Қымбатшылық қос өкпеден қысып барады

4208
Adyrna.kz Telegram

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері арзаншылық, арзандапты деген сөз айтылмағалы қай заман. Бұған дейінгі қымбатшылық аса назар аудартпағанымен, пандемия кезіндегі Қазақстан нарығындағы шарықтаған баға кез келгенді үрейдің құшағына ала бастағаны ақиқат.

Былтыр ғана осы уақытта дүкенге он мың теңгемен барып, ең болмаса екі аптаға жететін азық-түлігіңізді алып қайтатынсыз. Ал қазір сол он мың теңгеге алған затыңыз бір дорба да болмайды.

«Осыдан 5 жыл алдын базарға барсам 20 000 теңгеге біраз азық-түлік алатынмын. Қазір 40 000-ға да онша зат ала алмаймын. 500 теңгеге А4 қағазын алатын едік ол енді 1 300 теңге болды. 2 200 000 теңге тұратын Hyundai Accent қазір 6 500 000-нан көп. Біздегі қымбатшылықтың ең басты себебі өз басын алып жүре алмайтын, екі көзі рубльге қарап жаутаңдайтын теңгенің құнсыздануы. Доллар қаншалықты қымбаттаса, қарапайым халық соншалықты кедейленеді.

Қымбатшылықтың тағы бір себебі инфляцияның дұрыс есептелмеуі. Статагенттіктің мәліметтерінің көбісімен келіспеймін. Соңғы 5 жылда біздегі инфляция жылына кемінде 20%-дан болды деп айта аламын. Адамдардың қымбатшылықты сезінбеулері үшін айлықтары кемінде инфляциядан жоғары болуы керек. Біздегі 2018-дегі 5%, 2019-дағы 4% дегендермен келісе алмаймын. Ресми статистика 5% деген соң зейнетақы мен басқа да төлемдерге 5% көлемінде ақша қосылады. Сосын әрине, жетіспеушілік пайда болады. Статагенттігі дұрыс мәліметтер көрсету керек.

Заңсыздық пен жемқорлық та қымбатшылыққа әсер етеді. Қымбатшылықты қадағалауы тиіс антимонопольный комитеттің басшысы миллиардтап пара алып артынан штраф төлеп шыға салса, кім кімді қадағаласын. Қанша жерден нарықтық экономика болса да мемлекет кейбір заттардың бағасын қадағалап отыруы керек. Сосын өзіміз тіс шұқитын таяқшаны Қытайдан, дамбалды Үндістаннан, сіріңкені Ресейден, майканы Өзбекстаннан импорттап отырып қымбатшылық қалай неге болады дейміз-ау. Алдымен өзімізді дайын өніммен қамтамасыз етуіміз керек. Шетелден киім емес станок тасуымыз қажет. Протекционизмді қолдану керек. Отандық өнімге артықшылық беру керек. Өзімізде ештеңе өндірмей наркомандар сияқты шикізаттың бағасына қарап отыра берсек, көрген күніміз осы болмақ», -деп жазады Сабит Рысбаев.

«Соңғы бес жылда көлік екі есе қымбаттады. 2015 жылы автосалонда бағасы 3 млн 900 мың ( полная комплектация) тұрған Хёндэ Елантра 5 жыл жүрілген соң, дәл қазір “Колёса” порталында б/у күйінде 6 млн. теңгеге сатылып жатқан соң, болды ғой. Ал сол кәрістің 2020 жылғы корытосы 9 млн. теңгеге көтеріліп кеткен. Десе де, сатылымда лидерлер сапында...

Көлік жүрілген сайын құнын жоғалтушы еді. Бізде бағасы арта түседі. Оны отандық автокөлік деп сатады ұялмай... Отандық өнім де долларға байлаулы. Абсурды сол.

Негізі көлік нарығын бұл қазақ Балушкин мен Лаврентьевке басыбайлы өткізіп бергелі қашан!? БРК арқылы бюджеттің миллиардтарын бөлдіріп, льготкамен елді алдаусыратып, одан қалса субсидиядан субсидия алып, жырғап отырған автопром иелері бұлар.

Қыстық резина екі есеге қымбаттап, перебортовщиктер аузына келген бағаны айта салғанда, бұл елдің иесі бар ма өзі дейсің кейде», -дейді танымал журналист Ришат Асқарбекұлы.

«Бір ай бұрын ғана жуынатын бөлмені жасатуға арналған заттардың бағасын білу үшін құрылыс дүкеніне барғанмын. Қанша данасы кететінін, қанша ақша болатынын есептетіп кеттім. Сол кезде сатушы алатын заттарымның жалпы сомасы 257 мың теңге болатынын қағазға есептеп жазып берді. Алайда дәл ол кезде ондай ақшам болмай, кеше ғана 300 мың теңгемді қалтама салып, сол дүкенге бардым. Не болды дейсіз ғой? Ақшам жетпеді! Бір ай бұрынғы есептеп берген қағазын көрсетсем, сатушы: «Апай, бұл ескі баға ғой. Қазір әр күн сайын тауарды қымбат бағаға алып жатырмыз» дейді. Бүгінгі есеп бойынша 257 мың теңге емес, 353 мың теңгеге ала алады екенмін! Сұмдық емес пе!? Бір айдың ішінде шеге, кафель сияқты құрылыс заттарының қанша пайызға өскенін бағамдай беріңіз», -дейді шымкенттік мұғалім Айнұр Айдарқызы.

«Қымбаттамаған ештеңе қалмады. Тамақ, киім, шаруашылық заттары бәрі қымбаттады. Баға аспандап кетті. Техникалардың бағасы тіпті, сұмдық. Менің түсінбейтінім, карантин деп көп адам жұмыссыз қалды. Ақшасыз қалды. Соған қарамастан бағаның бұлай шарықтауын қалай түсінуге болады? Үкімет қайда қарап отыр? Коммуналдық қызмет ақысы ғой, ай сайын теңгелеп өсіп жатыр. Өз елінде бидай өсіретін Қазақстанда нан бағасы жүз теңгеден жоғары. Былтыр карантинге дейін үнемдеп жүріп, күніне сүт, нан, айран, сүзбе, алма, көк сөгімді мың теңгеге шақтап алатынмын. Дәл қазір мың теңгеге әрі кетсе, айран мен сүтімді ғана ала аламын. Алатын зейнетақым 48 мың теңге. Мен сияқтылар қаншама! Үкімет қайда қарап отыр деп сұраудан жалықтық. Бұлай кете берсе, алдағы он жылда бұл елде ауру сырқау, ештеңеге жарамайтын адамдар ғана қалатын шығар», -деп күрсінеді зейнеткер Бейбітгүл Асанқызы.

 

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер