Рухани жаңғыру - ұлттық құндылықтарға сүйіну, ұлтсыздыққа күйіну

2648
Adyrna.kz Telegram

Адам өсе келе өзінің тегі туралы терең ойланады, ізденеді. Ұлт та тірі организм. Оның да эмбриондық, бастапқы дәуірі, жұмыртқадан жарып шыққан балапандай кезеңі, тіпті кейбір ғалымдардың айтуынша ұлттың тарихи өлшеммен өмір жасы, (әрине, көбіне ұсақ ұлттарға байланысты), даму жолдары мен жады, әл-ауқаты мен сырқаты, тағдыры, күш-қайратының асып-тасуы, құлшынысы мен әлсіреуі, қайта жаңарып, асқақтайтын заманы болады. Ал еврей халқының ұлттың болашағы туралы мынадай бір өлшемі бар. Егер ұлттың 18 жасқа дейінгі жастарының 40% ана тілінде сөйлесе, ол ұлттың 40 жыл өмірі бар, ана тілін меңгерген жастардың саны өскен не азайған сайын ұлттың жасы өсе не азая береді.

Адамды ұлтымен тілімен қатар, мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты мен тарихы байланыстырады. Тіпті құпия көзге көрінбейтін биоэнергетикалық байланыстарының да дәнекер болатынын генетик мамандар дәлелдеген. Ғылымда бұл ағымды примордиализм дейді. Біздің шет елдердегі қазақтарды қандастарымыз деуіміз орынды.

Ұлттық сананы кейде сыртқы факторларда оятады. «Егер немістер соғыс жариялап, жерімізге басып кірмесе, біз орыс екенімізді сезбес едік,» - дейді кейбір орыстар. «Егер антисемитизм болмаса, бізді қудаламаса, біз еврей екенімізді сезбес едік,» - дейді еврейлер. Егер Мәскеу қазақты менсінбей, бір щүрегейге Қазақстанды басқаруға бермесе, қазақтардың бір қатарының намысы оянбас та еді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап біздің көз алдымызда іргелі таңқалдырарлықтай этносаяси құбылыстар басталды, ғасыр соңында ең соңғы империя КСРО ыдырады. Қираған империя жаңа мемлекеттерге бөлініп,  дербес ішкі және сыртқы саясат ұстануға тырысты, отарланған ұлттар өзін басқа көзбен тани бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басты идеясы – өткенді танып, әспеттей отырып, құндылықтарға сүйеніп бүгінгі заманның мәнісін ұғыну. Мақала алпауыт ғалымдармен, жазушылардың еңбектерінің рухани мәнін жүйелеген.

Ежелгі материалдық және рухани құндылықтар «түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге» мүмкіндік туғызады. Қазақ және басқа да түркі халықтарының рухани болмысының ортақтығын көрсетеді. Мақала ғылыми ізденістерге, пікір-таластарға, әсіресе, еуропацентристік, ресейцентристік авторлар жағынан да әртүрлі көзқарастар туғызады. Ішкі өмірімізде мақала елдің, қазақ халқының рухани бірлігіне, тұтастығына, ұлттық тәрбиеге қызмет ететіні сөзсіз.

Дегенмен, бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұстары ойландырмай қоймайды.  Ең бастысы науқаншылық, осы маңызды іске үстіртін қарау. Мақала жариялаған күні, тіпті танысып үлгермей сұхбаттар алынып, жиналыстар өткізілді, бұқара халық қолдап санаға сіңіруде дегендей хабарлар таратып, есептер беріліп, тез шаралар қабылданды. Осылай желпініп, бәрі болғандай ахуал қалыптасты.

