1916 жылғы көтеріліс: тыл жұмысшыларының мәселелері

3413
Adyrna.kz Telegram

Кеше Алматы қаласы, Түркісіб ауданындағы №1 балалар кітапханасында «Ұлт-азаттық көтерілістің кіші ошақтары» атауымен дөңгелек үстел өтті. Онда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты,  Еркін Ермұханов тыл жұмысына алынған қазақ шаруалары жөніндегі деректерімен бөлісті. 

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі өткізген бұл жолғы шараға мектеп оқушылары қатысты. Олар тарихшыға көптеген сұрақтар қойып, дөңгелек үстелдің мазмұнды өтуіне  атсалысты. Оқушылардың  маңызды деген сұрақтары мен оларға берілген жауаптарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

s-sobethanqyzy

Айнұр Рахымбаева, оқушы:

- Патшалық Ресей қазақтарды көбіне соғыс ошағына емес, тыл жұмысына тартты дедіңіз, оларға қара жұмыс істегені үшін ақы төленді ме?

Еркін Ермұқанов:

-Тыл жұмысына алынған қандастарымыз Ресейдің түрлі аудандарындағы қара жұмыстарға тартылды. Қара жұмысқа адам алу туралы нұсқауда майданға алынған әр жұмыскердің қыстық-жаздық толық киім, ас сауыты, сайманы болу керек екені айтылған.

Нұсқау бойынша жұмысқа алынатын адамдар әрқайсысы өз болыстарының атымен аталып онға, жүзге, мыңға бөлінді. Оларға он басы, жүз басы, мың басы сайланды. Жұмыскерлердің жанында молдалары, мырзалары, тілмаштары, наншылары, етшілері, шаштаразшылары белгіленді. Мұнан кейін нұсқауда жұмыскерді жіберу, азық беру тәртібі, жұмыскерлердің бастықтарының шеніне қарай белгісі көрсетілді. Жұмыскерлерге белгіленген ақы – күніне бір сом болды. Бұл ақыны жұмысына қарай көбейтуге болады. Жүз басыларға 2 сом, мың басылар мен тілмаштарға 3 сом, молдаларға 2 сом. Тамақтары қазынадан тегін берілді.

t-rkisib-audanyi

Еңлік Сыздықова, оқушы:

- Тыл жұмысына барған жұмыскерлердің ақысын жарытпаған екен, мені олардың әрі қарайғы өмірі қызықтыра бастады. Қысқы киім-кешектерін де өздері алып барыпты, ең болмаса жайлы жерді қоныс етті мекен?

Еркін Ермұқанов:

- Тыл жұмысына алғашқы келіп орналасқандардың үйлері жылы, құрғақ, тұруға жайлы болған. Ал соңғы, кешірек келгендердікі күзгі жауын суықта салынғаннан кейін салынғандықтан дымқыл болған. Соңғы келгендердің бәріне бірдей үй жетпегендіктен, олардың біразы үйлердің шатырларына орналастырылған. Қалғандары шатыр үйлерге қоныстандырылды. Шатырлар су өтпейтін кенептен жасалды. Ол  100-150 кісілік, бұлардың іші де жер үйден суық, дымқыл болған. Ұлт жанашыры Ә.Бөкейханов тыл жұмысына алынғандардың басы қасында болуға, олардың отаршыл әкімшілік өкілдерінен қысым көрмей, елге аман-сау оралулары үшін қызмет етуге жан-жақтағы көзі ашық азаматтарды шақырды.

Еркебұлан Бекқалиұлы, студент:

- Беймәлім өлке, бейтаныс жағдайға тап болған қандастарымыздың барған жеріне бірден бейімделіп кетуі қиын болған шығар,  елге жазған хаттары бар ма?

Еркін Ермұқанов:

- Тыл жұмысындағылардың елге жазған бірнеше хаттары бар . Солардың бірі Омбы уезінен тыл жұмысына барған адамның хатымен таныстырып өтейін.  «Омбы уезінен бірге шыққан 1207 жігіт едік, бұл күнде бәріміз де аманбыз, майданға жақын жерде жұмыс қылып жатырмыз.  Ел-жұрт, ата-ана, құрбы-құрдасқа көп сәлем. Бұл күнде бірге шыққан 1207 жігітті бөліп жіберді, осы арасы бізге ауыр болды, жат жерде туысқаннан артық болып едік. Тамағымыз жаман емес, сонда да қазақ баласы үйренбеген тамақты тамақсына ма, қазақ тамағын сағынамыз... Расын  айтқанда 700 жігіттің көбі ауру, бұлардың нашарларын ауруханаға әкетті. Жұмысқа жарамағандарын елге қайтармақ» деп аяқталады.

Шара соңында кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Советханқызы кітаптар көрмесімен таныстырды. 


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

"АДЫРНА"

Пікірлер