Итке қатысты ұғымдардың мәні тереңде!

16457
Adyrna.kz Telegram

Жануарлар әлемінің ішінде ит – адамзат баласы үшін аса қастерлі жан иелерінің бірі. Оны қазақтардың ауыздарына жиі алатын «Ит – жеті қазынаның бірі» деген тұрақты сөз тіркесі де аңғартады. Бұл фразеологизмнің астарында зор мән жатқанын қазақ фольклорының үлгілерін оқи отырып айқын аңдауға болады. Әрине, аталған хайуанның бұлайша айрықша қастерленуіне оның ғасырлар бойы иесіне адал қызмет атқаруы себеп болғаны белгілі. Адам баласына мезолит дәуірінен (біздің дәуіріміздің 13-7-мыңжылдықтарынан) бері қарай серік болған итті әлем және қазақ фольклорының,  үлгілері иесін Құдай жаратып жатқан сәттерде қамқоршылық әрекеттерімен танылған етіп көрсетеді. Бұған кезінде ғалым А.Тойшан жан-жақты ғылыми талдау жасаған әңгімелерді дәлел ретінде келтіруге болады. Сол әңгімелердің бірінде иттің адамды сақтау үшін жасаған жанқиярлық әрекеттері: «Тәңір адамды балшықтан жаратқан. Оған ібіліс келіп тиісе берген. Ібілісті қуып, адамның қатпаған мүсінін күзеттіру үшін Құдай адамның кіндік тұсын ойып ап, сол балшықтан итті ал дегенде жаратқан. Адамның кіндік шұңқыры  содан пайда болған.  Итті жаратқан балшықты Құдай  ағашқа апарып қойған. Ібіліс ағашқа өрмелеп шығып, оны да қолмен түртіп ластаған.

Ит жаралған соң адамды күзетіп, ібілісті қуып тастаған. Иттің адамға еріп, қалмай дос болып жүргендігі – кіндігінің топрағынан жаралған екен. Ал кей кезде адамды арсылдап қуып алатыны оны да ібіліс түртіп былғап тастаған-мыс»,– деп баяндалған  [1, 79-80 б].

Тек қазақ этносы ғана емес, жалпы шығыс халықтарының итті ерекше құрметтегені жыл санау циклында аттары аталатын он екі жануардың бірі ит болуынан да байқалады. Бізде: «Қазақ халқы Ит жылын жақсылықтың бастамасы, бақ пен ырыстың жолашары деп есептеді», – деп жазса [2], осындай пайымдауды өзге елдердің де гороскоптарынан кездестіреміз.

Иттің сакралды ұғым-түсініктермен тығыз байланысты екенін қазақ халқының ықылым замандарда қалыптасқан наным-сенімдері негізінде пайда болған ырымдары, тыйымдары да сездіреді. Қазақтардың сондай дүниетаным негізінде қалыптасқан қағидалары мынадай: «Ит – жеті қазынаның бірі. Сондықтан оны өлтіруге, азаптауға, қаңғыртып жіберуге болмайды» [3] «Ырымның жаманы болмайды. Ырым бойынша жас босанған келіншек итке «кет» демейді. «Онда тісі түсіп қалады», – дейді халық сенімі» [4].

Осындай ырымдардың санатына қазақтардың баласы тоқтамай жүрген әйелдерді босандыруда жиі қолданатын амалы да жатады. Біз бұл тұста қазақтар арасында жиі кездесетін Итемген деген есімнің этимологиясына қатысты аңыздарды еске алып отырамыз. Бұндай атауды иеленушілердің арасында қазақ руларының аталары да, айтулы батырлар да бар. Қазақтың халық прозасы үлгілерінде сондай есімнің жас нәрестеге берілуіне өмірге жаңа келген шақалаққа иттің сүтін емізу ырымы себепші болғаны баяндалады.

Бұндай ырымды қазақтардан басқа халықтар да қолданған. Мысалы, егер башқұрттың балалары жиі өлсе, жаңа туған нәрестені аман сақтау үшін оны шешесінен айырып алып, қаншық иттің бауырына салып асыраған,– деп аңғартады [5].

«Ит көйлек туралы не білеміз?» атты мақалада қазақтың жас сәбиге иткөйлек кигізу дәстүрі де біз жоғарыда атап өткен мифтік әңгімелермен байланыстырылады [6]. Сондай мақалаларда иткөйлектің кейбір қандастарымыздың соғыстан, қатерлі сапардан  аман келуіне сеп болғаны туралы сөз болады. Бұл оқиғалар туралы әңгімелердің алғашқысында: «Б.Саусақбаев деген кісінің әжесі оның иткөйлегін қауіп-қатерден сақтайды деп  соғыс алдында беріпті»,– деген жайт баяндалса [7, 147], екінші әңгімеде иткөйлектің көмегі осыған ұқсас мазмұнда суреттелген.