Жеңіл-желпі әрекеттердің терең себептері бар. Егер әлеуметтану тұрғысынан келсек, халық деген біртекті емес. Еліміз қазақтарын үш буынға бөлуге болады: аға буын, орта буын, жас буын. Алдыңғы екі буын кеңес тәрбиесінен де өткендер, олардың бірқатарына екіжүзділік те тән болды. Мемлекеттік саясатты сөз жүзінде қолдап, жеке қара басының жағдайын, табысын, әл-ауқатын ойлайтын, ішкі есептен, ішкі өз психологиясымен жүретіндер. Жоғарыдан айтылған елдік саясаты қолдау, мақтау, сол арқылы жақсы болып көріну. Рухани жаңғыру ұлттық рухы жоғары азаматтардың азаюына алаңдаушылықтан да туып отырғаны белгілі.

Екінші жағынан, аға ұрпақтар бойында советтік интернационализм, ұлтсыздықтың да іздері бар. Интернационализм адамдарды бірлікке, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бірақ бауырмалдық, туысқандық ниет тек таптық негізде ғана болуына артықшылық беріп, ұлттық құндылықтарға кемшілік мән береді.

Марксистер түбінде ұлттардың бір-біріне сіңісіп, тұтас еңбекшілер қауымдастығына айналатынына сенді. Ал жетекші күш жұмысшы табы болды, пролетариат үстемдігі сан жағынан жұмысшылары басым орыс халқына ауысты. Астамшылдық орыс еместерді ұлттық санадан айыра бастады. Ұлтсыздық қалыпты жағдайға айнала бастады. Естелік жазушылар айтуы бойынша, И.Сталин өзінің грузин ұлтын, өзінің туған жерін шексіз сүйсе де, ұлты әңгіме бола қалса беті тыжырайып қалады екен. Ал Л.Тройцкиге оның еврей тегін (Бронштейн) екенін еске салса болды ашу шақырады екен. Бронштейндер Ресейде белгілі дворяндар В.И.Ленинмен кейінгі екінші тұлға Л.Тройцкийге сион ақсақалдарының делегациясы келіп, «террормен қызыға бермеңіз, бәсеңдеу болыңыз, ертең сенің осы істерің үшін совет үкіметінен емес, біздерден, еврейлерден өш алады» десе, революцияның жынды көсемі «менің ұлтым – интернационалист, ұсақ-түйекпен айналыспаймын,» - деп айқай салыпты.

Бірте-бірте орыс комунист басшыларының солақай ұлттық саясаты, коммунистердің озбырлығы туралы ақпараттар Кремльге ағылып келіп жатады. Сонда тісі ауырып жатқан В.И.Ленин: «Ұлы орыстық шовинизмге өліспей беріспеймін, соғыс жариялаймын - Ауру тісімнен құтылсымен –ақ, оны бар сау тістеріммен жеп қоямын.» - депті. (Шығармалар толық жинағы, 45 том, 241 бет.)

Дегенмен В.И.Ленин шовинизмді тек орыс ұлтының мүддесі тұрғысынан ғана сынады. Бұл ұрдажық, тұрпайы саясат орыс халқының соры болатынын, бұлай бола берсе Кеңес Одағының болашағы бұлдыр екеніне күйзелді. Ол дөрекілікті орыс коммунистерінен ғана емес, өрескел орысшыл ұлттық «интернационалистерден» де сақтандырды, тіпті орыстан гөрі орыстанғандар қауіпті деді. Бірақ сананы ұлтсыздандыру тоқтамады, бірнеше ұрпақ нигилизм идеологиясының ықпалында тәрбиеленді, тілдері орыстанды, ұлттық тілдер орыс сөздері араласқан басқа бір жаңа тілге айналды.

Украиндықтар оны «сүржик» десе, біздер шұбарланған тіл дейміз. Тіл тазалығы үшін Украинада бүгін жанталасып күресіп жатыр. Ал біздің қазақтар кейде украиндықтарды ана тілінде сөйлегені үшін «националист» деп сынап жатады.

Генералсимус И.Сталин 1945 ж. жеңіс парадына арналған банкетте орыс халқының құрметіне арнап тост көтерді. Батыс тарихшылары осы біржақты құрмет орыстардың астамшылдығын, ұлы орыс шовинизмін кейінгі жылдары онан әрі асқындырып, басқа халықтарды мерейін төмендетіп, орыстандыру саясатын күшейтті деп орынды сынады.

Бүгін оорыс емес халықтардың 1941-1945 соғыс жылдарындағы ерлігіне күмән тұрғызу жайылып барады. Кейбір тарихшылар мен журналистер бір «заңдылық» ашыпты: егер рота батальон, полк құрамының басым көпшілігі орыстар болғанда ғана орыстардың бұйрығымен орыс еместер ерлік көрсеткен.

Ұлыдержавалық астамшылықтың бетін қайтару әзірге мүмкін емес. Дегенмен Кеңес Одағының күйреуінен шамалы болса да сабақ алған сияқты. Ресей Федерациясының гимнінің сөзінің авторы Сергей Михалков жаңа мәтінінде Кеңес Одағының гимнін көп өзгертпеген, тек «великая Русь» деген тіркесті алып тастаған. «Неге?» деген сауалға «Басқаларды ренжітіп алмайық деп ойладық» - депті.

Барлық отарланған елдерде психологиялық тұрғыдан күрделі ахуал қалыптасады. Этнопсихология ілімінде оны «екі жақты» сана делінеді. Отарлаушы билік (тұтастай ұлт емес) тәуелді елдерде өздерін жарты құдай, өз айтқандарын істетеді, бағынышты ұлтқа да өздерінеде беретін бағаны ақиқат деп қабылдайды, өз тілін, мәдениетін, дәстүрін, кейде дінін де таңады. Отарланған, ұлт өкілдері әртүрлі деңгейде айтқандарын екі етпейді, тілін, мәдениетін, дәстүрін, көзқарасын қолдай да алмайды, осылай күн көреді, отарлаушы ұлттың маскасын киеді. Астамшылық ресми саясатқа айналды, оған тіпті киелі мән береді. Ол саясатқа қарсыларды сатқындар деп жазалайды. Желтоқсан көтерісшілерін күрекпен ұрып, итке талатқанды мақұлдағандар, егер Қызыл алаңға фашистер шықса осылай аямас едік деді.

Устемдік осылай дәріптеліп, ұлттың рухани коды-тілін әлсіретуді мақсат етті. Өзін менсінбеумен бетпе-бет келіп, кемсіту азабын тартқан қазақ ұлтында да қарсылық, ұлттық патриотизм туды, жүйкесі тозып, өз ұлттық құндылықтарынан айырылып қалмаудың қамын ойлады. Бұл психология Желтоқсан көтерісшілеріне, олармен ниеттес, тілектес қазақтарға тән болды.

Сонымен бірге ұлттық конформизм терең қазақтардың бойына сіңді. Отарлаушылардың қысымына көнгіш, икемді, тілін, дәстүрін қабылдағыш, бірте-бірте олардың сойылын соғып, өз ұлттық мүддесінен алыстаған үлкен ұлттық топ өмірге келді. Ұлттық конформизм әсіресе партия, совет қызметкерлеріне, қоғамтанушы ғалымдарға тән болды. Орталық билік қазақтар арасынан олардың сөзін сөйлейтін, тапсырмасын бұлжытпай орындайтын, отаршылдықты жақтайтын интеллигенцияның бірнеше ұрпақтарын тәрбиеледі. Қожа ұлттың бюрократиясының алдында жағымпаздық танытып, қазақтар жарысып бірін-бірі «националист», «рушыл» деп кінәлады.

Ұлттық патриотизм мен ұлттық конформизм («тек жүрсең, тоқ жүресің») этнопсихолық  ұстанымдар арасында екі ойда болып, солқылдақ қазақтар да аз болмады. Санаға сіңген интернационализм идеологиясы да тежеді. Айдаһардай ысқырған империя бәрібір ырқына көндіреді деушілер болды.

Сонымен бірге Қазақстан ұлттар мыйдай аралысып, бір-бірімен сіңісіп, ассимиляцияға ұшыраған аймақ еді. Оны ресми идеология интеграция, халықтар достығы деп бағалағанмен, әсіресе, өз елінде азшылыққа ұшыраған қазақтар ұлтсызданды.

Тәуелсіздік заманында халық талай жағдайды ой елегінен өткізді, дегенмен рухани салада әлі де пәрменсізбіз. Жаңа қалалар салынды, ел жаңарды, сонымен бірге сананың жаңаруы баяу. Жалпы қоғамдық сананың дамуында сабақтастық заңдылығы да бар, өткенді санадан сылып тастау мүмкін емес. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағымымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сондай-ақ сыртқы ықпал да бар. Орыс бұқаралық мәдениеті мен орыс тілі арқылы қазақтарды орыс идеология аясынан шығармау, тәуелсіздікті құнсыздандыру мақсаты бүгін өткір. Ресей бұқаралық ақпараттық құралдарында Ресей басшыларының тәуелсіздік алған Қазақстан сияқты мемлекеттерді тәуелсіздік мерекесімен құттықтау бір аяғынан айырылып, енді бір аяғыма ғана аяқ киім аламын деп өзін жұбатқан адаммен бірдей деп сынайды. Себебі ол елдерді тәуелсіздікпен құттықтау тарихымызға көлеңке түсіреді,  олардың тәуелді болғанын мойындаумен бірдей деп есептейді. Олар тәуелді емес еді, украиндықтар, қазақтар, басқалар өздері Ресейге сұранып қосылды, Рессей оларға оркениет жетістіктерін әкелді, ағартушылық парызын орындады делінеді. Ал Африка елдерін тәуелсіздік мерекесімен құттықтау орынды, себебі еуропалықтар әуелі оларды күшпен басып алды, кейін мемлекеттігінен айырды, ұзақ уақыт байлығын тонады.

Ұлтсызданудың өмірдің рухани саласында көрінісі алуан түрлі және ұлтсыздық еліміздің этнорухани ахуалына өзінің жағымсыз ықпалын тигізеді. Бір кездері әкімшілік экспериментті қолдап, қазақстандық азаматтардың паспортына ұлтын көрсетпеу мақұлданды. Бір қарағанда паспорт деген адамның азаматтығын ғана көрсетеді, ал ұлттығы санасында. Бірақ ұлттық сана терең орнықпаған, тілі, мәдениеті, ақпараттық пәрмені әлсіз этноәлеуметтік ортада бұл эксперимент нигилистік ұстанымға жетеледі.

Қазіргі жаһандану заманында ұлт деген адамдардың өзгеріп тұратын шартты қауымдастығы, адамдар отбасын, ұлтын, дінін отанын өзгерте береді деген конструктивтік теория кеңінен таралуда. Егер қазақ басқа тілде сөйлесе, сол тілдегі әдебиетті оқыса, басқа ұлттық тағамын дайындап үйренсе, ол байырғы ұлтынан басқа ұлтқа ауысады. Орысша сөйлеп, Л.Толстойды оқып, борщ пісірсе орыс болмағанда кім болады дейтіндер де бар. Сондықтан паспортта ұлтты көрсету, ұлттық тек, құндылық маңызды емес дейтіндер көбейді. Осылай Франция, Германия, Ұлыбритания, Түркия (олар отарлаушы елдер) мемлекеттері сияқты азаматтық қоғамға жетеміз деген жалған үміт жетегінде кетіп қалдық.

Шындығында өмірдің барлық саласында ұлттық ерекшеліктерді ескеру, этникалық әдепті (этика) сақтау – руханилықтың бір көрінісі. Сондықтан да халық санағында этникалық статистика қатар жүреді. «Мен қазақпын, қазақ болғаныма мақтанамын, басқа ұлттың өкілі болсам да осылай мақтанар едім», - дейді қазақ жігіті. Еліміздегі этникалық қауымдастықтарының өкілдерінің саны аз болған сайын намысы зор, тілі, дәстүрлерін, мәдениетін сақтайды, этномәдени бірлестік құру үшін де олардың саны керек.

