Кәсіподақтар сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыспақ

2390
Adyrna.kz Telegram

Парламент мәжілісі сайлауына кәсіподақтар тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысуға ниетті. Бұл туралы бүгін, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы – Айгүл Есекенова БҚО кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің отырысында айтып өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 қараша күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары – Мұхтар Тінікеев баспасөздегі мәлімдемесінде Қазақстан Республикасындағы ең ірі қоғамдық бірлестік ретінде Кәсіподақтар Федерациясы маңызды ішкі саяси процестерден тыс қалмайтынын, сондықтан Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына елдің сайлау заңнамасының барлық нормаларының сақталуын байқаушы ретінде қатысуға ниетті екендігін жеткізген болатын.

Биыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы еліміздің жетекші саяси ұйымы -«Nur Otan» партиясымен бірге өзара әріптестік меморандумына қол қойып, жыл басынан бері бірлескен іс-шараларды атқарып келеді. ҚРКФ өз кезегінде саяси партияның сайлау тарихында алғаш рет орын алып жатқан праймеризге белсенді қатысып, көбірек еңбек адамының елдің саяси дамуы жолында ықпал етіп, үлес қосуына жағдай жасады. Сонымен қатар, бұл белсенділікті әрі қарай жалғастыруға бел буып, 2021 жылдың 10 қаңтары күні өтетін сайлауға Бақылаушы ретінде қатыспақшы.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар ұйымдарының атынан 200-ге жуық еңбек адамы сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысуға ниетті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер