зерттеушісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен ардагер оқытушы, ұлағатты ұстаз, дара ғалым РАҚЫШ СӘТҰЛЫ ӘМІР дүниеден өтті. Қаралы хабарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасы ұжымы Facebook желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

Рақыш Сәтұлы оқуды Жамбыл қаласында бастап, Отан соғысы жылдары оны туған ауылында жалғастырды, басқа балалар сияқты колхоздың әлі келетін жұмысына араласты, еңбектің арқасында ерте шынықты. Соңғы жылдардағы ел күйі, мұңы, ерлігі, қайсарлығы ғалым аға көкірегінде сурет болып басылған, көңілінде жүр.

Рақыш Әмірді 1943 жылы жездесі Өмірбек Батырбеков Жамбыл қаласындағы педучилищеге оқуға түсірді. Оқуы желтоқсанда басталып, егіс бастала тоқтап қалатын ауыл мектебі сияқты емес, педучилищеде оқу жүйеге түскен, мұғалімдері де облыс таныған мамандар болатын. Әсіресе тарих пәнін оқытатын Юсупов деген кісінің өнегесі күшті болды.

Педучилищеден Әмір Рақыш үздік аттестат алып, 1946 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне емтихансыз алынды. Сол жылы оқуға түскендер Жеңістің қуанышымен көңілдері көтерілген, оқуға деген сағынышпен, құлшыныспен келген жастар еді. Бұлардың қатарында, Л.Т.Твардовскийдің сөзімен айтқанда, Отан соғысы отының шарпуына түскен, шыныққан, өжет жігіттер көп болатын.

Студенттік өмір мәнді, қызықты өтті. Рақыш Әмір озат оқыды, қоғам жұмысына мол араласты: комсомолдың курстық, факультеттік ұйымының хатшысы болды. Филология факультетінде қазақтың ұлттық мәдениетінің М.Әуезов, А.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев сынды ірі тұлғалары дәріс оқушы еді. Бір жылдары космополиттер деген атақ тағылып, Мәскеуден қуылған ірі әдебиетшілер де сабақ берді. Солардың ішінен Батыс Европа әдебиетінің мамандары Блюменфельд, Фридман деген оқытушылар ерекше есінде қалды. Осы кісілердің білімпаздығы, елінің қамын жеген азаматтық кейпі, жүріс-тұрысы – тәрбиенің зоры еді.

Р.Әмір: «Тілші мамандығын қалауыма Ыбырайым Есенқұл-ұлы Мамановтың ықпалы себеп болды», – дейді. «Ы.Маманов – студенттермен қоян-қолтық араласып жүретін көпшіл, өте білімді, мейірімді кісі еді. Ол кісі 1-курстан бастап курс жұмысы ретінде тақырып беріп, үйінен сирек ұшырайтын ғылыми кітаптарды әкеп беріп, таныстырып, тіл біліміне қызықтырды».

Осындай жағдайлар әсерімен Рақыш Әмір университетті үздік дипломмен бітірді, қазақ тілі мамандығы бойынша аспирантураға қалдырылды. Бұған да жебеу болған Ы.Маманов еді.

Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, М.Әуезов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Ы.Маманов, Блюменфельд, Үшаяқов, Е.Ысмайылов сияқты жарқын жандардың шәкірті болғанын Әмір Рақыш тағдыр берген зор сыйлық деп есептейді. Осы жылдары өмірдің берген тағы бір сыйы келешекте жұбайлы болған Сара Мырқасым қызы Серікбаевамен кездесуі еді.
Р.С.Әмір «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» деген тақырыпта диссертация жазып, қорғап, 1955 жылы филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды. Жетекшілік еткен білікті маман, жұртқа танымал М.Б.Балақаев еді.

Диссертацияны талқылауға М.О.Әуезов сөз алып қолдау айтты. Ол кісі: «Диссертация мазмұнды екен, сауатты жазылыпты. Жалғаулық деген жазуда да, сөйлеуде де үлкен қызмет атқарады екен. Диссертант ептеп олардың тарихи қалыптасуын да айтты. Қызықты жолмен қалыптасқан екен. Кітап жазып жүріп жалғаулықтардың бізге көрсетіп жүрген зор қызметін елемеппіз, Тартюфке ұқсап» - деп отырғандарды бір күлдіріп алды.
Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтындағы сіңірген еңбегі үшін Р.С.Әмір «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгімен марапатталды.

1964-1971 жылдары Р.Әмір Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып істеді. Ғылыми жұмыспен қатар жауапты қоғам жұмыстары қоса атқарылды. Ол институттың профсоюз ұйымының председателі, партия ұйымының секретары болды.

Р.С.Әмірдің Тіл білімі институтының іргесінде жүріп атқарған ғылыми-творчестволық еңбегі жемісті болды. Ол екі томдық академиялық «Қазақ тілі грамматикасын» жазуға қатысты. «Тіл мәдениеті және баспасөз» атты республикалық конференцияда баспасөз тіліндегі тенденциялар туралы баяндама жасады. Осы конференция белгілеген бағытпен сөйлеу мәдениетіне байланысты зерттеу ұйымдастырып, еңбектер жариялады, солардың қатарында интеллектуалдық пен сөйлеу мәдениетінің қатысы жөніндегі мақаласы бар.