Күнделікті өмірде, әсіресе, диаспора өкілдері кадрлардың ұлттық құралына назар аударады және ол көңілдерінен кейде шыға да бермейтіні белгілі. Бұл жағдайды кадрлардың мемлекеттік тілді меңгеруімен байланысты десек, тілді меңгермеген қазақтар да бар, ал мемлекеттік тілді меңгерген диаспора өкілдері мемлекеттік қызметке тартыла бермейді. Мемлекеттік қызметке тағайындағанда аймақтардың этнодемографиялық ерекшеліктері де ескерілуі жөн, ол да қынжылыс туғызады. Ал қазақтар болса, қазақ шенеуніктерінің мемлекеттік меңгермегеніне тағы да қынжылыс білдіреді. Ұлтсыздық осылай мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді. Ұлт мәселесі тек қазақтардың мәселесі емес.  Ұлт саясатына байланысты мәселелерге диаспора өкілдерін көбірек тарту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды басшылық қызметке де араластыру қажет. Тағы да да бір нәзік мәселе бар. Бірқатар жағдайда ресейліктер біздің ішкі ұлт мәселемізге араласып, ұлтаралық қатынастарды шиеленістіруге тырысады. Осындай тұста жауапты қазақтардан гөрі диаспора өкілдері мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар бергені тиімді.

Ғасырлар бойы қалыптасқан еліміздегі ұлтаралық келісім тәжірибесі, келісім мәдениеті мен тәрбие қазақстандықтардың мінезін ұстамдылыққа бейімдеді, дау-дамайдың алдын алуға, кешірімділікке икемдеді.

Дегенмен ұлтаралық қатынастарға «ұлттық», «ұлтшылдық», «ұлтшыл», «ұлтсыздық»  ұғымдарын түсінбеушілік те жағымсыз әсер етеді. Кеңес әдебиетінде «ұлтықты» сөз жүзінде болса да ұлттық құндылықтар десе, ал «ұлтшылдық» асқынған, менмендік, астамшыл сана делініп, сау организм мен дертке шалдыққан ауру организмге теңеді. Бірақ олардың араларын байыптап анықтамай, ұлттық мүддені ұлтшылдыққа саясатын тұстары жеткілікті болды. Бүгінде де солай. Еуропалық этносаясатта «ұлтшыл», «ұлтшылдық» ұғымдары жағымды да, жағымсыз да емес, нақты жағдайға байланысты анықталады. Фашист те ұлтшыл, астамшыл неміс дертіне шалдыққандар, олармен күрескен елін қорғаған халық та ұлтшыл. Ұлтшылдық бұл мәнінде патриотизммен синоним. Мына сөздерге назар аударалық «Национальная элита должна быть националистична. Не просто патриотична, а именно насционалистична. Жеке көшбасшы тұлғалардың перзенттік парызы туралы жазылған бұл пікірмен келісу жөн. Она должна любить свой народ, думать о нем. Представитель национальной элиты не может рано или поздно не осознать, что национальная солидарность представляет ни с чем не сравнимый ресурс в конкурентной борьбе. Возьмите представителя английской элиты. Это английский националист. Возьмите представителя еврейской элиты. Это еврейский националист. Возьмите представителя  казахской элиты. Это казахский националист. Это не случйность, а закономерность. Естественный национализм – любовь к своему народу, забота о нём –это свойство настоящей элиты» («Литературная газета» 22-28 мая, 2013ж.).

Ұлтсыздық, немесе, нигилизм космополитизмнен егіз. Космополитизм астамшылдық, нигилизмнен, ұлттық кемсітушілікпен ұштасады. Космополитизм ұлтсыздану үрдісіне күш–қуат беріп, жаһандану заңдылықтарымен нигилизмді  негіздейді.