Иттің алдағы уақытта болатын оқиғадан хабар беретін сакралды қабілетіне де халқымыз қалтқысыз сенген. Сондай түсініктер иттің ұлуы жөніндегі әңгімелерде әсіресе айқын көрінеді. «Ит неге ұлиды?»  атты мақалада бейнеленген мынадай ахуалды біздің барлығымыздың да басымыздан кешіргеніміз анық: Бала  кезімізде түнде үрейімізді ұшыратын дауыстың бірі иттің ұлуы еді. Ұйқыда жатқан балаң көңілді біреу келіп қасқырлар торуылдаған орман арасына тастап жібергендей күй кешетінбіз. Бұл кішкентайлардың ғана емес, үйдің үлкендерінің де жүйкесіне жүк түсіретін. Төрдегі керуетте жатқан әжеміз көрші бөлмедегі әкемізге қатқыл дауыспен: «Әй, анау басын жұтқыр иттің үнін өшіріңдер», – деп пәрмен бергеніне талай куә болдық. Өйткені әжеміз: «Иттің ұлығаны - жамандық шақырғаны»,- деп сендіретін.Бірақ байлаулы ит қанша тоқпақ көрсе де ұлығанын еркінен тыс жалғастыра беретін. Ежелден адамның досы, жеті қазынаның бірі саналған қасқыртектес үй жануарының неліктен біздер үшін жағымсыз үн шығаратынын кейін білдік»,– деп бастаған автор Р.Әбдіхалық [8], бұл құбылыстың сырын: «Сөйтсек ол да тіршілік иесі болғандықтан жалғыздық, қуаныш, қайғымен кезігіп, алабұртқан көңіл-күйде болады екен. Бұдан бөлек арғы тегі қасқыр тұқымынан тарағандықтан ұлу олар үшін басқа тайпаластарымен байланысудың, тілдесудің амалы ғана. Десек те кез келген жаратылыстан сиқырлы күш, қылығынан себеп іздеуді әдетке айналдырған адамдар иттің ұлуы да тегін емес екеніне сендіргісі келеді. Бұны жоққа шығаруға да әсте болмас»,– деп түсіндіреді де [8], соңғы пікірінің дұрыстығын аңғарту  үшін ел аузында жүрген мынадай бір әңгімені келтіреді: «Ілгеріде бір кісінің иті күніге кешке жақын ұлитын жаман əдет шығарыпты. «Жаманшылық шақырып жатыр»,- деп ойлаған əлгі кісі:  “Басыңа көрінгір!”- деп итін қарғайды екен. Қала берді үйінен аулаққа қуып тастайды. Жануар болса, үйін айналсоқтап, әдетін тоқтатпайды. Сондай күндердің бірінде əлгі кісінің үйіне бір диуана қайыр сұрап келіпті. Үй иесі жеті теңгесін қайырымдылыққа қия салып, кері бұрылып кетіп бара жатса, әлгі диуана: “Аспанға қарашы”, – дейді. Қараса, қап-қара қорқынышты бір алып дененің өзіне таяп келе жатқанын, ал итінің ұлып жақындатпай тұрғанын көреді. Сəлден кейін əлгі қара түсті беймәлім нəрсені өзінің берген жеті теңгесі қуалап кете барыпты. Осының бəрін көзімен көрген иттің иесі диуананың тегін адам емес екенін біліп, алғысын жаудырған-мыс. Сол күннен ­бастап иті де ұлуын қойған» [8].

Қазір Қапшағай қаласында тұратын жетпіс жастағы қария Зейнеш Өтепқызының айтуына қарағанда, ит өзі қорыған отбасына келе жатқан жамандықты алдын ала сезіп, сол бәлекетті кері қайтаруын Алла Тағаладан сұрап алу мақсатында  ұлитын көрінеді. Ал, кейінгі кездері ит ұлуының астарында жатқан тылсым сырға үңілуді көздей жазылған мақалалардың көпшілігінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Егер, түнде иттің үргенін және есектің ақырғанын еститін болсаңдар, Алладан пана тілеңдер («Әғузу билләһи минаш шайтанир ражим» деп айтыңдар). Шынында олар сендер көрмейтін нәрсені көреді»,– деген өсиетіне  [9] сілтеме жасалады.

Иттің бойында сакралды қасиеттердің оның ұйқы кезінде берілетін аянынан да көрінетініне  халықтың нық сенгендігі: «Егер түсіңде ит көрсең, адал досыңа сәттілік болады;  жүгірген ит көрінсе, онда өзің жаңа орынға жайғасуға орын іздейсің;  қара ит түсіңе енсе, дұшпандарыңнан сақтану керек;  ақ ит түске кірсе, жақсылық нышаны, ырыс»,– деген секілді түс жору қағидаларынан да аңғарылады [10].

Ойды түйіндей келе, адамның адал досына айналған мақұлықтың бейнесін халқымыздың бұдан да өзге қастерлі сипаттармен байланыстыратыны жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Дегенмен, оның сакралды құбылыстар санатына жататынын –  қастелі жануар екенін, осы келтірген мағлұматтарымыз-ақ ашып көрсетеді деген ойдамыз.

                                                                                                   

                                                       М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер                                                    институтының кіші ғылыми қызметкері Олжас Жолдыбай

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тойшан А. Түрік – моңғол мифологиясы. – Алматы, 2009.
  2. Құт береке тұнған құтпан жылы босағадан аттады... // www.inform.kz
  3. Алтай E. Ит жеті қазынаның бірі ме? // ummed.kz
  4. Әмірбекова A. Қазақтың ырым-тыйымдары. // anatili.kazgazeta.kz
  5. Филоленко С. Башкиры. «Вестник Оренбургского учебного отдела». –1914. №
  6. Ниетқалиева Г. Иткөйлек: Оның қадір-қасиетін білеміз бе? // atr.kz
  7. Тоқтабай А. Қазақ тазысы. – Алматы, 2013.
  8. Әбдіхалық Р. Ит неге ұлиды? // qazaly.kz
  9. Қасым А. Ит неге ұлиды? // Islam.kz
  10. Тазы итке қатысты тыйымдар… // kk.wikipedia.org

 

 

 

 

Пікірлер