Р.Әмір ауызекі сөйлеу тілі мәселесін бірінші болып зерттеді, «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи» деген монографиясын жарыққа шығарып, соның негізінде 1972 жылы докторлық диссертация қорғады. Зерттеу қазақ тілі синтаксис жүйесіндегі амалдарды (қайталау, шенеу, үндеу, т.б.), тұлғаларды толық ашып, адекватты түрде танытты, түрлі коммуникативтік мақсаттарды өтеу механизмін ашып берді.

Р.С.Әмір жай сөйлемдер жүйесінде сөздердің еркін, жалпылықты заңдылықпен тіркесуі мен еркін предикативтік форма негізінде құрылатын конструкциялармен қатар өзгеше құрылым бар екенін атайды. Бұл құрылымдарда әр мағыналық түріне тән тұрақты лексикалық компонент пен лебіздің актуальды мағынасын атайтын еркін сөз өзара жапсарласып бірігеді. Р.Әмір бұларды шаблон (үлгі) бойынша ұйымдасқан реплика ретіндегі лепті сөйлемдер деп атаған. Бұлай аталуына себеп – бұл конструкциялардың ауызекі сөзде – диалогта реплика ретінде жұмсалады.
1974-1979 жылдары Р. Әмір Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафдрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы болып қызмет істеді. Осы қысқа мерзімде Р.С. Әмір елеулі, осы күнге дейін нәтижесі көрініп жүрген жұмыстар атқарды.
Факультетте араб тілінен маман дайындау жұмысы ұйымдастырылды. Бұл мәселе бұрыннан айтылып жүр еді, оны жүзеге асыру Р.С.Әмірдің қолына тиді. Р.С. Әмір Мәскеу, Ленинград университеттеріне барып бұл мамандықтың оқу жоспарымен, оқу ресурстарымен танысты, мұғалімдерімен ынтымақтастық орнатты. Алынған материадарға сүйеніп өз оқу орнына лайық оқу құжаттарын дайындау ұйымдастырылды, мұғалімдер іздеді. Осындай істер арқылы араб тілінен маман дайындау жолға қойылды.
Орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын ғылыми кеңес ұйымдастырылды, бұл ғылыми кеңес Орта Азия елдерінде екінші болып, тек бүкіл Қазақстан үшін ғана емес, басқа көршілес республикаларға да қол ұшын берді.
Осы жылдары филология факультетінің жанынан қазақ тілі, орыс тілі мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіретін тұрақты курс жұмыс істейтін болды. Бұл шара факультеттегі маман дайындау жұмысын мектеп тәжірибесімен тығыз ұштастыруға себепші болды.
Шет ел тілдері педагогтік институтында қызмет еткен жылдары Р.Әмір Алматы қаласы халық депутаттары советінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Совет аудандық партия ұйымы пленумының мүшесі болып сайланды.
Шет ел тілдері педагогтік институт ректоры қызметін атқарып жүріп те Р.Әмір ғылыми-зерттеу жұмыстарынан қол үзген жоқ.
Р.С.Әмір есімі Қазақстан Республикасы жоғары мектептерінің аса көрнекті ғалым педагогтары деген кітапқа енгізіліп, ол туралы көлемді мақала берілген.¹

Ғалымның өз басына қатысты атқарған творчестволық сипаттағы істерін жинақтап көрсек:

1. Ғылыми зерттеуінің нәтижелері ілгеріде сөз болған 5 монография түрінде жарық көрді.
2. Серік авторлардың қатысуымен мектепке арналған әр кезеңде 8 оқулық жазды.
3. Жоғары оқу орындарына арналған қазақ тілі пәні бойынша 2 оқулық,1 оқу құралы жазылды.
4.Аталған мектеп оқулықтарын пайдалану жөнінде мұғалімдерге көмек ретінде методикалық нұсқаулар жазылды.
5.Бұған қоса қазақ тілін мектепте оқытудың мазмұнын, әдісін теориялық тұрғыдан қарастырған 3 еңбек бар.
6.Қазақ тілі, оны оқытудың әдістемесіне арналған 100-ден аса мақалалары жарық көрген.

Еңбегіне байланысты Р.С. Әмірге мынадай марапттарға ие болды:

1. «ҚазССР халықтарының ағарту ісінің озық қызметкері белгісі» (1961ж.).
2. «Құрмет белгісі» ордені (1981ж.).
3. «ҚазССР жоғарғы советі президиумының Құрмет грамотасы» (1980ж.).
4. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009ж.).
5. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» Күміс медалі (2010ж.).

Қай мерзімде, қай салада, қай жағдайда еңбек етсе де, Р.С.Әмірге тән қасиет – жұмысын жауапкершілікпен, ізденімпаздықпен, үлкен қоғамдық мән беріп атқаратын. Осы қасиет оған жастайынан сіңген, өмірлік серігіне айналған.

«Адырна»  ұлттық порталы

Пікірлер