Глобализм, әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін өзара икемділігін санаға сіңіреді. Шындығында бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, әр түрлі, әр текті ұлттық, діни, саяси мүдделердің ықпалдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ, жаһандану қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі, екі жақты құбылыс. Оның төңірегінде бүгін екіұдай пікір қалыптасып отыр. Қазақстан интеллигенциясының бір тобы, олар көп емес, әсіресе, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлттық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық мүддені жоғары бағалайтындар, оларды, шүкір, бүгін басымдық топ деуге болар. Бұл екіге жарылу Батыста да, Шығыста да, ұлттық, діни қауымдастықтар алыс–беріске, байланысқа қарсы емес, тек рухани үстемділікке қарсы. Еуроодақ елдері америкалық киноларға шек қояды. Әсіресе, француздар америкалық, басқа да шет ел музыкасына, әртистердің ағылып келуіне оларға ұлттық өнер иелерінен артық еңбекақы төлеуге, шет елдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгіледі. Француздарды басқа еуропалықтар елдіктер ұлтшыл деп айыптаса да, ұлттық құндылықтарын бәрінен де жоғары қояды. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу, ол өз мәдениетін төмендетіп, басқаны қаржыландыру, қолдау деген сөз. Ал кино мен театр ол идеология, ұлттың мінез–құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді.

Ұлтсыздықтан арылу, ұлттың биік мерейі оның болашағына сенумен байланысты.Жан–жақты бәсекелестікке түскен қазақ елінің ұпайы түгел болар ма екен деген сауал көп қазақтың көкейінде. Мемлекеттер қарым–қатынасы әрдайым әділ, өзара сыйластыққа негізделе бермейді, біржақты үстемдікте орын алатын жағдайлар баршылық. Қайшылықтар тіпті, ымыраға келмейтін қайшылықтар, барлығы белгілі: бір жақ ұлттық мүдделерді қолдаса, екінші жақ, қарама–қарсы, ұлттан жоғары сырт мемлекеттердің мүддесін қорғайды. Осы тұста қайшылықтарды еңсеру, ортақ шешімге келу, келісу, келістіру, өзгені де ойлау, ұтылыста қалмау саяси шеберлікті, терең талдауды қажет етеді. Күтпеген, төтенше жағдайлар да айқын, күмәнсіз шешім қабылдауды талап етеді. Өзара тәуелділік, экономикалық одақтарға кіру, ұлттық мүддеге нұқсан келетін тұста олардан шығудың да жолдарын мемлекеттер ойластырады.

«Мен бір рет айттым, тағы да қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата – бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» – деді Н.Назарбаев.

Ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарау, талғамсыздық, ұлттық құндылықтарды менсінбеу, селқостық және оны сезінбеу ұлтсыздықты бойға сіңіре береді. Бүгін жалған руханилық, ұлттық мүдделерді сыйлаған болу, тіпті мүсіркеу, ұлтшыл болып көріну де кездеседі. Көпұлтымыз деп басқалардың қасы мен қабағына қарау да ұлт намысын түсіреді.

Конфуций он атадан соң не боларын болжау мүмкін бе деген сауалға, дәстүр–салтқа жүгінсе, сүйінсе, ұлттық болашағын сеніммен байыптауына болады деген. Ал бөтеннің аруағына табынған жарымсақ елдің ісі. Басқаның ақылымен жүру оның тілін, мәдениетін қабылдауға үйретеді, ұлтқа пәле әкеледі. Дәстүрлі наным-сенім, ұлттық құндылықтар – ұлттықтың темірқазығы.

Ұлтсыздық, бір жағынан, отарланған ұлтқа тән көнгіш, жалтақ, еліктегіш психологияның салдары. Екінші жағынан, ұлт мерейінің төмендігі қазақ тек рухани жағынан қалжыраған жоқ, әлеуметтік, технологиялық, ғылыми жағынан әлеунеті әлі де жетілдіру жолында. Қазақ отарланған халқының ұлт ретінде жағдайын саралайтын, оның мәдениетін, тілін, демографиялық ахуалын, өмір деңгейін, жұмыспен қамтылуын, көші-қонын, тіпті қылмыстығын талдайтын бүгін қажеттілік бар. Басқа мемлекеттердің бірқатарында салыстырмалы этникалық статистика жүргізіледі. Рухани жаңғыру – саяси белсінділік, ұлт мақсатындағы әлеуметтік – экономикалық жаңарумен қатар жүреді.

 

Амангелді Әбдірахманұлы Айталы,

философия ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Пікірлер