Балаларға базарлық: Тауларды қозғалтқан өгіз

2474
Adyrna.kz Telegram

(хетт аңызы)

Бірде, *Аринна шаһарындағы храм қызметшісіне алабажақтау киінген адам келеді. Мойнында – ағаш бұғау, тас төбесінде – себет пен жебелер.

– Маған не болды? – деді алаңғасарлау қонақ сұраулы жүзбен. – Неге жарма кигізіп, басыма себет қойған? Үйден ештеме ұрламағам ем ғой! Сиырға да, бұқаға да, қойға да тиіскем жоқ! Арты жақсылықпен тынса жарар еді! Елдерді ойрандаймын, оңдырмаймын! Жебелерді дұспан жүрегіне қадаймын.

– Бүйтіп қорқытпа, бізді! – деді құдірет. – Өзендерді де, тауларды да, мұхиттарды да ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын кім екенін білмеуші ме ең? Орнынан ойыспас үшін тауларды шегелеп қойған мына – мен. Теңіздер де теңселіп, жағаға қашып, түбі жалаңаштанбас үшін, оларды да қақтым, қазықша.

Құдірет әңгіме әсерінен шыға алмай тұрғанында бейтаныс басына мүйіз бітіп, тұла бойын ала-құла жүн басып, аяқ-қолын тұяқ алмастыруға айналды. Аңырайып, аузын ашып, көзін жұмған әрісі қатты үрейленген храм қызметшісі осы өзгерістің куәсі болды. Еңгезердей бұқа әлгі жерден ентелей шыққанда ғана қызметші айғай салды:

– Қараңдар, қараңдар, уа, жарандар, бұл – қауіпті өгіз! Бірақ, мүйізі неліктен қайырылған екен, қалайық?

Бұқа бұрыла ғап:

– Өйткені, жорыққа шыққам. Алдымды биік тау бөгеген-ді. Оны да орнынан қозғалттым. Теңізді де жеңдім. Содан, міне иіліп қалғаны, – деп өкірді.

Бұл туралы тақта тапжылмай отырған әйел бейнесіндегі **Күн құдайы біліп қояды. Ол сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді:

– ***Хальпаға тартыңдар. Жауынгерлер шайқасқа әзір тұрсын деп айтыңдар.

 

*Аринна – хеттердің қасиетті қаласы, сол тілден тәржімалағанда қайнар, бастау деген сөзбен мәндес.

         **Бұл – хетт мифологиясындағы құдайлар патшасы – Тешубтың (Тессоб, Тешшуб) жары – Ариннити.

         ***Хальпа – Хетт патшалығы кезіндегі ең ежелгі кент.

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.

 

Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды.

Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

Пікірлер