«Кувад синдромы» һәм ерлер жүктілігі

5398
Adyrna.kz Telegram

Сіз де «ер адам» және «жүктілік» ұғымдарын біріктіру мүмкін емес деп ойлайсыз ба? Қателесесіз! Психологияда «Кувад синдромы» деп аталатын ерекше термин бар. 

Бұл термин «еркектердің алдамшы жүктілігі» мағынасын білдіреді. Басқаша айтқанда, «Кувад» – ер адам жүктіліктің түрлі белгілерін басынан өткізетін жағдайдың жалпы атауы.

Ол психологиялық аурулардың қатарына жатады. Әдетте «алдамшы жүктілік» тұңғыш баласын күткен 30 жасқа дейінгі болашақ әкелерде жиі кездеседі. Ал кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл синдроммен  кішкентайынан әкесінен алыс болған ер адамдар ауырады екен.

Ер адамдар жүктіліктің қандай белгілерін сезінеді?

Болашақ әкелер алдамшы жүктіліктің төмендегідей физиологиялық белгілерін сезінеді:

- жүрек айну және құсу;

- бел ауруы;

- тәбеттің төмендеуі;

- токсикоз;

- аяқ-қолдың тырысуы;

- тіс ауруы.

Кеуде мен іштің өсуі серек кездеседі.

Психикалық белгілерге  мыналар жатады:

- ұйқысыздық;

- негізсіз қорқыныш;

- көңіл-күйдің жиі өзгеруі;

- апатия;

- мазасыздық және т.б.

Кувад синдромының белгілері көп жағдайда әйел жүктілігінің 3-4 айларында пайда болады.  Әдетте, ер азамат кенеттен симпатикалық жүктілікке шалдыққан кезде, әйел адам жүктіліктің ешқандай белгілерін сезбейді. Қорықпаңыз, бала дүниеге келе саласымен бұл белгілер өздігінен жоғалады.

Синдром қай елдерде жиі кездеседі?

H. Trethowan мен M. A. Conlon келтірген деректерге сүйенетін болсақ, бұл симптомдар жиынтығын еркектердің 11%-ы бастан өткереді. Ал синдромға Тайланд елінің азаматтары жиі шалдығады екен (60%). АҚШ-та еркектердің шамамен 40%-ы, Швецияда 20%-ы ер адамдар үшін таңқаларлық белгілерді байқайды. Қуанышқа орай, мұндай синдроммен ауыратындар біздің елімізде әлі кездескен жоқ.

Емделу жолдары қандай?

Ешқандай дәрі-дәрмек науқасты алдамшы жүктіліктен құтқара алмайды. Ер адам «Кувад» синдромымен ауырған жағдайда, дереу психотерапиялық ем  қабылдауы қажет. Психологтар синдромның жасырын себебін анықтап, онымен күресуге көмектеседі.

«Алдамшы жүктілікті» бақылау үшін ер адам келесі әрекеттерді орындауы керек:

- болашақ ата-аналарға арналған курстарға жазылу;

- отбасына және достарына проблемалары туралы мүмкіндігінше жиі айту;

- жүкті әйелімен сырласып, мазалайтын мәселелерді талқылау;

- арнайы әдебиеттерді оқу.

Кувад синдромы - өте қызықты және ерекше құбылыс. Ең бастысы - ер адам жүкті әйелін мазаламай, сабырлы болуға тырысуы керек.  Бір өкініштісі, ғалымдар күні бүгінге  дейін «алдамшы жүктіліктің» пайда болуының нақты себептерін анықтай алмай келеді.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер