Өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамағандарға – 92 миллионнан аса теңгеге айыппұл салынған

2120
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың өткен 10 айында Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құтқару, жедел жәрдем көрсету ұйымдарымен де қыруар шаруалар атқарылып, біршама адам өмірі құтқарылған екен. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабаралайды.

Мысалы,  «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесі тарапынан  3 144 зардап шеккенге медициналық көмек көрсетілсе, 2 331 адам  құтқарылып, 1 139 адам  эвакуацияланған.

Аталған мекеме қызметкерлері  3 536 рет шақыртуларға  барған, оның ішінде трассалық медициналық-құтқару пункттері 896 шақыртуға барып,  900 адамды эвакуациялаған, Зардап шеккен  1 708 жанға  медициналық көмек көрсетілді.

Ал,  «Қазавиақұтқару» Акционерлік қоғамының қарамағындағы құтқарушылар болса,  әуе кемелері іздеу-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіруге қатысу, жеке құрамды жеткізуге және басқа тапсырыстар бойынша
1 461 ұшу сағатын жасаған, оның ішінде санитариялық авиация бағыты бойынша
442 рет ұшу жүргізілсе, 432 адам тасымалданған.

«Өрт сөндіруші» Акционерлік қоғамы  25 адамды құтқарған  және эвакуациялаған, 551 рет шақыртуға барған, соның ішінде 156 өрт сөндіруге ат салысса, 36 мәрте  авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген. Ал,
359 жағдайда  жануды жойған.

Төтенше жағдай кезінде құтқарушылық жұмыстарынан басқа, сол төтенше жағдайдың алдын – алу шараларына да, оқыс оқиғалар болмас үшін тексеру жүргізуге   де, ескерту жұмыстарын атқаруға да төтеншеліктер уақыт пен күш табады.

Бақылау-профилактикалық қызмет шеңберінде нысандардың өртке қарсы жай-күйіне 17 552 тексеріс жүргізілсе, 56 129 бұзушылық анықталған, 10 915 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, соның ішінде 2 144 лауазымды тұлғаға 92,1 млн. теңге сомасында айыппұл салынған.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылдың он айында ерекше тәртіп бойынша 761 және жоспардан тыс 440 тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 21 951 бұзушылық анықталып, 234 объекті және 1 субъекті тоқтатылды, 100 млн. теңгеден астам сомаға 852 әкімшілік айыппұл салынған.

Мемлекет басшысының бизнеске қысымды төмендету бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында өрт қауіпсіздігі саласында бақылау тек жоғары тәуекел дәрежесіндегі объектілерге қатысты енгізілгендігін және ерекше тәртіпте өткізілетіндігін ескерсек, бұл көрсеткіштер әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Дегенмен, тексеріс үшін емес, төтеншеліктер үшін емес, өзіміз үшін қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанғанымыз абзал.

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер