Шымкент қаласында цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жобаларды баяндады.
Әсет Маратұлының айтуынша, пилоттық режимде Тәуке хан даңғылының 3 қиылысында (Қазыбек би, Тәшенов және Дулати көшелерінің қиылысы) жол қозғалысын реттейтін автоматтандырылған бағдаршамдар орнатылды. Интеллектуалды көлік жүйесі (ИТС) қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе қолға алынып отыр.
Осы жұмыстардың нәтижесінде қалада қиылыстардағы көлік қозғалысы тиімділігі 42-48 %-ға артып, кептелістер санының азаюы, өткізу қабілеттілігінің жоғарылауы сынды оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Сонымен қатар жиын барысында «Ақылды аялдамалар» жобасы таныстырылды. Басқарма басшысы осы бағытта ұсыныстарын да жеткізді. Атап айтқанда, әр аялдамада ақпараттық тақта орнату, қоғамдық көліктің GPS трекерлерін 2GIS, Yandex, Open Shymkent қосымшаларымен біріктіру көзделуде. Сондай-ақ, Ә. Әбдіраханов тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлік карталары мен Shymkent Bike велосипед жалға алу жүйесін интеграциялау қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Д.Аманжолұлы.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі көмегімен дайындалды.