Абайға фантазия

2282
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Абайдан-аманат» концерт спектаклінің онлайн түсірілімі Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының театр сахнасында өтті. Концерт спектакль Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналған бірлескен жобасы. Концерттің телевизиялық жобасын түсірген «Abai.tv» арнасы.

Өнер саласында болмаған тың жоба – Құрманғазы оркестрінің басқа концерттерінен өзгеше, өйткені атаулы жобаға театр актерлері де өз үлестерін қосып,  концерт спектакльді әсерлендіре түскен. Абай әндері мен күйлеріне, жыр жолдарына құрылған жоба бір сәтке Абай әлеміне енуге мүмкіндік береді.

«Абайдан-аманат» концерт спекталінде жас Абайдың ролін жас актер – Ерден Жақсыбеков, Тоғжанды – «Серпер» сыйлығының лауреаты Айда Жантілеуова, Абайдың әжесін – Қазақстан  Республикасының еңбегі сіңген артисі – Лидия Каденова сомдады.

Данияр Базарқұлов: (Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, жобаның режиссері)

- Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен Құрманғазы атындағы оркестрі және Ғ.Мүсірепов атындағы театрмен бірлескен «Абайдан-аманат» жобасын жасап жатырмыз. Бұл іс-шара тікелей Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналады. Абай атамызға тағзым, жастарға аманат ретінде сахналанып отыр. Концерт-спектакльдің жанрын – Абайға фантазия деп қойдым. Себебі өзіміздің көзімізбен Абайды қалай көреміз, соны сахнаға шығаруға тырыстым. Яғни Абайға бала көзімен қарау. Алғашқы сахнада бала сахнаға шығып Абайдың өлеңін оқиды. Сол сәтте Абай әлеміне қиял-ғажайып арқылы еніп кетеді. Концерт-спектакль сонысымен ерекше. Келесі сахна жас Абайдың шабыттанған кезі, Тоғжанға ғашық болған сәтіне ауысады. Ғашығымен кездесуі, оған ән арнауы мұның бәрі режиссерлік фантазия. Одан кейін әжесі Зереге еркелеуі, оны жақсы көруі, әжесінің Абайға деген махаббаты көрсетіледі.  Және де  Абайдың Біржан салмен кездескен сәтін осы концерт-спектакльден көруге болады.

Медет Қуанышев: (Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры)

- Мемлекет басшысының жарлығымен биылғы жылдың «Абай жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министлігінің қолдауымен екі өнер ұжымы «Абайдан-аманат» қойылымын сахнаға шығарды. Қойылым телевизиялық жобасын «Abai.tv» арнасы түсіріп жатыр. Концерт-спектальде Абайдың бала кезінен қартайған сәтіне дейін көрсетіледі. Қойылымды Құрманғазы оркестрі жанды дыбыспен сүйемелдейді. Дирижер, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері, Мемлекетік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты – Абылай Тілерберген. Телевизиялық түсірілімді жақын арада «Abai.tv» арнасынан көрермен қауымға онлайн форматта ұсынамыз. Сонымен қатар екі өнер ұжымының әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы көрсетіледі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтып өткен болатын. Осы орайда Абай мұрасының, Абай шығармашылығының тигізер үлесі зор деп есептеймін. Сондықтан «Абайдан-аманат» концерт-спекталінің маңызы ерекше болмақ.

 

Құрманғазы оркестрінің баспасөз

қызметі

Пікірлер